• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Шілде, 2023

Тығырыққа тіреген су тапшылығы

495 рет
көрсетілді

Сырдағы шаруалардың бүгінгі басты уайымы дария арнасының төмендеуі болып тұр. Кейінгі үш-төрт жылдан бері егін және мал шаруашылығымен айналысатындарды алаңдатып келе жатқан мәселе биыл тіпті тығырыққа тіреп қойды. Ерте көктемде су молайып, арнадағы артық су көптен кенезесі кеуіп жатқан көлдер жүйесіне жіберілгенін көрген жұрт «Бұйырса биыл қиналмаспыз», деп қуанысқан еді. Бірақ вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына болжанған су түспей, «Үйдегі есепті базардағы нарық бұзадының» кері келді. Амалы таусылған диқандар облыстық кәсіпкерлер палатасында сала мамандарымен кездесіп, мәселені шешудің жолдарын іздеді.

Палата жанындағы Агроөнеркәсіп кешені кеңесінің кезекті отырысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, «Қаз­сушар» ШЖҚ РМК Қызылорда фи­лиалының, Арал – Сырдария бассейндік инс­пекциясының өкілдері шаруаларды шар­шатқан мәселеге түсініктеме берді. Арал – Сырдария бассейндік инс­пек­ция­сының бөлім басшысы Сейітқасым Әбуовтің айтуынша, 2021 жылдан бастап облысқа бөлінетін аяқ су лимиті азай­ған. Осы жылы әдеттегі 4,1 млрд ор­нына 3,6 млрд текше метр су бөлінді. Биыл­ғы лимит 3,8 млрд текше метр еді, бі­рақ қазіргі көрініс оның да толық же­теріне күмән тудырып отыр. Осы күні Шар­дараға жоғарыдан секундына алдын ала бол­жанған 300 текше метрдің үштен бірі ғана түсіп тұр. 10 тамызға дейін дарияға 500 текше метр су тасталып, одан кейін азайтылады деп жоспарланғанымен, өзен арнасы одан бұрынырақ ортаюы мүмкін.

Қажет кезінде тапшылық көріп отыр­ған диқандар тамыздың алғашқы онкүн­дігінде күріш суы тартылып, ораққа дайындық басталатынын айтады.

– Мамырда керек су маусымда берілді. Осы күні каналда су жоқ, әр жерден қиы­лып, кей тұсы тандырдай кеуіп тұр. Қазір болмаған судың тамызда қажеті шамалы. Су жетпегендіктен, 125 гектарға еккен күрішімізді көктей күйдіріп алдық. Енді қалған егінімізге қауіп төніп тұр, – деді Қармақшы ауданындағы «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев.

Қызылорда қаласы тұсында дария­дан бөлініп шығатын Шіркейлі каналы Сырдария, Жалағаш пен Қармақшы аудандары егіншілеріне су жеткізіп отыр. Осылардың ішінде алабөтен қиындық тартып отырғаны – қармақшылық диқан­дар. Осы аудандағы Алдашбай ахун ауылына аяқ су жетпегелі 5-6 жылдың жүзі болып қалды. Қазір қам жасамасақ, осы кепті бер жағындағы Тұрмағамбет ауылы да кигелі тұр. Оның аяғы елді мекендегі жүздеген адамның жұмыссыз қалып, ауылдағы тіршілікті тұралатумен бітеді.

«Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаев биыл мекемемен 841 су пайдаланушы келісімге отырғанын айтады. Осы уақытқа дейін шаруашылықтарға белгіленген лимиттің 69 пайызы берілген. Вегетация кезінде Шардарадан түсетін су қазіргі көлемнен азайып кетсе, ішкі каналдардың лимиті қиылады. Қазіргі қиындықтан шығудың осыдан басқа амалы табылмай тұр.

Арна төмендегелі бері «Қазсушар» ШЖҚ РМК филиалы шаруашылықтарға суды кесте арқылы беруге көшкен. Бірақ ол тәртіптің де диқандардың кө­ңіліне қона кеткені шамалы. Тапшылық титықтатқан шаруалар Шардараның маңа­йынан қосымша су қоймасы салынса, Арнасай арқылы Өзбекстан аумағындағы Айдаркөлге аққан мол судан үлес алсақ деген ұсыныс айтады. Оншақты жыл бұрын көрші облысқа сапар шегіп, сондағы су мамандарынан 1994-2008 жылдар аралығында Шардарадан Айдаркөлге 38 млрд текше метр су аққанын естігенбіз. Қос облыс қарғын суға қарық бола жаз­даған жылдары көршілерімізге қазіргі Шар­дарадан 5-6 есе үлкен су айдынын осылайша өзіміз жасап беріппіз.

Су тапшылығын болдырмау үшін күріш көлемін азайту керек дейтіндер көп. Сала мамандарының пікірінше, бұл тығырықтан шығар жол емес. Қазір облыс аяқ судың 43 пайызын сырттан алып отыр. Бұл егіс көлемі Қызылордадан 3 есе көп көршілес Түркістан облысы диқандары алатын су көлемімен пара-пар. Егер күрішті тоқтатсақ, жоғарыдан түсетін судың жолы байланады. Мұндай жағдайда онсыз да жазда қайыры көрініп жататын Сырдарияның орнын сипап қалуымыз ғажап емес. Қауіптің алдын алу үшін шаруашылықтар ауыспалы егіс талаптарын сақтап, суды барынша үнеммен пайдалануы керек.

– Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, басқа дақыл­дардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен. Бұл – мамандардың тұжырымы. Одан бөлек, саладағы 550-дей ірілі-ұсақты шаруа­шылықтан он мыңға жуық маусымдық және тұрақты жұмысшы нан тауып отыр. Біз, ең алдымен, осыны ескеруіміз керек, – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Қайратбек Сәрсен­баевтың айтуынша, суды үнемді пайдала­нудың басты жолы – ауыспалы егіс талабын сақтау.

– Көп жылғы мораторийден кейін жүргізілген тексеруде облыс бойынша 25 мың гектарда осы талаптың бұзыл­ғаны анықталды. Оның басым бөлігі Сырдария ауданының үлесінде болып тұр. Одан бөлек, «Қазсушар» ШЖҚ РМК филиалымен келісімге отырмайтын шағын шаруашылықтар бар. Олар да ортақ каналдағы заңды жолмен су алып отырған ірі құрылымдардың үлесіне ортақтасады. Есеп бойынша күріштің өзіндік құнында судың үлесі – 5,8 пайыз. Яғни ең арзаны. Оның да жартысы субсидия арқылы өтеледі. Сонда да тегін алғысы келетіндер аз емес. Келер жылдан бастап Шіркейлі каналы арқылы берілетін суды есептеуді «Рубикон» автоматтандырыл­ған жүйесімен бақылау басталады деп отырмыз. Бұл үшін канал бойындағы су қондырғылары талапқа сай болуы керек. Қалай болғанда да сең қозғалды, тамшы судың да есебі сұралатын кезең туды, – дейді ол.

Су тапшылығы егіншілерге ғана емес, мал ұстап отырғандарға да қиын тиіп отыр. «Сыр сыйы» шаруа қожалығы­ның жетекшісі Нұрлан Биманов жауапты мамандар шабындыққа берілетін су мәселесін де ескеруі керек дейді. Сырда­рия ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы шабындыққа төрт жылдан бері су бармай, бұрын жайқалып тұратын жер шаңы аспанға ұшқан шөлге айналған.

– Ауыл шаруашылығы министрлі­гі­нің ұйғарымымен былтырдан бастап жемшөпке берілетін субсидия жергілікті бюджетке жүктелді. Өткен жылы субси­диясыз амалдадық. Шабындық пен жа­йылым жайқалып тұрса, бюджетке иек ­артып, сол демеуді сұрамайтын да едік. Қа­зір жемшөптің қымбаттығы мен мал ұстау­ға жағдайдың жоқтығынан фермерлер арасында басқа кәсіпке көшіп жатқандар көп, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлер облыс аумағындағы қа­рау­сыз қалған каналдарды теңгерімге алып, берілетін суды қадағалайтын ар­найы комиссия құруды ұсынады. Шаруа­ларды тығырыққа тіреп отырған мәселенің әзірге көзге көрініп тұрған бір шешімі осы болып тұр.