Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды.
Министр Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ғимаратында өңір жұртшылығымен кездесті. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде министрліктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтарды қабылдады.
Бағдат Мусин әуелі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен бірге өңірлік Jaiq-Hub кеңсесінде болған еді. Министрдің келуімен орайлас ашылған кеңсе Astana Hub халықаралық технопаркінің бөлімшесі ретінде қызмет етпек. Осыған дейін еліміздің бес қаласында – Талдықорған, Тараз, Қызылорда, Ақтөбе және Семейде қызметін бастаған бұл орталықтың бөлімдері биыл Қазақстанның 17 аймағында ашылып, жұмыс бастамақ екен. Біздің өңірде де инновациялық ІТ-жобаларды дамытып, тиісті мамандарды даярлаумен айналысатын Jaiq-Hub – жергілікті IT-комьюнити – стартаптарды, инвесторларды және менторларды бір жерге жинап, мүдделес ететін орталыққа айналады деп күтілуде. Бұл жерде дайындалған стартап-жобалардың инкубациялық кезеңінде кәсіпкерлік әліппесін оқыту, инвестиция тартуға көмектесу, қаржы есебін жүргізу және PR-қолдау жасалады.
– Jaiq Hub Батыс Қазақстан облысындағы жастар мен IT қоғамдастығы үшін тартымды орталық болады деген сенімдеміз. Біз аймақта Astana Hub білім беру бағдарламаларын таратуды, стартаптар үшін инкубациялық бағдарламаны және IT қауымдастығы үшін түрлі іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Jaiq Hub кеңсесінің ашылуы аймақтың IT секторын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жастардың арманын жүзеге асырып, ІТ саласында табысқа жетуге көмектесетініне сенімдіміз, деді Astana Hub даму кеңсесінің аймақтық директоры Аида Дусова.
Jaiq Hub-тың өңірлік менеджері Омарбек Тәшімнің айтуынша, қазір бұл жерде негізінен роботтехника бойынша жобалар қолға алынып, ІТ бағытында сабақ беретін көптеген мұғалім дайындалған. Түлектердің арасында республикалық және халықаралық сайыстарда жүлде алған жеңімпаздар да көп. Бұған қоса шағын көлемді FPV-квадрокоптерлерді арнайы трассаларда жарыстыратын дрон-рейсинг мамандары да осы жерде оқытылып жатыр екен.
– Мұндай дрондардың жылдамдығы сағатына 250-300 шақырымға жетеді. Оны басқару екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл дронды тек арнайы көзілдіріктің көмегімен басқаруға болады. Өнердің бұл түрі елімізде жаңа ғана жетіліп келеді. Халықаралық жарысқа қатысып, жүлдегер болған қарағандылықтың жасы 10-да ғана. Біз осы өнерді дамытып, спорттың бір түрі ретінде халыққа кеңінен танытқымыз келеді, дейді «Aspan-дрон» серіктестігін құрған Асланбек Әминов.
Бағдат Мусин жастардың бұл талпынысын барынша қолдайтынын айтты. ІТ-технологияның бұл бағытын дамыту болашақта төтенше жағдайлар кезінде, өмірдің басқа да салаларында да пайдалы болуы мүмкін. Министрдің айтуынша, осындай тосын да тың бағыттарға қызығушылардың саны артып келеді, оларды барынша қолдау қажет.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Орал қаласындағы Оқушылар сарайында роботтехника үйірмесінде дайындалатын 150-ден аса оқушының да жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ Қарашығанақтағы мұнай сервисін цифрландыру, БҚО аудандарындағы абонент санын есептеп, ауыз су субсидиясын автоматты түрде шығаратын жаңа жүйе секілді ІТ-жобаларды көріп, жоғары баға берді.
Бұдан соң Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ғимаратында жергілікті тұрғындармен кездескен сала басшысы байланыс, ақпараттандыру, электрондық үкімет, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
– Қазір электронды үкіметтің eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 1 мыңнан аса қызмет көрсетіледі. Жақында ғана Президент тапсырмасына орай «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Бұл модель елімізде тұрып жатқан барлық отбасын қамтиды. Яғни осы жоба аясында елдегі 6,3 млн отбасының 80 параметрден тұратын ақпараты жүйеленіп, цифрлық қалыпқа түсті. Сол арқылы біз әр отбасында қанша бала бар, олар балабақшамен қамтылған ба, жылжымайтын мүлігі бар ма, табысы қандай, т.б. деректерін жүйеледік. Біз қазір қолымыздағы бүкіл ақпаратты өңдеп, отбасыларды топтарға бөлдік, енді мұқтаж жанұяларға олар өтініш жазбай тұрып-ақ көмектесудің тетігі бар. Егер бұрын атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу үшін көптеген анықтама жинау қажет болса, қазір оның керегі болмай қалды. Яғни қазір біздің азаматтарымыз туралы барлық ақпарат қолымызда тұр. Мемлекеттік әлеуметтік көмекті жалғыз түймені басып-ақ рәсімдей аламыз. Мысалы, сәби дүниеге келгенде рәсімделетін көп құжатты қазір үйде отырып жалғыз хабарлама жіберіп реттеуге болады, дейді Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, елімізде «Цифрлық нотиариат» сервері де іске қосылған. Бұл арқылы кез келген отандасымыз өзіне қажетті түрлі сенімхатты нотариустың кабинетіне бармай-ақ жаздырып ала алады.
– Біз электронды үкімет порталына медицина саласындағы барлық ақпаратты да шоғырландырып жатырмыз. Бұл – әр азамат үшін маңызды. Бұл базада тіпті әр пациентке жазып берілген дәрі-дәрмек туралы ақпаратқа дейін жинақталады. Осы жылдың соңына дейін біз бұл істі әбден тиянақтап, барлық медициналық ақпарат алақандағыдай көрініп тұратын дәрежеге жеткізетін боламыз, деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі. Өткен жылы ғана Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласының цифрландырылуы жөнінде сын айтқан болатын. Бағдат Мусиннің пікірінше, бұл медицина саласындағы түрлі жүйенің өзара үйлеспеуінен болған. Болашақта цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі тізе қосып, аталған кемшіліктерді жедел жөндемек.
Сапар барысында цифрлық сала басшысы облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен кездесті. Кездесу кезінде цифрландыру саласындағы өңірді дамыту бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Министр мен әкім байланыс пен интернетті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына қол қойды.
Батыс Қазақстан облысы