• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 16 Шілде, 2023

«Қыз Жібек» қайта түсіріле ме?

986 рет
көрсетілді

«Қыз Жібек» қайта түсірілетін болыпты. Қазақ кинематографиясының классикасы саналатын санаға сіңген тарихи туындыға жаңа уақыт талабына лайықтап жасау үрдісі қазақ қоғамын енді дүрліктіріп жатқаны болмаса, бұл бұрыннан бар әлемдік тәжірибе. Кинода мұның мың мысалы болмаса да, миллиондарды тәнті еткен танымал фильмдердің жүздеген нұсқасы қайта түсірілген. Халықтың жаппай махаббатына бөленген сүйікті фильмін жаңалап түсіру жобасын «ремейк» деп атап, режиссерлер бұл үрдісті көштен қалдырмай, жаңғыртып келеді.

Ремейк не үшін керек? Бұл «кинода енді түсіретін еш нәрсе қалған жоқ, режиссура сарқылды» деген сөз бе, әлде бұрын жасалып кеткен шедеврге заманауи шапан кигізіп, бас айналдырған жетістігін пайдалану ма, бәлкім ескі дү­ниеге жаңа көзқарас қалыптастыру болар, мүмкін, бұрынғы сценарийді олқы санап, жақсы туынды жасап шығарудың ұтымды жолы шығар? Осы сұрақтардың қай-қайсысының да жауабы бір-ақ нәрсеге саяды: қайталанбас туынды түпнұсқадан да асып түсіп, арғы жағына жасырынған жақұттың басқа қыры жарқырап ашыла түсуі мүмкін. Немесе әйгілі фильмге астар болуға да жарамай, сайқымазақ, сәтсіз жоба ретінде шаң қауып, көлеңкесінде көрінбей қалады. Нағыз ремейктің мақ­саты сол, қалай болғанда да ол кешегі табысты түпнұсқаны ығыстырып шыға­рып, көрерменнің санасында, нағыз төл­тума туынды ретінде орнығуы керек. Жүрегінің түгі бар шебер яки ақылынан адасқан біреу болмаса, Мүсірепов сын­ды майталманның, Қожықовтай қай­таланбас суреткердің, көл жағасына аққу ұшырып, қаз қондырған Тілендиевтің күм­бірлеген күйінің үйлесімімен неше буын көрерменді экранға байлап қойған Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Әнуар Молдабеков, Кененбай Қожабеков, Фарида Шәріпова, Гүлфайрус Исмаилова, Сәбира Майқанова сияқты ұлы актерлер ансамблін терістей алатын деңгейдегі шығармашылық топты жасақтап шығу қай жалаңтөстің қолынан келеді? Мүмкін бе осы? Коммерциялық мақсатта мүмкін. Даңқты туындының атын жамыла отырып, ат қалыптастыру, ақша табу мүмкіндігін бүгінгі заманның кез келген еті тірі пысықай продюсері жібермесі белгілі болып отыр.

Әзірге елеңдесіп қалған елдің басым бөлігі фильмнің қайта түсірілгенін қаламайтынын ашық айтып жатыр. Ұлттық рухы биік белгілі фильмді қайта түсірудің түкке де керегі жоқ, құр қаражатты желге шашу, «Қыз Жібекті» кім түсірсе де, ол қалай түсірілсе де, ерінбегеннің бәрі ескі нұсқасымен салыстырып, сынай беретін болады деген қарсылығы қатты пікірлерді оқып отырып, «бірақ» деген бір сұрақпен сәл бөгелдік...

Бірақ біз осы неге әлі жарық көрмеген, түсірілуі де екіталай, жаңа, жарқын реңкі бар жаңалықты естіген бойда ауызда «аттан», қолда құрық, атойлап қарсы шабамыз? Мысалы, Артур Конан Дойлдың атақты «Шерлок Холмс» шығармасы негізінде түсірілген фильмнің 69 нұсқасы қатар өмір сүріп келеді. Әлемге әйгілі әдеби шығарманың желісімен фильм түсіру 1900 жылдан бастау алып, жыл сайын ремейк жасалатын болған. Бірақ алуан түрлі әдемі нұсқасы бар екенін біле тұра, «мұным сандырақ болады, алғашқысына қиянат жасамайын, ұят болады» деп қол қусырып отырған режиссер жоқ. Өзегіндегі ойды өзінше интерпретациялап, өзі өмір сүріп отырған кезеңмен байланыстыра өткір идеясын алға тартып келеді. Сол секілді киноның төңірегінде жүргендер үшін Шыңғыс хан да қашаннан күйіп тұрған тақырып. Ол туралы қаншама кітап жазылып, қаншама кино түсірілді. Ұлы билеушінің тарихтағы тура бағасы анық берілмей, ол туралы шындық әлі де бүркемеленіп тұрғандай, жасалған дүниенің бәрі аздық етіп, жазушылар да, режиссерлер де кезең сайын ұлы қаған тақырыбына айналып соғып жатады. Тарихи тұлғаны зерттеу-зерделеу ісі алдағы уақытта да толастамайтыны анық. Ендеше, 20-ға жуық әдеби нұсқасы бар лиро-эпостық «Қыз Жібек» жыры туралы 20 көркем туынды түсірілсе де, неге көп болуы керек? Кейіпкері мол, оқиғасы қою, мазмұны терең тарихи дастан әр қырынан тарқатылып, түсіріліп жатса, керісінше, қазақ киносы үшін үлкен олжа емес пе?

Рас, жарыққа шыққанына жарты ғасыр болған фильмді басқа сипатта тамашалау Жібек пен Төлегенді махаббаттың сим­волы, жастық шағының куәсі еткен аға буын үшін ауыр болуы мүмкін. Үлкен блок­бастерлерді қайта экрандауды сәнге айнал­дырып, ақыры шаршап, қолын бір сілтеген Батыс кино әлемінің үрдісі бізге енді келіп, есік ашып кіргісі кел­ген екен, кеудесінен кері итергеніміз жарамас. Кез келген елдің киносы өтіп жатқан бұралаң жолды қазақ киносы да айналып өте алмайды. Классика ешқашан сарқыл­май­ды, жұтамайды. Керісінше, уақытпен бірге жасарып, жаңғырады. Бі­лек сыбан­ған мықтылардың басқа емес, «Қыз Жібектің» өзіне ауыз салғанына қа­­рап, «төлтума таза мінез, шынайылық, сұлу­лық, кәсібилік бұларды да әбден са­ғын­­дырған екен ғой» деп, бір жағы іші­міз жылып, жақсы ырымға жорығымыз келді...