• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 28 Шілде, 2023

Аламан биге арналды

218 рет
көрсетілді

Тарихты парақтасақ халқымызда аты тұтастай рулы елге айналған батырлар мен билер, даңқты тұлғалар болған. Соның бірі, XYII ғасырдың басы мен XYIII ғасырдың алғашқы ширегі аралығында 100 жылға жуық өмір сүрген батыр әрі би атанған Аламан Мәмбетұлы. Бүгінде даңқты баба ұрпақтары Алматы облысының Райымбек, Кеген, Жетісу өңірінің Сарқан, Панфилов аудандарында түтін түтетіп, ұрпақ өрбітіп отыр. Еліміздің өзге аймақтарына да тамыр жайған. Тарихта танымал Аламан би ұрпақтары шежіресін жазып, «Аламан ата» саябағын ашып, кесенесін орнату мақсатында бір жыл бұрын «Аламан-Қаракет» қоғамдық қоры құрылып, аталған бағыттар бойынша жұмыстар бастаған.

Соның аясында жуырда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Аламан-Қаракет» қоғамдық қоры бірлесіп, Алматы облысы Ақбейіт елді мекеніндегі кәсіптік-техникалық колледжде өткен «Аламан би. Тарих. Тұлға. Заман» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция модераторы Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Шәмек Баянұлы жиынды ашып, оның ауылда өтуінің себебін, мән-мазмұны, күн тәртібімен таныстырды. Алғашқы құттықтау сөз тиегін ағытқан «Аламан-Қаракет» қоғамдық қорының төрағасы Жантелі Мұқиұлы жылға жуық уақыттан бері атқарған істеріне тоқталды.

Алқалы жиында «Бәйдібек баба» қоры­ның вице-президенті Қанат Дін­ста­нов қор жұмысының нәтижесінде ел ішінде белгісіз болып келген батырлар мен билер тарихын жаңғыртып, ғылыми айналымға қосқандары жөнінде сөз саптаса, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов «Қазақ қоғамындағы билер инс­титутының орны мен рөлі және Аламан би» тақырыбында ауқымды баян­дама жасады.

«Біздің тарихымыз туралы біраз деректер он сегізінші ғасырда Ресей патша­лығының қазақ жерін жаулау саяса­тын жүзеге асыр­ған орыс әскерилерінің Мәс­кеуге жазған баянхаттары мен кейін соның негізінде жазған кітаптарында сақталған. Мәселен В.Бартольдтің «Опи­сание киргиз-кайсаков средний Азий» деген кітабында Аламан би туралы да жазып қалдырған. Олар туралы ауызша тарихта айтылады, халық өлеңдерінде, батырлар жырында, аңыз, әңгімелер де бар. Ендеше соның бәрін жазып, тарихи айналымға ендіру біздердің парызымыз. Ал Аламан биге келер болсақ, ол кісі туралы ауызша таралған, сақталған әңгіме, өлеңдер өте көп. Одан бөлек жоғарыда айтқандай орыс әскерилерінің бірнешеуінің жазба дерегі бар. Олардың мәліметінше Аламан биге қарасты ауылдарда қанша түтін, жан басы неше, малы қанша болғаны жөнінде айтылады. Жалпы Абылайхан заманында қазақтар өте бай, бақуат­ты өмір сүрген. Салыстырмалы түрде қарасақ сол замандарда өзге аймақтарда да қазақ байлары мен батырларының малы мол болған. Мысалы, Арқада, Көкшетауда, Баянауыл аймағында 15-20 мың жылқысы бар дәулетті адамдар өмір сүрген. Байлықпен қоса олардың жан басы да мол болған. Өйткені көбінің екі-үштен әйелі, он бес, жиырма шақты баласы бары тіркелген. Олар туралы да жазбаша деректер орыс генералдары­ның Мәскеуге жазған баянхаттарында сақталған», деді Зиябек Ермұханұлы.

Бұдан әрі жаугершілік заманда намысты жігіттер алдымен «Аттан» дегенде жауға қарсы шауып, жорыққа қаты­сып, жекпе-жекке шығып, қарсыласын жеңіп, батырлық пен аты белгілі болатынын, бейбіт күнде ата-анасынан енші алып, мал басын көбейтіп, адал­ды­ғы, шыншылдығымен ел ішінде бе­делі көтеріліп, ағайын, ауылдастары ара­сындағы дауларды әділ шешіп, би атанатынын жеткізді.

«Ауызша деректердегі мәліметтерді сарап­тасақ, Аламан өз заманындағы батыр, би және ауқатты адам болған. Ол – Алжан аталып кеткен Мәмбеттің Сырымбет батырдан кейінгі екінші ұлы. Бұл – Алжан руынан батырлар көп шыққан. Мысалы, Сырымбет батырдың соноу Сыр бойында жерленуі де тегін емес. Ал Аламан бидің атымен аталатын жер, су аттары Талдықорған аймағынан бірнеше жерден көрініс табады. «Аламанның көкала асуы», «Аламан сай», «Аламан бұлақ» сияқты жер-су аттары бар. Енді жазбаша деректерге келсек, тәуелсіздіктен кейін жарық көрген Қазақстан энциклопедиясында Аламан Мәмбетұлы­ның өзіне қарасты ауылдарда би болғаны туралы дерек бар. Сол кезде Аламанның ауылында 450 түтін болған. Ұрпақтары Ақбас, Бекбас, Шыңбас батырлар Хангелді, Райымбек баһадүр­лер­дің жасағына қосы­лып, ел қорғаған», деген деректерді Абай атын­дағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университеті­нің профес­соры, тарих ғылымының кандидаты, саяси ғылымдар докторы Жомарт Құдайбергенұлы тілге тиек етті.

 Ғылыми басқосудағы жарыссөзді Кеген ауданында елу жыл ұстаздық еткен, ҚР Білім беру ісінің үздігі, шежіреші Нұр Мәлібеков сабақтады. Оның айтуынша, Аламан бидің ұрпақтары батыр әрі өсіп-өнген. Жалпы, конференцияда он шақты ғалым Аламан биге қатысты баяндама жасап, шежіреші ақсақалдар жарыссөздерін жалғастырды. Олардың бәрі Аламан бидің батырлық, билік, дәулетті тұлға ретін­дегі қасиеттерін сан қырынан суреттеді. Ауызша тарих пен жазба деректерден мәліметтер келтірді.