Қазақстандағы білікті театр сыншылары «отандық театрдағы сана төңкерісі» деп баға берген «Ұждан» қойылымы алдағы күзде Ресей астанасында өтетін «Подмосковные вечера» VII халықаралық театрлар фестиваліне шақырту алды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы тамыз айынан қызу дайындыққа кірісіп кетуді жоспарлап отыр.
Қазан айының соңы мен қараша айының басында Мәскеуде өтетін халықаралық фестиваль керекулік театр үшін өнер шыңына ұмтылу мен көрермендер шекарасын кеңейтуде тың қадам болмақ. Шындап келгенде, биылғы «Ұждан» қойылымы еліміздегі театрлар арасында жыл жаңалығы атанып отыр. Ресей еліндегі ұйымдастырушылар Қазақстаннан түскен өтінімдерді сұрыптай келе, таңдауын «Ұжданға» арнауы бұл қойылымның өзгелерден шоқтығы биік тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдесе керек. Биыл наурыз айында тұсауы кесілген Шәкәрімнің әпсанасы қай сахнада қойылмасын, көрермендердің керемет қолпаштауына ие болды. Премьераны бұған дейін Павлодар, Семей, Өскемен жұртшылығы тамашалады.
Қазақ даласында театр пайда болғалы талай саңлақтың дүниесі көрерменге жол тартты. Алайда тап қазіргі өмірде қоғамның ауруын дөп басып, оны театр табалдырығын аттайтын қалың қауымға әсерлі әдіспен жеткізу – екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Аймауытов театры жуықта көптен күткен сана төңкерісін жасап, моральдық сана-сезім ұғымының ең жоғары категориясын сахнадан көрдік. Көрдік те «Ұжданның» бүгінгі қоғамдағы құндылығының өлмегеніне куә болдық. Өнер ордасының әдеби драма бөлімінің меңгерушісі, «Ұждан» әңгімесінің сахналық нұсқасын жазып шыққан Нұркен Тұрлыбек әпсана жанрын таңдағанда қателеспепті, қатты сүйсіндік. Театрдың іргетасын бірге көтерісіп жүрген өнер майталмандары мен жас актерлер ұжымының үйлескен пластикалық іс-қимылы, жан азабынан туындаған сәттер, ар, ынсап, әдiлет, мейiрiм, жауапкершіліктен жұрдай болған қоғамның қандай жағдайға жететінін дәлелдей түсетін әр көрініс бірінен бірі өтеді. Ұжданды шыңырауға қамап, адамдарды тобырға айналдыру, пенденің ішкі сезім иірімдерін ащы шындықпен жеткізу, өткенге өкініш айту, адами қасиеттердің ең биік шыңын төмендету, қолда бар алтынның қадірін білмеу, уақытты ұрлату, тағысын-тағылар.... Қойылымда қазіргі қоғам бойынан сусып бара жатқан құндылықтың барлығы бар.
Шәкәрім Құдайбердиевтің «Ұждан» әңгімесі негіз болған философиялық әпсананы көріп, ішкі түйсікпен ұғыну керек. Әрі сол иірімнің ішінен өзіңізді іздеу керек. Басқадай жеткізу мүмкін емес. Бұл қойылымға Мәскеудегі Станиславский театрында еңбек еткен Азамат Нығманов режиссерлік еткенін айтып өткен абзал. Франциядан костюм жөніндегі суретші және қоюшы суретші Элли Раншэ, ресейлік хореограф, пластикалық қимыл-би жетекшісі Илья Подчезерцев, Алматы қаласынан жарық беруші Данияр Сатыбалдиев премьераға кәсіби тұрғыдан жаңалық әкелді.
«Шәкәрімнің «Ұждан» әңгімесінің сахналық нұсқасын эксперименттік-философиялық әпсана деп атауға болады, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов. – Адамдағы ынсап, әдiлет, мейiрiм – үшеуiн қосып айтқанда ұждан деген ұғым шығады. Эксперименттік қойылымның ерекшелігі – мұнда басты рөл жоқ. Барлығы қала тұрғындары, халық арасында өтеді. Адами қасиеттердің биік шыңы саналатын ұждан мәселесі бүгінгі алмағайып заманда аса өзекті. Көрерменді терең ойға жетелейтін, көріп отырып сахнадағы кейіпкерлер арасынан өзін іздейтін қойылым Мәскеу төрінде де сәтті шығады деп үміттенеміз. Жалпы, әпсанада 26 актер ойнайды. Мұның сыртында бірге еріп баратын әкімшілік және техникалық қызметкерлер бар. Жалпы саны 40 адам Мәскеуге барады деп жоспарланған. Фестиваль біз үшін үлкен мәртебе болғалы тұр. Мытищинский драма және комедия театрының сахнасында өтетін сынға жалпы саны 14 театр қатысқалы отырса, Қазақстаннан біз – жалғыз үміткерміз. Жалпы, Аймауытов театры үшін бұл – алғашқы халықаралық фестиваль. Мәскеуде қазақ зиялыларының мол шоғырланғанын әрі режиссеріміз Азамат Нығмановтың сол жерден екенін ескерсек, қойылым барысында көрерменнен кенде болмайтын сияқтымыз».
Аймауытов театрының басшысы Арман Темірбектің пікірінше, мұндай бәсекеге қатысу – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. 40 адамды Мәскеуге апарып-әкелуді, жатын орны мен ішер асын ұйымдастыруды өнер ордасының қалтасы көтермейтіні анық. Сондықтан Павлодар облысының әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан көмек бола ма деп үміттеніп отыр театр ұжымы.
Айтып өтейік, өнер ордасы бұған дейін Қазақстандағы театр фестивальдарына қатысып, барлығынан олжалы оралған. Орал қаласындағы бәсекеде «Король Лирмен» «Үздік сценография» аталымын жеңіп алса, Көкшетауда «Венециялық егіздер» қойылымы «Үздік режиссерлік қойылым» аталымына ие болған. Ал көрнекті режиссер Чапай Зұлхаштың құрметіне Атырауда ұйымдастырылған І республикалық фестиваль-форумда актриса Бахаргүл Құрбанова «Қымбатты Елена Сергеевна» спектакліндегі Елена Сергеевна рөлі үшін «Үздік актриса» атанды.