• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Шілде, 2023

Құс еті неге қымбат?

295 рет
көрсетілді

Елімізде құс етіне сұраныс әр кезде де жоғары. Ет өнімдері ішінде сиыр етінен кейін ең көп тұтынылатыны – құс еті. Соған сай азық-түлік нарығында құс өнімдерін өндіру қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы сан салалы іс-шаралар кең көлемді мемлекет қолдауына ие. Құс етінің өндірісі, таралымы, бағасы Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерінің, сондай-ақ осы салаға тікелей мүдделі Қазақстан құс өсірушілер одағы, Құс фабрикалары одағы, Жұмыртқа өсірушілер қауымдастығының ұдайы назарында, бақылауында.

Қазірде еліміз көлемінде ірілі-ұсақты 56 құс фабрикасы бар. Жақын жылдары тағы да 6 фабрика ашылады деп жос­парланып отыр. Мұның сыртын­да көптеген шағын және орта биз­нес өкілдері, ауылдық жер­лер­дің тұрғындары жеке ша­руа­­шылықтарында, үй-жай­ларын­да құс өсіруді дағ­ды­ларына айналдырған, оның өнімдерімен өз-өздерін қамтамасыз етіп отыр. Құс өнімдерінің көлемі, түрлері де жыл санап артып келеді. Дегенмен өндірістің осыншалық дамып жатқанына қарамастан, оны тұтыну бағасы да соншалық өсу үстінде. Осынау қарама-қай­шы­лық­тың себеп-салдарларын жоға­рыда аталған тиісті мекеме-ведом­с­т­волардың нақтылы дерек-дәйектеріне, білікті мамандардың ой-пікірлеріне сүйене, жүгіне отырып, саралап көрген едік.

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметі бойынша елімізде өткен жылы құс еті өндірісі 2,8%-ға артқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 214,6 мың тоннаға жоғары. Жұмыртқа өндірісі 5,3%-ға немесе 3,82 млрд данаға өскен.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің мәліметі бойынша отандық кәсіпорындар нарық­ты жұмыртқамен 101% қамтып отыр. Құс етімен қамту 50%-дан 65%-ға дейін артты. Осылайша, 2025 жылға қарай жергілікті компаниялар құс еті импортын толық алмастырады деп күтіліп отыр. Жоспар жаңа құс фабрикаларын салу және жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын жаңғырту, кеңейту есебінен жүзеге асырылмақ.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлі­­меті бойынша, құс еті мен тағамдық субтауар импорты былтырдан бері 18,1%-ға артып, 75 361 мың долларды құрады. Ал салмағы бойынша көрсеткіш 18,8% төмендеді. Елімізге құс етін негізгі импорттаушы – Америка Құрама Штаттары. Мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елден өткен жылдың өзінде 59 982 мың доллардың (құс еті импортының 79,6%-ы) өнімі жеткізіліпті.

Ресми деректерге сенсек, 2023 жылдың басында ет және оның өнімдері 32%-ға қымбаттаған. Ет саудасымен айналысатын сатушылар құс етінің ішінде кең тарағаны әрі өтімдісі тауық еті дегенді айтады. Биылғы жылы елімізде құс еті өндірісі 26,2 мың тоннаға жетіп, жаңа сойылған, салқындатылған құс еті өндірісі 31%-ға артқан. Егер мұны өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырсақ, былтырғы көрсеткіш 19,9 мың тоннаны құраған. Бұл да болса құс етіне деген сұраныстың жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын байқатады. Айталық, 2000 жылдардың басында құс етін тұтыну жан басына шақ¬қанда 3,6 кило мөлшерінде болса, қазірде бұл көрсеткіш 20 килодан асып кеткен. Әлеуметтік теңсіздік жағадан алып, қымбатшылық қысып тұрған кезеңде мұның бір, мүмкін басты себебі – құс етінің өзге ет түрлеріне қарағанда бағасы төмен. Мысалы, ол сиыр етіне қарағанда едәуір арзан. Дегенмен, құс еті салыстырмалы түрде ғана арзан. Болмаса, өзге азық-түлік түрлері секілді құс етінің құны да жыл сайын қымбаттау үстінде. Дәл осы күндері елорданың сауда орындарында бройлер тауығының килосы шамамен 1 200-1 300 теңгеден, үй тауығының килосы 2 000 теңгеден сатылып жатыр.

Құс етіне қатысты өңірлердегі баға да, әлбетте әркелкі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің нарығына жүргізілген соңғы сарап, шолулар көрсет­кен­дей, жер-жерлердегі азық-түлік бағасы тұрақты емес және екі бағытта – арзандау-қымбаттау бағытында жиі өзгеріп отырады. Алайда таразы басының тербелісі соншалықты салмақты емес, баға сәл арзандау, сәл қымбаттаумен шектеледі. Құс өнімдерінің еліміздің ірі қалаларындағы сатылым бағасы шамамен төмендегідей:

Алматыда он дана тауық жұмыртқасы 559-705 теңгеден саудалануда. Тауықтың таза етінің килосы – 2 399 теңге. Бір кило тауық санының құны – 1 849 теңге; құс етінің саудасы қашанда қызу. Шымкентте бұл баға тиісінше 1 900 және 1 200 теңге. Қостанайда жұмыртқаға қатысты қызық жағдай: он дана жұмыртқаның құны 30 даналық науаның құнымен салыстырғанда едәуір қымбат. Мысалы, маусым басын­да он дана жұмыртқа 485 теңдеген болса, қазірде баға 509 теңгеден басталады. Ал 30 жұмыртқалық үлкен науа маусым басында 1 215 теңге болса, қазір 1 155 теңгеге арзандаған. Бұл да тұтыну­шы­ларды тартудың бір жолы болса керек. Оралда «Орал құс фабрикасы» ЖШС өнімдерінің бағасы тұрақты: осы өндіру­шінің фирмалық дүңгіршектерінде ұсақ жұмыртқаларды 290 теңгеден, ірі жұмырт­қаларды 340 теңгеден сатып алуға болады. Базарлар мен дүкендердегі бөл­шек саудада жұмыртқа 410-440 теңге тұ­ра­ды (бұл екі апта бұрынғыға қарағанда он теңгеге қымбат). Талдықорғанда қап­тамадағы бір кило тауық етінің ба­ғасы – 1 160 теңге, Павлодарда – 1 700 теңге, Қызылордада 1 069-1 029 теңге аралығында, Ақтөбеде 924-957 теңге, т.с.с. Өңірлердегі бағаның әркелкілігі жер­гілікті әлеуметтік-экономикалық ахуал, тұрғындардың көп шоғырлануы, өз өнім­дерінің артықшылығы, айырымы сияқ­ты түрлі жағдайларға байланысты бо­лып келеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы бекіткен норма бойынша жан басына шаққанда 18 кило тауық етінен айналуы тиіс. Аталған норма бойынша ел тұр­ғын­дары құс етімен қаншалықты қам­та­масыз етілген? Соңғы жылдарғы өндіріс көлеміне салып қарасақ, бір адамға 12 кило еттен айналады. Ал тұтыну көр­сет­кі­ші 20 килодан жоғары. Яғни жан басына шақ­­қан­дағы қалған 8 кило құс еті сырттан әке­лінеді.

Үкіметтің құс шаруашылығын дамы­ту­ға арналған бағдарламасына сәйкес, 2027 жылға қарай еліміздегі құс етінің тұтыну көлемі әр тұрғынға 31 килоға жетуі тиіс. 31 кило – көрші Ресей елінің қазіргі көрсеткіші. Жалпы, әлем елдері құс шаруашылығын қарқынды түрде дамытуда. Өйткені құс етіне ішкі-сыртқы нарықтағы сұраныстың өсуі аталған са­ла­ның дамуына кең жол ашып отыр. Бүгінде дүние жүзінде 20 миллиардтан аса тауық бар деседі. Бұл жер бетіндегі халық санынан үш есе көп. Тауығы көп елдердің көшбасында Қытай тұр, одан кейін – Индонезия мен АҚШ. Ал Ресей – 8-9-орындарда. Әйтсе де, тауық санын жан басына шаққанда бұл тізім өзгеріп, Қытай 5-орынға (1 адамға – 3 тауықтан) түсіп қалады. Ал Иранда бір адамға – 13 тауықтан келіп, алдыңғы орынға шығады.

Құс санының өсуі біздің елімізде де анық байқалады. Қазақстанда соң­ғы төрт жылда үй құсының саны 35,6 млн бастан 44,3 млн басқа (24%) өскен. Егер елімізде 2015 жылы 146 мың тонна құс еті өндірілген болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 222 мың тоннаға жеткен. Осының арқасында елдің құс еті жөніндегі импорт-экспорт көрсеткішінде оң өзге­рістер орын алды. Біз де құс өнімдерін шетелдерге көптеп шығаратын дәрежеге жеттік. Отандық құс өндірушілердің өнім­дерін сатып алушылар қатарында Қырғызстан, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Беларусь елдері бар.

Міне, осындай жан-жақты даму, өр­кен­деу барысында бағаның өсуі қалыпты өсуі қалыпты құбылысқа айналғаны қын­жыл­тады әрі қайран қалдырады. Бұл жө­ніндегі пікірлер де, болжамдар да әрқилы. Сатушылар бағаның түлкідей түрленуіне өндірушілердің өздері себепкер дегенді айтады. Болмаса өрттей қаулаған бәсе­ке­лестік, сауда сөрелерін қайыстырып тұр­ған молшылық жағдайында құс етінің бағасы неге тұрақтамайды, төмендемейді? Қалай дегенде де, құс етінің бағасы нарық саясатына қарама-қарсы бағытта өрлеп бара жатқаны ащы шындық.

Сөз жоқ, бүгінде тауық және оның еті­нен дайындалатын тағам түрлері бар­шаның, әсіресе жастар мен балалардың күн­делікті, сүйікті асына айналған. Көше­лерде емін-еркін сатылымға шығып жатқан гриль, тауық қанаттары, наггетс, чикен, KFS секілді құс өнімдерін барлық фастфуд сататын дәмханалардан молынан ұшырастыруға болады. Көпшілік осындай дайын тағамға әбден үйреніп алды.

Тұрғындар үшін тауық етінің тиім­ді­лігі бағасында ғана емес, құс етінің денсаулыққа да аса пайдалы екенін бұл күнде екінің бірі жақсы біледі. Оның құрамында ақуыз көп, күнделікті адам ағзасына қажетті ақуыздың төрттен бірін қамтамасыз етеді. Тауық етінде дәнекер тіндер өте аз болып келетіндіктен, көбіне нәзік әрі жұмсақ болады. Құс етінің ақуызында сирек кездесетін қышқылдар және қанықпаған май қышқылдары көп. Олар тез ериді, өте сіңімді, асқазан-ішек жолында тез қорытылады. Құс етінің құрамында В, Н, РР дәрумендері, калий, магний, натрий, темір, фосфор, мырыш, кальций, мыс секілді минералды заттар бар. Тауық етін адамның жүйке жүйесіне жақсы әсер етеді. Пайдалы дәрумендер мен минералдар жиынтығы жүйке жасушаларының қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді, метаболизмді қалыпқа келтіреді, қандағы қант пен қан қысымын қалыпты жағдайда ұстайды. Айта берсе, құс етінің пайдасы көп. Мамандардың айтуынша, тауықтың төс етінің 100 грамын жесеңіз, В3 дәруменінің тәуліктің нормасының 72%-ын ала аласыз. Алайда тауық етін жиі жеудің кері әсері де бар. Әсіресе, табиғи емес өнімде әртүрлі қоспа көп болатындықтан, денсаулыққа зияны көбірек. Дүкендердегі жергілікті өнім бағасы шетелден келетіндерден қымбат. Сондықтан қарапайым жұрт оның арзанына қарай жүгіретіні түсінікті. Осыған орай «арзан деп шетелдік тауық етіне жүгірмей, отандық таза өнімді сатып алған жөн», дейді мамандар.

Жалпы, құс еті шаруашылығын дамытудың өзге шаруашылықтан артық жері – оған аса көп жердің қажеті жоқ, бүгінде мемлекеттік деңгейде өткір мәселе болып тұрған су да аз кетеді. Құс фабрикаларына жұмсалатын өндірістік шығынның ең бастысы – энергия. Шаруашылықты қысы-жазы жылыту, жарық беру үшін үлкен көлемде электр энергиясы қажет. Содан соң, жем-шөбіне кететін шығын да қомақты. Тегінде, «Тауықты тойдыра алмайсың» деген мәтелдің жаны бар. Құстың негізгі жемі – тары, бидай, арпа, жүгері секілді дақылдар өзімізде өсірілгенімен, оған қосатын қоспалар ше­телден сатып алынады. Мәселен, түр­лі дәрумендер, ветеринарлық дәрі-дәрмектер, премикстер ТМД елдерінен тасы­малданады. Соңғы жылдарғы пан­де­миялық ахуал, содан туындаған дағда­рыс­қа байланысты олардың да құны барынша қымбаттаған.

Карантинге дейін құс жемінің қоспа­сының 1 килосы 81,2 теңге (ҚҚС-мен) болса, қазір 93,5 теңге. Осыған байланыс­ты аталған қоспалар құс етінің өзіндік құнының 70%-на тең. Аталған салаға мемлекет тарапынан қашан да қолдау көр­сетіліп келе жатқанын баса айту керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, кәсіпорындардың қуатына байланысты құс етінің килосына 40-тан 70 теңгеге дейін қаражат төленеді. Үкі­мет импорттың үлесін барынша түсіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ құс шаруа­шы­лығын дамыту бағдарламасы (2018-2027 жж.) аясында өндірісті 744 мың тоннаға жеткізу көзделген. Бұл жоспар жүзеге асырылса, ішкі сұранысты 100% қамтамасыз етіп, артылған 150 мың тоннасын экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.

Бәрін айт та бірін айт, қалың бұқараны қымбатшылық мәселесі алаңдатады. Бұл жөніндегі білікті мамандардың ой-толғам­дары да назар аудартады.

«Қазақстан құс өсірушілер одағы» Заңды және жеке тұлғалар бірлестігінің президенті Руслан Шәріповтің мәлім­де­уінше: «Басқа елдерде жергілікті әкім­діктер нарықты бақылап, сауда желі­леріне, елде өндірілген тауарларға ұтымды шарттар жасалсын деген талап қояды. Ал Қазақстанда неге екені белгісіз, бәрі керісінше. Бізде бүкіл нарық сауда желілерінің «ыңғайына» қарай құрылады. Мемлекеттік органдар нарықты реттеуші рөлінен өздігінен шеттетіледі. Өндірушілердің емес, сауда желілерінің мүдделері үстемдік ететін ережеге икемдеп алған. Сол себепті де сауда желілері ойын ережелерін өздері белгілейді. Мысалы, қандай, кім өндірген тауарды тұтынатынын, кімнің тауарын тұтынбайтынын саудагерлер шешеді. Желілер кез келген отандық өндірушінің тауарын еш себебін түсіндірместен, дүкенге қабылдамай қоюына болады. Сонымен қатар олар өнімді ең төменгі көтерме бағамен сатып алғысы келеді. Ал өнімнің сапасы дәл сол бағаға байланысты емес пе? «Арзанқол» бағаны шетелдік өндірушілер сөзсіз контрафакт есебінен ғана ұсынады. Себебі импорттық азық-түлік өнімдері отандық санэпидбақылаудан бір-ақ рет өтеді. Онда да біздің нарыққа алғаш шыққан кезінде ғана тексереді. Сөйтіп, үш жыл бойы бұл тауар отандық сөрелерге ешқандай тексерусіз түсе береді».

«Ішкі сауда субъектілері арасындағы қаржылық өзара қарым-қатынастардың ашықтығын мемлекеттік деңгейде бақы­лау қажет. «Сауда қызметі туралы» заңнан «сыйақы» ұғымын алып тастау керек. Бұл тауарды жеткізушінің сауда желілеріне беретін ретробонус­тарды, сондай-ақ тауарға байланысты кез келген бонустарды, қосымша қызметтерді төлеуді көздейді. Сондай-ақ қолданыстағы прайс-парақтан сатып алу бағасына жеңілдіктерге тыйым салу керек. Өйткені бұл – көбіне сауда компаниялары келісімшарттармен айла-шарғы жасау арқылы жиі қолданатын шарт. Сауда желілерінің жұмысын реттеу индексі ретінде тек «сауда үстемесі» ұғымын қалдырған жөн. Ол дамыған елдердегідей қатаң шектелуі керек. Ал сауда сөрелерінің кем дегенде жартысын «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауар иеленуі үшін отандық өнімнің басымдығын бекіту қажет. Міне, осылар отандық өндірушіні қорғаудың, баға сая­сатын реттеудің нақты қадамдары болады, дейді Қазақстанның Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының вице-президенті Ұлан Тәжібаев.

Бір қуанарлық жай, ресми статистика соңғы бір жарым жылда алғаш рет әлеуметтік азық-түлік тауарлары баға­сының апталық индексінің төмендеуін тіркеді. Апталық төмендеу көрсеткіші – 0,1%, бір айда – 0%. 2023 жылдың алғашқы алты айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 4,2% құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 4 есе аз (17,2%). Осы­лай­ша, өткен жылдың аяғынан бас­тап Үкімет қабылдаған бағаны тұрақ­тан­дыру бойынша қолға алған шаралары оң нәтижесін беруде. Сондай-ақ азық-түлік тауарларын өндірушілердің мүд­де­лерін ескеретін шекті және шекті бөлшек бағаларды белгілеу тәсілі қайта қаралып жатыр. Делдалдық схемаларды тергеу және делдалдыққа жол бермеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы күшейтілуде. Азық-түлік инфля­циясының деңгейін екі есеге төмен­детуге бағытталған бұл жұмыстың тиім­­ділігін одан әрі тұрақтандыру және арт­тыру үшін Сауда және интеграция ми­нистрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы индексінде айтарлықтай салмағы бар өнім­дерді өндірушілерге (оның ішінде құс өндірушілер де бар) мемлекеттік қолдау көрсетілетін жаңа тәсілді әзірлеп шығарды. Бұл жұмыс мақсатты болады. Осы мақсаттар үшін өндірушілерге айналым схемасы шеңберінде қарыз беру тетігі әзірленді. Олардың өнімдері тұрақтандыру қорларының қорларына шарттың бүкіл қолданылу мерзіміне сатып алу және бөлшек сауда бағаларын белгілеу шартымен ғана сатып алынатын болады.

Әлеуметтік өнімдердің бағасын түсі­рудің тағы бір тиімді амалы – жәр­меңкелер. Қазірде барлық өңірлерде апта сайын, демалыс күндері базарларда, супермаркет-дүкендер алаңдарында азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты өткізіліп тұрады. Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, жәрмеңкелердің жұмысы елімізде өндірілетін барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына таралатын болады, бұл сайып келгенде баға саясатына оң әсер етеді.