• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Энергетика 27 Шілде, 2023

АЭС: Күдік сейілсе, үміт артады

316 рет
көрсетілді

Елімізде 2035 жылға қарай энергетикалық тапшылық туындауы мүмкін деп болжам жасаған отандық ғалымдар, энергия өндірудің жалғыз көзі атом энергиясы екендігін біраздан бері айтып келеді. Мамандар дамыған елдердің технология­ларын таңдап, оның арасынан ең тиімдісін зерттеп-зерделеу үстінде. Сонымен болашақта салынатын АЭС-ке 3-деңгейлі реакторларды қолдану қажеттігін ұсынғандар бар.

Айтылған ойдың жаңғырығы

Сонымен өткен ғасырдың екінші жартысында еліміздің оңтүстік аймағын электрмен жабдықтау үшін қуаттылығы 4000 МВт Оңтүстік Қазақстан аймақтық электр стансасын салу жобасы дайындалып, көлдің батыс жағалауындағы Үлкен елді мекенінде құрылысы басталды. Одан кейін өнеркәсіп өндірісі күрт нашарлап, электр энергиясын тұтынудың төмендеуіне байланысты аталған жоба тоқтатылды.

Тоқсаныншы жылдардың соңын­­да Қазақстан ядролық қоға­мы­ның президенті Владимир Школь­ник­тің ұсынысы бойынша бұл жер­ді атом электр стансасының құры­лы­сына пайдалану қажеттілігі туралы шешімі шығарылды. Бірақ елі­міз­дің бірқатар экологтері бұған келіс­пеушіліктерін білдіріп, жобаны­ қайта қарауға шақырды. Содан біраз сая­бырсып қалған бұл мәселеге уақыт өте келе қайта оралып отырмыз.

 Энергетиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, Үкімет 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан құрылысына бұрын бөлінген және жартылай игерілген жер теліміне қуаты 3000 МВт-қа дейінгі Балқаш ЖЭС салу туралы шешім қабылдап, 2013 жылы құрылысына дайындық жүргізіле бастаған. Бірақ әртүрлі себептермен 2016 жылы оның да жұмысы тоқтатылды.

АЭС-тің қажеттілігі жөнінде 2000-жылдардан бері қаншама айтылып, ұсыныстар біраз талқыға түскенімен, тек өткен жылы ғана бір тоқтамға келгендей болдық. Мемлекет басшысы: «Таза атом энергиясы болмаса, бүкіл экономикамызды жоғалтамыз. Сол үшін Атом электр стансасы қажет», деп көптен тартысқа түсіп келе жатқан мәселеге нүктесін қойды.

Қалай десек те, қазіргі күні еліміздегі электр энергиясына деген тапшылық анық байқалып, оның үстіне бұрынғы көне стансалардың да істен шығуға шақ тұрғанын ескерсек, АЭС, әрине, керек! Мамандар одан шығатын шығарындылардың қоршаған ортаға әсері соншалықты аз екендігін айтады. Атом стансасының құрылысынан анадайдан үркіп, секемденетіндердің қарасы да сирей түсті. Жұрт жайлап түсіне де бастағандай...

Оның үстіне елдегі уран қоры әлемде алғашқы орында тұр­ған­ды­ғ­­­ын мақтанышпен айтамыз. Бірақ оның пайдасы мен қызығын «жолын тауып» басқа ел көріп жатыр. Жер көлемі мен халық саны жағынан бізден әлдеқайда аз мем­ле­кеттердің өзінде бір емес, бірнеше АЭС салынған. Ал бізде барлық мүм­кіндік бола тұра, оны неге іске асыр­масқа?

Жан-жақты зерттеп, зерделей келе былтыр АЭС-тің құрылысы түсе­тін орын белгілі болды. Ол – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен елді мекені.

 Қазақстанда қанша АЭС салынуға тиіс?

Бүгінде дүние жүзінде қуаты 391 ГВт-ты құрайтын 439 реактор жұмыс істейді. АЭС 32 елде бар, олардың арасынан АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көш бас­тайды. Қазір 19 елде қуаттылығы 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр. Сондықтан Үлкен ауылынан бөлек, болашақта екінші АЭС-ті – Курчатовта, үшіншісін Маңғыстау облысында салу жоспарланған.

Сонымен мамандардың пікіріне қарағанда, 2030 жылы электр энергиясына тапшылық 2,7 ГВт-қа жетуі мүмкін. Солтүстіктен оңтүстікке жөнелтілетін энергияны қайта айдау кезінде ауқымды бөлігі жоғалып, энергияның 50 пайызын шығын етеді екен. Оның үстіне генерациялайтын қуаттың негізгі бөлігін қолдану мерзімі 40 жылдан асып кеткен. Сондықтан энергетикалық жүйені модернизациялау мәселесі өзекті күйінде қалып тұр.

 Сала мамандарына сөз берсек

Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­лық басқарма басшысының орын­­басары Руслан Утелбаев: «Аумағы 47 399 шаршы метрді құрай­­тын Алматы облысы, Жам­был­ ауда­ны­ның оңтүстік-шығыс бөлі­гін­де орна­ласқан Үлкен ауылының негізгі қызметі – балық өнімдерін өңдеу және өткізу. Олар оны тіпті, алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды. Ауылдың коммуналдық қызметтері былай қалыптасқан:

 Электр энергиясымен қамта­ма­сыз ететін «Балқашэнерго-1» ЖШС мен Таби­ғи монополияларды реттеу коми­­тетінің Алматы облысы бойынша департаменті бекіткен тарифтер тұрмыстық 1 кВт – 17,5 теңге, электр қазан­дықтары 1 кВт үшін 8,63 теңгені құрай­ды. Электр қазандықтарының саны 36 болса, ол 24 көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан.

«Үлкен су» тұтыну кооперативі ауыл тұрғындарына қызмет көр­се­теді. Олар Үлкен ауылын сумен жабдықтау, қатты тұрмыстық қал­дық­тарды шығару және ағынды суларды бұру жұмыстарымен 2004 жылдан бері айналысып келеді. Бір тұрғынға шаққандағы тариф айына 740 теңгені құрайды. Оның ішін­де ауыз суға – 395 теңге (суды күн­де­лікті тұтыну шектеусіз), су бұруға – 255 теңге, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға – 90 теңге төлейді. Су құбырының ұзындығы – 17,5 шақырым. «БЖЭС» АҚ аумағында UPPV – тазартылған ауыз суды орнату және су жинау бассейні, КНС-14 пен КНС-1 кәріз жүйелерінің ғимараты мен қондырғылары орна­лас­қан. Жалпы, Үлкен ауылында орта­лық­тандырылған жылу жүйесі жоқ», дейді маман.

Руслан Бейсенбайұлы қазір елімізде энергияның 70 пайызын көмір пайдаланатын жылу электр орталықтарынан алынатындығын және «Париж келісіміне» сәйкес, 2060 жылы одан бас тартуға тура келетіндігін ескерсек, атом стансасы парниктік газ шығындыларын азайтады, деп отыр. Ол сонымен қатар елімізде ара-тұра сезіліп отырған энергия дағдарысына байланысты солтүстік аймақтағы ахуал­ тұрақтылықты көрсеткенімен, оңтүстік өңірде тапшылықтың болуы халық санының көптігімен байланыс­ты екенін де атап өтті.

 Үлкен ауылындағы ахуал

Былтырғы жылы жергілікті бюд­жет­ке 9 072 млн теңге түсім түсіп, жос­парды 100% орындаған. Инфра­құ­ры­лым жағынан келгенде сумен жаб­­д­ық­тайтын 2 желі бар. Тұр­ғын­дар­ түгелдей 4 шақырымдық жер­үсті­ көздерін пайдаланады. Су­мен­ жаб­дықтау желісі де күрделі жөн­деу­­ді қажет етеді. Ауылды жылу және­ газбен жабдықтау жайы да мәз емес.

Кәріз желілерінің ұзындығы 4 шақы­рымды құрап, оған да күр­делі жөндеу жүргізілуі тиіс. Тұрғындар жеке электр қазан­дық­тарын пайдаланып, табиғи газ тар­тыл­мағандықтан, газ баллонды қол­да­нады. 6 шақырымды құрайтын ауыл арасындағы жол да көңіл көн­шіт­пей­ді. Алматыдан Үлкен ауылына қаты­найтын бір бағытта екі автобус қана бар.

 Сарапшылар болжамы

«Париж келісіміне» сәйкес, екі жылдан кейін трансшекаралық көмір салығы енгізіледі. Бұл экономиканың бәсекеге қабілетсіздігін көрсетпек. Елімізде АЭС салынбаса, онда жоғары көміртекті энергетикамен қалады. Онсыз жасыл экономика мақсаттарына жету мүмкін емес», деген болатын «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

Салынуға тиіс екі блоктан тұратын қуаттылғы жоғары Атом электр стансасында білікті мамандар жұмыс істейтін болады. 2010-2022 жылдар аралығында еліміздің жоғары оқу орындары атом саласы үшін екі мыңнан аса бакалавр, мыңға таяу магистр және жүз елуге тарта доктор дайындаған. АЭС салынса, ғылыми-техникалық әлеуеті артып, жоғары білікті кадр­лармен толығатындығы, құрылыс кезінде 8 мыңдай адам жұмыспен қамтылатындығы, одан бөлек елімізге инвестиция салатындар қатары артып, салық қоржынына шамамен 2,5-3 млрд АҚШ доллары түседі, деп «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябеков өз ойымен бөлісті.