Қазір полицейлер алдындағы үлкен міндеттің бірі – халық сеніміне ие болып, елмен етене жұмыс істеу. Жұртпен алғаусыз араласқанда ғана азаматтардың сала қызметіне жүгінуі барынша жеңілдейді. Бұл қауіпсіз қоғам қалыптастыра отырып, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алудың басты шарты. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбіләзімовтің ел алдындағы есебінде осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жайлы айтылды.
Департамент басшысы, алдымен, өңірде криминогендік ахуалдың тұрақты екендігін айтып өтті. Азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін қорғау сапасын арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру, полицияны қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ететін ұйымға айналдыру бағытындағы бастамаларға ел назары ауып отыр. Осы күні Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзірленуде. Бұл маңызды стратегиялық құжат биыл қабылданады.
– Тұжырымдамадағы өзара іс-қимылдың алгоритмінде үкіметтік емес ұйымдар қызметіне баса мән беріліп отыр. Дағдарыс орталықтарының желісі кеңейтіледі. Отбасындағы, тұрмыстық жағдайдағы қылмыстардың көбісі мас күйінде жасалатындықтан алкоголь өнімдерін сату орындарын шектеу, оған қарсы жарнаманы енгізу бойынша қылмыстың алдын алу жүйесі құрылады, – деді департамент бастығы.
Облыс көлемінде тіркелген қылмыстар саны 16 пайызға төмендеген. Әсіресе аса ауыр қылмыстар, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы, бұзақылық, қарақшылық, алаяқтық, интернет-алаяқтықтың азайғаны байқалады. Кәмелетке толмағандар қатысатын және қару қолдану арқылы жасалатын қылмыс та төмендепті. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші жақсарған.
Департамент басшысы жол қауіпсіздігін жақсарту бағытындағы шараларға тоқталып өтті.
– Бұл қазір ең өзекті мәселеге айналып отыр. Мысалы, облыста жолда жүру ережесін бұзудың 137 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 63 мыңнан астамы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Жүргізушілерді тәртіпке келтіру үшін қазіргі уақытта «Қорғау» жүйесі, мобильдік жылдамдық өлшегіштері бар автокөліктер жиі жолға шығады. «Ekin Patrol G2» және «Vuewo» мобильді кешенінің қолданысқа енгізілуі облыста жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар санын төмендетті. Тұжырымдамада жол инфрақұрылымының сапасын да жақсарту көзделген, – деді Мақсұтхан Нұғманұлы.
Құрық бермей, ырыққа көнбей отырған қылмыс түрі – интернет алаяқтық. Бұл қылмыстың 108 дерегі тіркеліп, 14-і ашылыпты. Бұл, әрине, төмен көрсеткіш, бірақ ғаламтордың мүмкіндігі кеңіген сайын айла-шарғысы жетіле беретін алаяқтықтың алдын алу оңай болмай тұр. Әбден әккіленгендер абоненттік нөмірлерді жиі ауыстырып, ізін жасырады. Ұрланған ақшаның халықаралық аударым қызметтері арқылы алынатыны да қылмыстың тез ашылуына кедергі.
Соңғы жылдары едәуір төмендегенімен де ауылдағы мал ұрлығымен күрес мәселесі әлі де өзекті. Биылғы «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 4 топ ұсталып, 22 эпизодты ұрлық дерегі ашылды. Ветеринария қызметімен бірлесіп, тиісті құжатсыз мал тасымалдаған 54 жүргізушіге шара көтерілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде мал ұрлығы 55 пайызға төмендепті.
Құқық қорғау саласы, оның ішінде полиция қызметі елден алшақ болса, қоғам тығырыққа тіреледі. Содан да оларды жақындатудың барлық амалдары қолға алынды «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» аясында қылмыстық істер электрондық форматта тергеліп, бұл азаматтарға тергеп-тексеру барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Қоғамдық орындарда, мектептерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында шұғыл шақыру жүйелері орнатылып жатыр.
Халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның сұранысына бағытталған жұмыс моделіне көшу бағытындағы бастамалар жайлы айтылған есепте облыс тұрғындарынан түрлі сауал, пікірлер мен ұсыныстар келіп түсті. Оларды мұқият тыңдаған генерал-майор арнайы құрылған топқа тапсырма беріп, оның орындалуын бақылауына алатынын жеткізді.