Қызылордадағы өңірлік коммуникациялық орталығында брифинг өтіп, мамандар Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытындағы шаралар туралы баяндады.
Биыл осы дерт шығуы мүмкін деген 106 елді мекен анықталып, қазір олардағы тұрғын үй аумақтары мен мал қораларына кенеге қарсы «Креолин Х» ерітіндісі қолданылып отыр. Облыс әкімі аппаратының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Бауыржан Садықовтың айтуынша, көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының орташа тиімділік көрсеткіші 97,2 пайызды құраған.
Жаңағы елді мекендерде 556 мың мал басы бар. Оның 117 мыңына препараттар егіліп, ауруға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Облыстық ветеринария басқармасы жұмсалатын препараттарды жоспарға сәйкес алдыртып, кезең-кезеңімен аудандарға жөнелтіп жатыр.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, улаудан ада-күде кете қоймайтын кененің өршитін уақыты маусым мен шілде. Қазір қолайсыз деп танылған елді мекендерден басқа аумақтарда да қауіпті аурудың алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде. Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының зертханасында 2 917 кене сынамасы зерттеліп, жұқпалылық көрсеткіші 6,5% болды.
Брифингте зиянкестерді болдырмауда кесе көлденең тұратын мәселелер де айтылмай қалмады. Мысалы, жәндіктерді улау үшін тендерді жұмылдыру басқармасы өткізеді. Арнайы құрылған жұмыс тобы мердігер жұмысына дезинфекция кезінде тек мониторинг жасай алады. Тексеру жасауға ешқайсысының құзыреті жоқ. Ал оның зардабын бүгінгідей жағдай ушыға қалғанда жауапкершілікті кімнен сұрарын білмеген ел тартып жатады.
Соңғы жылдары осы мәселені көтеріп келе жатқан мамандар проблеманың шешімі зиянкестерді улауды жергілікті ветеринария басқармасына беру екендігін айтады. Бұл жұмысты оңай әрі жедел ұйымдастыруға мүмкіндік беретін еді. Бірақ бұл үкіметтік деңгейде шешілетін мәселе.
Әйтеуір, биыл Сырдың бойын осы қансорғыш алабөтен буып тұр. Тоғызыншы шілде күні кене шаққан тағы бір тұрғын көз жұмды. Отыз екі жастағы бұл азамат та Шиелі ауданының тұрғыны. Бұл – осы жылы облыста улы жәндіктің құрбанына айналған үшінші адам.
Осымен тоқтаса екен...
ҚЫЗЫЛОРДА