Көп тіл білу ұлтты сату емес, бірақ... Кешіріп қойыңыз, басымызға кигеніміз – бөрік пен тымақ, көзімізді ашқалы көргеніміз – тау мен құм, баққанымыз – қой мен жылқы, мінгеніміз – ат, қазаққа қалаға сіңісу қыста қарбыз еккенмен бірдей болған жоқ па? Жо-жоқ қалаға сіңісу емес, қалай түсіндірсек екен, өркениет көшіне ілесуге деген дұрыс шығар. Ал өркениеттің ошағы сол қаланың қақ ортасында емес пе? Қонышында газеті, қолында айраны, алдында отары, қыр кезген қазақ баласы дүниені ана тілінің деңгейінде қабылдамай қайтсін? Оны әркім өзі біледіге салсақ, тағы да әлемге аттың үстінен қараймыз-ау... Ал кеше Илон Маск Марсты бағындырды.
Қалаға қырбайлаған соң, ананы бір, мынаны бір көресіз де, көштен қалып қойғаныңызды аңдайсыз. Іштей көңіліңізді әлдене кеміреді. Өз-өзіңізді қамшылайсыз. Қалай да қатарыңызды қуып жету керек. Ол үшін дүниеде оқу мен тоқудан басқа шарғы жоқтай көрінеді сосын. Әдеттегідей газет-журнал, том-том кітап, күнделікті сабақ тәртібі мезгіл жоспарыңыздың мерекесіне айналады. Бірте-бірте ішкі бағаңызды біле бастайсыз. Құдаймен де сол арқылы үндесуіңіз мүмкін. Ол болмады ма, сіз де жоқсыз өмірде. Көпке ілесіңіз, жүйеге жағыңыз, басшы болыңыз, бәрі бір жоқсыз деген сөз. Күнелтіп қана өтесіз. «Малда да бар жан мен тән» дейді мұндай да алып Абай. Дәулет құрап, байи беріңіз. Бәрібір дүние баянсыз. Заман тұрлаусыз. Абайдың осы тақілеттес сөзі бар-ды. Мал-мүлкіңіз балаңызға мәңгі мұра боларына кім кепілдік бере алады деген сыңайда. Ал, болмыс пен тумыс туралы әңгіме бөлек. Екеуі де тілде сақталады.
Алғашқысы алдүзік ақын Қадыр Мырзалиевтің «өзге тілдің бәрін біл» философиясы. Бұл өркениет дамуының басты кредосы. Алдымен әңгімені осы жайында өрбітсек.
Не керек, «ымды түсінбеген – дымды түсінбейді» дегенді біз емес, осы кемеңгер елдің өзі айтқан. Бүгінде бұл тіркесті «тілді білмеген – дымды білмейді» деп түбегейлі өзгертпесек те, төтелеуге болатын сияқты. Ым арғы жағы, тіл бергі жағы емес пе? Тар мағынасында қарағанда, тіл – қарым-қатынас, байланыс құралы десек, үлкен мағынасында тіл деген – тұтастық, тіл – татулық пен туыстық, бірлік пен береке, тағысын тағы тарқатып айта берер едік.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, озық үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет. Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет», деді. Яки, әлемді тану мен рухани жаңғырудың басты өзегі – тіл деген сөз. Рухани кемелдену де, жаңару да тілден басталады. Жазу-сызу, соған құрылған латын графикасы да соны төркіндеп тұрған жоқ па?
Біздің «Ұлттық код» дегеніміз – лиро-эпостық батырлар жырынан бастап, Асан қайғы мен Қазтуған, Бұқар жыраулар, Қазыбек, Төле, Әйтеке билер мен Абай, Мағжан, Қасымның айтқандары. Ал, ана тілін білмейтіндер мұндай алыптар сөзін қалай түсініп, зерделемекші? Ана тіліңді білмейді екенсің – «Ұлттық кодтың» ауылы алыс. Мешеу күйі қаласың. Өз ана тіліңде жазып-сызып, оқи алмасаң оған мүлде жолай алмайсың! Латын графикасына өтудің сыры – сонда. Өзіндік ерекшелігі бар дамыған қоғам құру үшін сол ұлттың тілі де ескі келеңсіздіктерден арылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы керек. Және өз тіліңді білу – аздық етеді. «Үш тұғырлы тіл» саясаты елімізде ертеден бар. Оны біздің «Ұлттық кодымызды» сақтаушылардың өзі ертеде айтып кеткен. Шәкерім Құдайбердіұлы бабамыз:
«Жасымнан жетік білдім түрік тілін,
Сол тілге аударылған бүкіл білім» деп өсті.
Басқа тілді білу – өзгенің артықшылығын алып, өркениетке жол ашу екенін сол кездің өзінде көрсетіп кетіпті. Сондықтан, тіл білгеннің артықшылығы көп.
Рухани жаңғыру – құр көз қылып, мәдени шара өткізу емес, санаға сілкініс жасап, рухани ізгілікке жол ашу. Облыстық, республикалық деңгейде онсыз да өтіп жататын ағымдық дүниелердің бәрін осы «Рухани жаңғыру» аясына теліп жіберердей жалған ұран мен жаппай науқаншылдық емес. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үлкен істің басы. Алдағы уақытта ойдағыдай кезең-кезеңімен орындалып, жүзеге асып кетсе, жаңғырудың басты нәтижесін сонда көреміз.
Енді мәселенің арғы бетіне қарасақ. «Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек». Бұл да Мемлекет басшысының сөзі. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, білім қуған жастың ана тілінен аттап кетуге хақысы жоқ. Бұл тұста Қадыр ақынның «өз тіліңді құрметте» философиясы ойға оралады. Неге мұны жіктеп, саралап отырмыз, себебі қаланы меңгеру асыққан қазақтың дерті осы болып отыр. Сүтпен сіңген ана тілі ауылда қалып кетеді. Жанымызға бататыны сол. Енді ақын өлеңінің екінші тармағынан таған тартсақ.
Сонымен, алғаш өркениет көшіне ілесіп, қалалық болу үшін осы қоғамның әдетіне басқан күндер де аз болған жоқ. Қала қазағының шатты-бұтты тілі, керек жерінде кісімсіп қалу, тағысын тағы. Негізгісі тіл ғой. Орысша мүлтіксіз сөйлеуге тырысу. Қазір қарап отырсам, ол да өз болмысыңа, табиғатыңа қастандық жасағанмен бірдей жағдай, тіпті, барып тұрған сатқындық екен. Мықты болсаң, оны өз тіліңде сөйлете біл. Ол саған ұқсағысы келсін. Өзінде ештеңе жоқтар ғана еліктегіш келеді. Мәселе мынада, көп тіл біл, бірақ оны қай кезде қолдану керектігін де білгенін абзал.
Тіл – ұлттың жан-жүрегі, басты қадір-қасиеті. Өз алдына өркениет тудыратын да, экономика жасайтын да ұлттың тілі екен. Мәселен, біреуге ол түсінетін басқа тілде сөйлесең, санасына әсер ететін көрінеді. Ал, ана тілінде үн қатсаң, әсерді жүрегіне алатыны дәлелденген. Сонда ең әуелгі дүние тілде деген сөз. Мемлекеттік сана мен ту содан кейін барып бой көтерсе керек. Демек, туған ана тілің өз биігінде тұрмаса, үстемдік құруы тиіс Отанында өгейдің күйін кешіп жатса, ұлттың ұпайы түгенделмейді. Сен ең негізгі қадір-қасиетіңді өз қолыңмен жығып беріп отырған соң, басқасы қалай оңады?
Ұлттық өркениет әуелі тілге құрметтен туады. Мемлекеттік тіл үшін әр қазақ жауапкершілікті өз мойнына алмайынша, іс оңалмайды. Басқа этностарды былай қойғанда, әр қазақ ана тілінде сөйлеп, қазақ болуға талпынса, істің басы – сол. Сонда бәрі бірте-бірте орнына келе бастайды. Мұны бізге А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы айтқан еді. «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін немістер өздерін неміс деуге ұялған. Неміс сөзі фашист деп естілетіндей қабылданған да, өздерін жек көріп кеткен. Сонда олардың оқымыстылары «шетелден келіп жатқан ұғым-түсінік атаулыны немісше атамай, ағылшынша атай беріңдер» деген. Ағылшынша жаза бастаған. Нәтижесінде неміс терминологиясының басым көпшілігі ағылшын сөзімен толыққан. Сөйтсе, неміс экономикасы құлдыраған үстіне құлдырай берген. Берекесіздік белең алған елде. Ойлана келе, немістің тілтанушы ғалымдары «терминологиямызды қайтадан ұлттық тілімізге аударып, барлығын неміс тілінде жасау керек» деген мәселе көтерген. Ақырында, немістер осындай әрекетке барғанда, тұралаған экономикасы аяғынан тік тұрып, өркендеп шыға келеді. Сол кезден бастап әлемдік экономикада «лингва экономика» деген сала орныққан. Оны қалыптастырған да немістер. «Лингва экономика» теориясының формуласы былай: «Тілі дамыған ұлттың экономикасы дамиды. Дамыған экономика тілді күшейтеді», дейді тіл жанашыры. Бұл немісті неміс еткен қағида болса, қазақты толық қазақ ететінде осындай құндылықтар ауадай қажет секілді.
Неге дейсіз ғой!? Кезінде бұл үрдісті Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жапондықтар да жүргізген екен. Ал, осы неміс пен жапонның ұлттық ар-намысы мен мемлекеттік рәміздері қорланды дегенді естігендеріңіз бар ма?! Жоқ, атай көрмеңіз. Ұлт болып қалу үшін осындай қарекетке барсақ қателеспесіміз анық. Көп тіл біліңіз, бірақ ана тіліңізде сөйлеуге арлаңбаңызшы!