• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2023

Жетімнің жанарындағы жас

2020 рет
көрсетілді

Барлық ата-ана баласының мұңаймағанын қалайды. Бірақ олардың бәрі бірдей, әсіресе ата-анасы жоқ балалар мұңсыз емес. Бұған дәлел – «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы алаңдатарлық ахуал.

Балалар ауылы Жайық өзенінің жаға­лауына жақын маңдағы Талқайраң елді мекенінде орналасқан. Екі жыл бұрын мұнай тасымалдайтын компания ата-анасыз қалған балалар үшін 8 коттедж салып берді. Коттедждер 80 орынға есептелген. Оның төртеуі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған.

Биыл «Шаңырақтан» әлсін-әлсін шу шықты. Алдымен ақпанда әлеуметтік желі қолданушысы Дина Таңсәрі Атырау­да­ғы «Шаңырақ» балалар ауылында тәрбие­ле­нушілер соққыға жығылатыны жайында  дабыл көтерді.

«Баланы ұрған. Ол бұл туралы бала­­­л­арға арналған сенім телефонына хабар­лаған. Комиссия келіп, ешқандай заң бұзушылық таппайды. Бұл аз болғандай, комиссия директордың өзі балалар үйін тексеруі керек деп хабарлайды. Комиссия балалардың шағымын мүлдем елемейді. Бес жасар қызды да ұрған», деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осыған орай Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пікір білдірді. Оның айтуынша, «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылында 57 тәрбиеленуші бар.

«Мұнда балалардың құқығын шектеу деген мәселе туындамауы керек. Біз бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Қазір облыстық білім басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамындағы психологтер әр баламен жеке әңгімелесіп, тексеру жүргізіп жатыр. Балалардың психологиялық жағдайына баға беріледі. Педагогикалық құрамның тәрбие жұмысына сараптама жасалады. Арнайы комиссияның тексеру қорытындысы туралы кейін хабарлаймыз», деп мәлімдеген еді Ж.Бисембиев.

Алайда комиссияның тексеруі немен аяқталғаны белгісіз. Бірақ облыстық білім басқармасы басшысының бұйрығымен ақпан айының соңында отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева қызметінен шет­­те­­тілді. Оған себеп – балалар үйі тәрбие­­ленушілерінің өтінішінен кейін Қылмыстық кодекстің 140-бабымен («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бо­йынша сотқа дейінгі тергеудің басталуы.

Ал жақында «Шаңырақтағы» шу тағы жалғасты. Әлеуметтік желіде тараған видео­да Нұрдәулет есімді тәрбиеленуші көрген зәбірін әңгімеледі. Жанары жасқа толған жетімнің зарын тыңдаған адамның жаны түршігеді. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев тағы да әлеуметтік желіде пікір білдірді.

«Түйген ойым – кейінгі кезде әлеу­мет­тік желіде талқыланып жатқан жайттар ұжымда бұрын қызмет еткен жұмысшы мен бұрынғы басшы арасындағы келіс­пеу­шіліктің нәтижесі. Соның салдарынан­ балалар зардап шегіп отыр. Желіде жария­ланған түрлі жазбадан екі тарап өзін ақтап алуға тырысып жатқанын көруге бола­ды. Баланы өзіне тартып, түрлі видео­ тара­тудың артында баланың құқығын шек­теу мәселесі тұр. Мұндағы балалар – мемлекеттің ерекше қорғауындағы бала­лар. Сондықтан балалардың құқы­ғын­ қорғауға арналған барлық шара қабыл­д­а­нады. Оған қоса әлеуметтік желі­де тараған жайттар балалардың өзін қат­ты­ алаңдатып, болашағына кері әсері тие­ті­ндігін ойлап отырғанын байқадым», деді Ж.Бисембиев.

Әкім орынбасарының айтуы­на қара­ған­да, «Шаңырақ» балалар ауылындағы бейнебақылау жүйесі күшейтіледі. Қазір мұнда 64 бейнекамера бар. Бірақ қосымша камера қою қажеттілігі туындап отыр. Камераларды білім басқармасына тікелей қосу көзделген. Сондай-ақ «Шаңырақтан» шыққан балаларды өмірге тез бейімдеуге бағытталған тәлімгерлік жобасы енгізіледі.

«Шаңырақтағы» шу жұртшылық ара­сын­да қоғамдық пікір туғызды. Тіпті Қазақстан Республикасындағы Бала құқық­та­ры жөніндегі уәкіл Динара Зәкие­ва­ Аты­рау­­ға арнайы келіп, балалар­ ауы­лындағы ахуалмен танысты. Ол мұн­да­ балалар құқығы бұзылғанын жоққа шы­ғар­ған жоқ.

«Атырау қаласындағы «Шаңырақ» балалар үйінде тұратын балалармен кездесіп, әрқайсысымен жеке әңгімелестік. Балалар арасында анонимді сауалдама жүргіздім. Бейне­камералардың жазбаларын зертте­дім. Нәтижесінде, екі тәрбиешінің қол көте­руі, балалар асүйде уақыттың басым бөлі­гін ана-тәрбиешісіз өткізетіні, кейбір тәрбиеленуші балалардың арасындағы келіс­пеушілік, балалар үйінде бөтен ересек адамның болғаны, бейнекамералар жазба­ларының сақталуы мен мерзіміне қатыс­ты кемшіліктер анықталды. Осыған байла­нысты тексеру және одан әрі шаралар қабылдауы үшін облыс әкімінің орын­басарына ақпарат бердім. Енді Бас прокуратураға жіберемін», дейді Д.Зәкиева.

Оның айтуынша, балалар кім болғысы келетіні жайлы айтып, көкейдегі уайымдарымен бөліскен. Уәкілдің нөмірін жазып алып, хат алмасып тұруға келіскен.

«Балалар үйінде, одан кейін әкімдікте жергілікті қоғам белсенділерімен, ҮЕҰ өкіл­дерімен кездестім. Олардың пікірі мен көз­қарасы әртүрлі екеніне қарамастан, бәрі­нің мақсаты – балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі, оларды манипуляциядан, ересектер арасындағы кикілжіңнен қор­ғау. Қазіргі ең басты мәселе – тексерістің объек­тив­тілігі, балалардың мүдделерін қор­ғауды қамтамасыз ету мақсатында заңға сәй­кес шаралар қабылдау», деп мәлімдеді Д.Зәкиева.

Ал облыстық полиция департаментінің баспа­сөз қызметі мәлім еткендей, әлеу­­меттік желіде жарияланған балалар­ үйі тәрбиеленушілерін ұрып-соғу дере­гі­не байланысты сотқа дейінгі тергеу бас­талған. Тергеуді Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері «Шаңы­рақ» балалар ауылына қатысты жария­­ланған дерек бойынша Қылмыстық кодекс­­тің 140-бабының 2-бөлігімен («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») жүргізіп жатыр.

Таңданыс тудыратын бір жайт бар. «Шаңырақ» балалар ауылының директоры ақпан айында жұмысынан шеттетілді. Бірақ содан бері жаңа директор неге тағайындалмаған? Қазір директордың бос лауазымына конкурс жарияланып отыр. Конкурстық рәсім аяқталғанға дейін директордың уақытша міндетін Қасым Мұқашев атқарады.

«Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ұжымына директордың уақытша міндетін атқарушы Қасым Мұқашев таныстырылды. Ол – бұған дейін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында, дағдарыс орталығы мен №1 жетімдер үйінде ұзақ жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған маман. Жаңа басшыға тәрбиеленуші балаларды қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы жағдай қалыптастыру жөнінде тапсырмалар жүктедім. Балалар ауылы Атырау облысы әкімдігінің үнемі басты назарында екенін атап өткім келеді», деп хабарлады Ж.Бисембиев.

Тегінде, «Шаңырақтағы» балалар қор­ған­­сыздың күйін кешпеуі қажет. Өйткені олар­дың жанында маңдайынан сипайтын өз ата-анасы жоқ. Ал өзгелер жанары жас­қа­ толып, жәутеңдеген жетімнің мұңы мен за­рын түсіне ме?