Қазірде жергілікті сауда желілеріндегі өнімнің 80%-ға жуығы – импорттық. Тап мұны отандық өндіруші үшін жасалған жағдай деп айта алмасымыз анық. Ал бұл дегеніңіз – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де, тұтынушының мүддесіне де қайшы келетіндей жағдай. Осыған байланысты салалық одақтар мен тамақ өндірушілер қауымдастығының өкілдері ішкі нарықта отандық өнімді өткізуге кедергі келтіріп отырған проблемаларды нұсқап көрсетті.
Барлық дамыған ел өз фермерлері мен өндірушілерінің мүдделерін қорғап, бірінші орынға қояды. Ал бізде отандық өндірушінің нарық қатынасындағы жағдайы әу бастан дұрыс қалыптаспаған. Сауда желілері басқа қатысушыларға өз еркін білдіретін монополияға айналып, отандық өнім мен импорттық өнімге қатысты теңсіз ережелер орныққан. Отандық тамақ өнімдерін бөлшек саудаға өткізудегі сыни жағдайды жуырда сала мамандары Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетімен және «Amanat» партиясының агроөнеркәсіптік кешен бойынша кеңесімен бірлесіп талқылаған болатын.
Бизнес-қауымдастық өкілдерінің айтуынша, сауда желілері өндірушілердің тауарларын барынша арзан бағамен алуға бейіл. Мұндай көзқарасты өз ыңғайына қарай пайдаланған шетелдік компаниялар сапасы күмәнді өнімдерін төмен бағамен елімізге тоғытып жатыр. Салдарынан дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлардың үлесі жылдан-жылға азайып барады. Осыдан кейін өз өндірісіміздің көлемі қысқарып, көптеген кәсіпорынның қуаты жартылай ғана жүктелуде. Ал арзан, сапасыз өнімдерді үнемі тұтыну ел тұрғындарының денсаулығына теріс әсер ететіні айтпаса да белгілі.
Мәселен, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының сауда желілерінде импорттық азық-түлік өнімдері көбейген. Жергілікті шағын кәсіпорындар сапалы өнім шығаруға бағыт ұстанғандықтан, сауда желілері үшін өнімді көрші елдердің ірі өндірушілерінен ең төмен бағамен үлкен көлемде сатып алу тиімдірек. Мұндай жағдайда жергілікті өндірушілер өндіріс көлемін азайтуға, жұмыс орындарын қысқартуға және тіпті нарықтан кетуге мәжбүр. Өңірдегі ет өңдеумен айналысатын 15 кәсіпорынның 7-нің банкротқа ұшырауына осы проблема себеп болған.
Азық-түліктің 80%-ын импорт құрағандықтан, сауда сөрелерінде отандық өнімге орын қалмайды. Қазақстан Сүт одағының директоры Владимир Кожевниковтің айтуынша, жергілікті өндірушілердің өнімі барлық өкілетті органдардың қатаң бақылауында болса, импорттық азық-түлік зертханаларда алғаш әкелінген кезде ғана тексеріледі. Одан кейін үш жыл бойы әкелуге рұқсат. Мұндай іс-қимыл нарықта адал бәсекелестіктің болмауына байланысты қалыптасып отырғандықтан, сауда-саттық желілерінің қызметін мемлекеттік деңгейде реттеу маңызды.
Қазақстан Құс өсірушілер одағының вице-президенті Бақыт Қосшығұлованың пікірінше, сауда желілерінің жұмысын реттеуде дамыған елдерде жасалғандай «сауда үстемесі» ұғымын ғана қалдыру керек. «Біз ретробонус, басқа да бонус түрлерін білдіретін, сауда компаниясының мүддесі үшін жеткізуші тарапынан қосымша қызметтер төлеуді көздейтін «сыйақы» ұғымын Сауда қызметі туралы заңнан алып тастау қажет деп есептейміз. Сауда желілеріне отандық өндірушілерден ретробонустар алуға, жеткізілетін тауарға қосымша қызметтер немесе жеңілдіктер, қолданыстағы прайс-парақтан сатып алу бағасына жеңілдіктер талап етуге тыйым салу қажет», дейді ол.
Қазіргі уақытта сауда желілері пост-төлем бойынша қолайсыз шарттарды белгілеген. Салалық одақ өкілдері төлемді кейінге қалдыру түріндегі тәжірибеден бас тарту қажет деп санайды. Мәселен, өндіруші өнім шығарумен қатар, оны өздері жеткізеді, салық, қызметкерлердің жалақысын төлеу үшін жеткілікті қаражат қажет. Ал желі сатылған тауарға ақша төлеуді бірнеше айға дейін кешіктіріп, өндірушіні айналым капиталынан айыруы мүмкін. Бұған қоса супермаркеттер импорттық өнімді сатып алып, оған өз брендін қояды да, отандық өнім ретінде сатады.
Қазақстан Ет одағының басқарушы директоры Әсем Әбдірімованың айтуынша, жаңа салық кодексін әзірлеу барысында мамандар сауда желілері салық салудың тиімділігіне байланысты импорттаушылармен белсенді жұмыс істеп жатқанына назар аударған. Өндірушілер Ұлттық экономика министрлігінен осы мәселені пысықтауды сұрайды. Бұл ретте не бастапқы ҚҚС-ты ішінара субсидиялау, не сауда желілеріне отандық өндірушімен жұмыс істеу ыңғайлы және тиімді болуы үшін осы аспектіні басқаша пысықтау қажет.
Сонымен қатар кездесу барысында өндірушілер «Қазақстанда жасалған» ұлттық бағдарламасын әзірлеушілердің сапасыз пысықтауына шағымданды. Мәселен, барлық талқылаулар тиісті дайындықсыз онлайн режімінде өтеді, бұл ретте салалық одақтар мен өндірушілер қауымдастықтары тарапынан ұсыныстар еш жерде тіркелмейді. Шенеуніктердің осындай жауапсыз тәсілінің нәтижесінде стратегиялық маңызы бар бағдарламада отандық өндірісті қолдау бойынша нақты шаралардан жалаң сөз басым. Ал жергілікті өндірушіні қорғайтын мемлекеттік реттеу шараларын енгізу, нормативтік құжаттарда сауда желілерінде өзіміздің өнімдер үшін басым жағдайларды бекіту, сондай-ақ отандық азық-түлік өнімдерін жылжыту мен танымал етуге сауда желілерін тартуға бағытталған мемлекеттік қолдау мәселелерін жүйелі түрде шешу керек. Сәйкесінше, еліміздің әрбір азаматы өз өнімдерімізді сатып алудың артықшылығын, өз экономикамызды қолдаудың маңыздылығын терең түсінуге тиіс.
Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі, «Amanat» партиясының АӨК жөніндегі кеңесінің басшысы Нұржан Әшімбетов сауда желілері өз мүдделері үшін пайдаланатын нарықтағы жағдай өз уақытында өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, тиісті түрде реттелмегенін, енді бұл кемшіліктерді түбегейлі түзету қажеттігін алға тартты.
Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Парламентте Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңды әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылатынын, оған салалық өндірістік қауымдастықтардың өкілдері де кіретінін айтты. Бір сөзбен айтқанда, сауда сөрелерінде импорттың негізсіз үстемдігіне қатысты барлық мәселе шешілуге тиіс. Бұл ретте жағдайды мамандардың өз аузынан естіп, саланың тыныс-тіршілігіне жете мән берудің маңызы бөлек.