• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Тамыз, 2023

Өрікті көл көтерілісі

561 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы 7 маусым күнгі санында «Қашқын қалмақтың лаңы» атты жазба жарияланды. Онда барша қазақтың бір пұшпағы Қобда бетінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың ХХ ғасыр басында бас­тан кешірген тағы бір «ақтабан шұбырындысы» туралы айтылған болатын. Ал мына жазба сол оқиғаның жалғасы іспетті. Яғни қашқын қалмақтың кәріне ұшыраған қазақтар ақыр соңында көтеріліс ұйымдастырып, онымен қоймай патшалық Ресейге бас сауғалаған.

Жоғарыда аталған мақалада айтыл­ғандай, қашқын қалмақтың кесірі­нен күл төгіп, қоныс тепкен жұр­ты­нан айдал­­ған көш шамамен 1912 жыл­дың мамыр айының басында қазіргі Бай-­Өлке аймағының орталығы Өлгей қа­ла­­сы­­ның оңтүстік-батысына қарай жиырма ша­­қы­рым­­дай қашықта орналасқан Сары­көл, Өмінғол, Қағылғаты маңына жетіп ­тоқ­тайды. Осы тұста ел ішінде на­разы­лық етек алып, қашқын қалмақ­тың іс-әре­кетіне қарсылық таныту үшін ұйымдаса бастайды.

Бірақ қолдарында жайлауда үй мор­лауға жарайтын кетік күрек пен жүзі ма­йырылған теседен басқа түгі жоқ халық дағдарып тұрса:

«Ел ішіне астыртын жансыз салып,

Қит еткен іс қалмаққа хабарланып,

Сұмдар шығып жандайшап

жағынушы,

Атшабар болып алды бағы жанып», ‒ деп ақын Кәп Құмарұлы жырлаған­дай (Құмарұлы.К. «Ырғайлы жартас». Астана: Фолиант, 2013. – 76-б) жауыз Жа­­ламаға қарсы шығудың қамын ойла­ған қара­қас руының басшысы Ақымбек Тоқ­құл­ұлының әрекетін «жандай­шап­тар» қалмаққа хабарлап қояды.

Сөйтіп, ел ішінде болуы мүмкін қар­сылық, яғни бүліктің алдын алып, айдал­ған жұрттың жүрегін шайлықтыру үшін жауыз Жалама Ақымбекті ұстап алып, терісін тірідей бітеу сыпыртады. Бұл – адамзат тарихында көп кездесе бер­мейтін зұлымдық. Жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы 1974 жылы жарық көрген «Өрікті көл» повесінің 38-бетінде: «…Бай­­лаулы жатқан Ақымбекті шал­қасынан сал­ды да, бірнешеуі басып отырып, бас­қалары іреп соя бастады…», ‒ деп суреттейді.

Ескі көздер Ақымбек марқұм дәл терісі сыпырылған жерде жерленген дейді. Зираты аймақ орталығынан отыз шақырымдай жерде орналасқан. Өл­гейден тура Сарыкөлді бетке алып атта­насыз, жолай күрт оңға бұрылып, құ­лай аққан Өмінқол өзенін қиып өтіп, Қа­ғылғатыға қарай тура тартсаңыз, алды­ңызда жатағандау келген төбешік тұр. Бұны жергілікті жұрт «Қызылтөбе» деп атайды екен. 2017 жылы атамыздың басына ескерткіш тас орнатқан екен. Ол тасқа: «Қарақасназар Ақымбек Тоққұлұлы (1878-1912). Бұл жерде 1911-1912 жылдары бейуаз елді қан қақсатқан қарақшы Жаламаның (Дамбижансын) қарулы әскерімен ел үшін соғысып, ақыры қолға түсіп, тірідей терісін сыпыртса да, ар-намысын таптатпай кеткен Ақымбек батыр жерленген. Ұрпақтары. 2017» деген сөз таңбаланыпты.

Жауыз Жалама бітеу күйде іреп со­йылған атамыздың терісінің ішіне шөп тығып, буддалық діни рәсім орындауға пайдаланғаны туралы дерек бар. Мыса­лы, ресейлік саудагер әрі моңғолтанушы ғалым Алексей Васильевич Бурдуковтың (1883-1943) естелігінде: «Бітеу сойылған адамның тұлыбы Дамбижансынның қоймасында тұрғанын көзім көрді. Жа­ла­мадан: «Бұл адамның тұлыбын не істейсің?», деп сұрадым. Ол: «Діни рә­сімдер орындауға қажет», деді. Мен мұн­дай нәрсені азық-түлікпен бірге сақ­тау­ға болмайтыны жайында ескерт­тім», десе, («В старой и новой Мон­го­лии». ҰБ, 1987 жыл, 112-бет), 1914 жылы жауыз Жаламаны қолға түсіру операциясын басқарған офицер Булатовтың естелігінде: «Өткен жылы (1912) Жалама қазақ жігітінің терісін тірідей сыпырғаны туралы естісем де, сенбеген едім. Алаяқ ламаны қолға түсірген соң тірі тұлыпты іздеттірдім. Оның қайда екенін бекіністегі орыс саудагерлері айтты. Ол тұлыпты Жалама өз ордасына азық-түлікпен бірге сақтаған екен. Бұл тұлыпты Жаламаның қатыгез, қаныпезер адам екеніне дәлел ретінде Қобдаға алып келдім. Тұлып дәл қазір менің қолымда тұр», дейді.

Қысқасы, атамыздың тұлыбы 1914 жылы Жаламамен бірге оның жауыз­ды­ғының куәсі ретінде Иркутск қаласы­на барған. Оны алып барған – орыс офи­цері Булатов. Осы оқиғаның ізіне түсіп іздеген жазушы Мұхтар Мағауиннің сөзіне жүгінелік: «Жалама қастерлеген тірі тұлып бақытсыз қазақтың тірідей сы­пырылған терісі қандыра иленген, бар кейпін сақтаған тұлып тағдыры сәл өзгеше қалыптасты. Әуелде Жалама­ның қадамын қырыққан капитан Булатов­тың қолына түскен еді. Қаныпезер қарақшының қылмысты істерінің бір айғағы ретінде өзімен бірге ала кетеді. Анығы – 18-ші бұлғақ жылы Иркутскіде тұруы. Және чехословак легионының әпесері Вацлав Копецкиймен ежеттес дос болуы. Алас-күлестен соң еліне қайт­қан чех жігіті досы сыйға тартқан тірі тұлыпты өзімен бірге әкетуі. Сол қалпы әлде қойма, әлде сандықта сексен жыл жатқан. Ақыры бұл тараптағы қауым да Орыс өктемдігінен азат болған соң, дүние кеңейген кезде, Копецкий­дің әлде немересі, әлде шөбересі біздің тұлыпты Чех Республикасының астанасы Праганың қақ төрінде тұрған Ұлттық музейге табыс еткен. Тап-таза бүлінбе­ген, әсем, әдемі қалпында», деп жазады. Бұған ешбір алып-қосарымыз жоқ. Біздің қолдағы деректер де осылай дейді.

Ой, дүние-ай, ХХ ғасырдың басында Қобда өлкесінде болған осы бір қым-қиғаш апақ-сапақ саясаттың құрбаны болған Ақымбек атамыздың тұлыбы айналып келіп Еуропадан бір-ақ шықса, оны сойған Жаламаның басы Петербордағы Кунсткамерада сақтаулы тұр.

* * *

Мақаланың басында айтқанымыздай, айдалып келген ел ала жаздай Олоннор ойпатын шиырлап, алды Ұлан Оқшы тауына барып жайлайды. Содан күзге қарай Қобда дариясының суы тартылып, өткел босаған тұста жауыз Жалама елді Өрік­ті көлге қарай айдайды. Бұл оқиға Нәжі­кеш Таңқайұлының жырында «Айдады су тартыла одан әрі» деп суреттеліпті.

Осылай күндіз-түні жөңкілген көш күзде тартылып қалатын «Шинесу» (Шинэ ус) арнасын кесіп өтіп, қазіргі Убсы аймағына қарасты Бөкемөрен сұ­мыны тұсына келіп аз аялдайды. Одан әрі ақын Нәжікеш Таңқайұлы айтқан­дай, «Ең­кейдік күз басында Бөкемөрін, Айдал­дық одан әрі Нарын даба, әр жағы Өрік­ті көл – жазық дала» дегеніндей, көштің жүрген жолы дәл осылай өрбиді. Жөңкілген көш Нарын дабадан асып, алды Өрікті көлге, соңы Бұрғыстай өзе­нінің сағасына келіп тұрақтайды.

Осындағы ел айдалған оқиғасы тура­­лы орыс саудагері А.Бурдуков «Си­бирская жизнь» газетінің 1913 жылғы 16 қараша күнгі санында «А.Чуец» деген бүркеншік атпен «В независимой Монголий» атты мақала жазыпты. Бұл жазба өте құнды. Өйткені бұл адам Қобда бетіндегі орыс саудагерлерінің сауда ісін жүргізумен қатар, патшалық Ресейдің барлаушы­сы болған һәм қазақтар айдалған оқи­ғаны көзімен көрген. Осы жазбада: «Қазақ­тар (түпнұсқада «қырғыздар») Қоб­да округінің шет аймақтарында қоныс­танған бұқараны жиі шабуылдай бер­геннен кейін тамыз айының 20-сы шамасында Қобда өлкесінің бас жетекшісі Дамбижансын қолбасшы Ма­сайд (Мақсыржаб) отрядының елу әске­рін қосып алып қазақтарды айдады» дей отырып, қазақтардың бұлай жер аударылуы өздерінің кесірінен болған деген  сыңайлы тұжырым жасапты.

* * *

Еріксіз айдалған жұрт Өрікті көл мен соған құятын Бұрғыстай өзені саға­сына келгенде көтеріліс жасайды. Бұл оқиғаға үлкен ойшыл-жыршы Ақыт қажы Үлімжіұлы:

«Жаламаға бодан болмай кетейік деп,

Жаламадан өктемдікті көрдік қанша,

Елдіктен азып әбден қор болғанша,

Дүниеден шейіт болып өтейік деп.

Тәуекел басымызға қойдық байлап,

Балта, күрек, бақанды алдық сайлап,

Бір-бір мал кешке таман тілеу тілеп,

Жыладық қор қылма деп, иә, құдайлап,

Түн жастап, жаумен келіп араластық

Өлімге тәуекел деп басты байлап,

Шерікті қамап жатқан бәрін

жайлап»,

– деп жырласа, келесі бір деректе: «Өрік­ті көл жағасы. Айлы түн, жұрт шырт ұйқыда. Шыңғырып, шырылдаған өте жайсыз дауыстан ел шошып оянды. Жұрт үдере шығып қараса, ботақара Шонжай батыр бір шерікті найзамен шаншып алған, ат үстінде тік көтеріп тұр. Шыңғырған соның дауысы екен. Осылай көтеріліс басталды», дейді («Моң­ғолиядағы қазақ халқы». ҰБ, 2007 жыл, 152-бет).

Көтеріліске не түрткі болды? Кім­дер ұйымдастырды? Бұл сұрақтарға хал-қадерімізше жауап іздеген болдық. Осы жерде бұрын-соңды зерттеушілердің назарына ілінбей келген бір оқиға бар. Өрікті көл маңында қырылған шерік­тер, біріншіден, жергілікті жердің адам­дары емес, бұлар ішкі өлкеден Мақыр­жабқа еріп келген Боғда хандық Моңғол мемлекетінің әскерлері. Екіншіден, көтерілістің бұрқ етуіне басты себеп: Жаламаның бұйрығымен қазақтардан будда дінін оқыту үшін шәбі (шәкірт – мүрит) жинап алуға адамдардың келуі.

Бұған дейін тыныш көшіп келе жатқан қазақтарды «шәбі алу», яғни «балаларына кәпірдің дінін оқыту» қатты әсер еткен сыңайлы. Бұл оқиға өзі айдалып, қиналып келе жатқан жұрттың ашуына май құйғандай әсер етті. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлының пайым­да­уын­ша, Бұрғыстайда аялдаған көшке бір топ шерік келеді де: «Отыз бала шәбі аламыз», дейді. Қазақша айтқанда, отыз қазақтың баласын Жаламаның Сары­секедегі ордасына апарып, будда дінін оқытады деген сөз. Расында, халықты үрейлендірген – осы оқиға.

Зерттеуші Зарыққан Бағылатұлы: «Өрікті көлді жағалай қонып, итарқа, қос, жаппа, күрке тіккен ел. Кешкісін мал шулап, ит үріп, айғай-шу араласып, ас қамдалып түтін будақтайды... Бүгін Жалама жағынан әскер, жай адамы аралас бір топ келіп, елді аралап, балаларды тізімдей бастады. Ел: «Қазақтардан бұтханаға шәбі алып, балаларды будда дінінің салтымен тәрбиелемек», дегенді естігенде: «Жеткен жеріміз осы болса, енді не тұрыс?» деп көтеріліске дайындалды», деп жазыпты (З.Бағылатұлы. «Тұғырлы тұлға Тұрды Төлекеұлы», Астана: 2022 жыл. 39-б). Ел ағалары шәбі алуға келген әскерге: «Жақсылап дем­алыңдар, біз шәбіге баратын балаларды жинап, олардың ат-көлігі мен жол азы­ғын дайындап, ертең аттандырамыз», деп алдаусыратып көтеріліске дайындалады.

Расын айтқанда, айдалып бара жатқан бұқара көп жағдайда болып жатқан оқиғаның аңдысын байқаған сияқты. Қажет болса, Сарыкөлде де көтеріліс жасауға болар еді ғой. Өйтпеді. Неге? Ол кезде әбден есірген халқа әскері қазақтың бірін қоймай қырып тастауға бейіл болатын. Бұларға берілген «қажет болса қырып тастау туралы» құпия тапсыр­ма да бар еді. Егер қазақты қырып таста­ған жағдайда: «Неге өлтірдің?» деп құн сұрайтын жан баласы жоқ екенін аталарымыз білді. Оның сыртында, халықтың қолында кетік күрек, майырылған шоттан басқа ілікке алар қару жоқ. Екіншіден, халқа әскері күдіктенбесін деп, көш бойы «ләпбайлап» олардың сеніміне кіреді. Ондағы мақсат – қарулы шерікті бейғамдандыру.

Көш Өрікті көлге жеткенде айдап келе жатқан халқа әскері бірнеше күн еру­леуге рұқсат береді. Осы сәтті пай­дала­нып қалуды ойлаған ел ағалары: «Жаңа қонысқа келіп қалдық, Жаламаның құр­метіне той жасап жіберсек қалай?» дейді. Қазақтардың бұл ниетін моңғолдар қа­был көреді.

Сонымен той өтеді. Шеріктер масайрап жатады. Онымен қоймай олар қыз-келіншектерге ән салдырады. Көтеріліс болатыннан хабардар қыз-келіншектер өлең айтқан болып, сыртта дайындалып жатқан азаматтарға былай деп хабар береді:

«Қос жақта мылтық ұстап

шерік отыр,

Тесіліп айналаны көріп отыр,

Үйде де шерік біткен ұйықтаған жоқ,

Жау күтіп сырттан келер

берік отыр.

        

Алдымен шамаң келсе, қос жаққа бар,

Дыбыссыз сол шіркінді жайға да сал.

Мұндағы жау маужырап

ұйықтаған соң,

Қапысын тауып жауды ыңғайлай сал.

 

Салғаным қаракерге шідер ме еді,

Кемпірді бұлар сыртқа жібермеді.

Бар болса бойда жаның

айтқанды істе,

Намысын ел жұртыңның

жібермеші».

«Осылай іштегі әнші әйелдер арқылы хабар алған жұрт «Құдайға тәуекел!» десіп жұдырықтай жұмылып, шеріктерге көрсетпей қайрап дайындап қойған балта, тесе, күректерді саптап дайындық жасайды. Қанша білдірмейін десе де, күбір-сыбыр, қас пен көздің ыңғайын байқап сезіп қалғандарға: «Іш пікірің ішіңде болсын» деп ескертеді. Құдайы жасап, жай-күйлері келісіп, етке тойып, қол тартқан араққа масаңдаған шеріктер­дің көзі ұйқыға бара бергенде апыр-топыр басталады. Әуелі күзетте отырған мас шеріктің көзін құртқан соң келісім бойынша Әубәкір балуан бастаған бірінші топ шеріктер жатқан киіз үйді көтеріп лақтырғанда Көрімбай, Шонжай, Тоқтаубай, Тышабайлар бастаған қару­лы топ шеріктерге ес жиғызбай кескі­леп, ұрып-соғып жаныштағанда әп-сәтте қырықтай шеріктің қаны тарам-тарам болып ақты. «Әне біреуі құтылып кетті!» деген Шонжай батырдың қат­ты дауысы шығып, жарқабақтың астына барып тығылған шерікті қуа жө­нелді. Қашқан шерікті адымын аштырмай бақыртып өлтіріп жатты. Бір сәт тыныштықтан кейін қайыңтоздың қабығына май араластырып дайындаған шырағданды жақты. Шеріктердің өлігін тексеріп, түгендеп көргенде санынан бір кісі жоқ болып шықты. Анықтап тексерсе, шеріктердің аспазы жоқ екен. Жаңа ғана үйді құлатқанда ішінде отырған болатын. Өзі аяғы ақсақ кісі еді. Аты Уншаа болатын. Жалама өзіне қарсы шыққандықтан ноқталап алып жүрген Арсалаң Белдемшеұлына тамақ апарып беріп, сыртта болып жатқан жағдай­дан хабардар етіп отырған», деп жазады өлкетанушы Шерхан Орайханұлы.

Осы мәселені егжей-тегжей зерт­тей келе, көтерілісті негізі ұйымдас­ты­ру­шылар бұл адамды (Уншааны) әдейі тірі қалдырған. Өйткені бұл адам жер­гілікті жердің тумасы болғандықтан, қазақ­тарға іштей болысып жүрген екен. Сол себепті оны аман алып қалып, Жаламаға тіл жеткізу үшін қазақтар өті­рік айла ойлап тауып, ел бейқам жат­қанда Алтайдан әскер бастап келген Сүкірбай би шеріктерді қырып тас­таған болдырады. Сол үшін руы саңы­рау Кеңетек деген пысық жігітті Сүкір­бай қылып киіндіріп, атқа мінгізіп қо­йып, бар дауысымен үкім айттырады. Сондағы Кеңетек-Сүкірбайдың сөзі: «Мен Сүкірбаймын, Алтайдан әскер ­бастап келіп, елімді құтқардым. Мына өлген шеріктердің обал-сауабы Жаламда. Ол менімен соғысқысы келсе, дайынмын. Осы сөзімді, Уншаа, сен қожайыныңа айтып бар!» деп айғай салады.

Жалғыз өзі тірі қалған Уншаа бұған ра­сында сенген тәрізді. Нәтижесінде, Қо­с­­ағашқа ауған елді індете қумай қа­луының бір себебі осы болса керек. Бер­тінде осы Уншааның Аңға (Ангаа) де­ген баласы Қобда өзенінің Ащыкөлге жалғасып жатқан құйғанын мекен етті. Сол жерді тұрғылықты халық бертінге дейін «Аңғаның аралы» деп атап жүрді. Дәл осы жер менің (Бекен Қайратұлының) туған топырағым болғандықтан, бәрінен хабардармын. Кейін осы Аңғаның баласы Эрденеге Шерхан ағамыз жолығып, атасы Уншааның аузынан естіген әңгімені жазып алған. Осы жазбада: «Қазақтар Жаламаның шерігін қырғанда менің атам аман қалыпты. Өйткені бір сойқанның боларын біліп тас-түйін ұйықтамай да­йын отырған екен. Көтерілісшілер үйді лақтырғанда бірге лақтырылып, одан шиге оранып алып домалай қашып­ты. Осылай аман қалыпты. Биік қабақ­тың астына тығылып жатып, қазақтар шеріктерді бақыртып өлтіріп жатқанын естіпті. Бұл күздің соңғы айы болса керек, күн суық болыпты. Атам Шібір өзенінде отырған елге зорға жетіп аман қалып­ты», деген жолдар бар.

«Кеңетектің айқайынан кейін адамдар үй-үйлеріне тарап, таң шеті сөгіле үйлерін жығып көшуге қамданды. Үйір-үйір жылқыны айдап келіп қолдарына ілінген атты ұстап мінді. Әубәкір балуан жуан аттарды шоқтығынан бүріп ұстап тырп еткізбей адамдарға ұстап беріп тұрады», десе ескі көздер естелігін­де, ал Жаламаның өмір-тарихын терең зерттеген адамның бірі орыс ғалымы Инесса Ломакина ханым 2005 жылы Ұланбатырда моңғол тілінде жарық көр­ген «Жаламаның басы» атты еңбегінде: «...айдауда келе жатқан 300-ге тарта қазақ отбасы Бұрғыстай өзені жағасында бір түнде көтеріліс жасап, 26 шерікті қырып салып, Ресейдің жері Қосағашқа өтіп кетті. Бұл әскерлер астанадан (Күрені айтады) арнайы жіберілген үкімет жа­сағы еді», дейді (Инесса Ломакина. Жала­маын толгой. Ұланбатыр. 2005 ж. 92-б).

Бұл жерде назар аударатын мәселе: қазақтар қолынан өлген шеріктер саны. Жоғарыда И.Ломакина «26 шерік өлді» десе, оқиғаны бастан-аяқ бақылап жүрген орыс саудагері А.Бурдуков: «Далай хан уалаяты Өрікті көл маңында киргиздар (қазақтар) көтеріліс жасады. Олар бір түнде Бұрғыстай өзені жағасында жатқан 33 шерікті ноянымен қоса қырып тастап, 300 шаңырақ Ресей шебіндегі Қосағашқа өтіп кетті» деп жазыпты (А.В.Бурдуков. В старой и новой Монголии. Ұланбатор, 1987 г. Стр.-98). Соңғы сан (33 шерік) Сарай Асқанбайұлының жазбаларында да кездеседі. Демек өлген шеріктер саны – 33.

Осы қырғынның ішінде болған ақын Нәжікеш Таңқайұлы «Ел айдалған» атты дастанында:

«Өлім мен өмір үшін басты байлап,

Сайманды күннен бұрын

алдық сайлап,

Қолға алып, ләшкермен араласып,

Әп-сәтте шыға келдік бәрін жайғап,

Бір күні керек болып қала ма деп,

Біреуін ертіп алдық көзін байлап,

Тіккен үй мүкамалдың бәрін тастап,

Жөнелдік отаршыдай малды айдап,

Бес күн, бес түн суытпай көлік белін,

Тағдыр-ай Шүй қалаға келдік

жайлап...» –

деп жырлағанындай, халқа әскерін қы­рып тастаған ел көштің артына қарауыл қойып, орыс жері Қосағашты бетке алып тартады.

Дәл осы кезде Қосағашқа бет түзеген қазақ көшімен жолай кездескен неміс сая­хатшысы Херман Констен (1878-1957) олармен сапарлас болғаны туралы естелік жазып қалдырған. Ол жазбасы Hermann Consten: «Weiderlatze der Mongolen im Reiche der Chalchа» деген атпен 1919 жылы Берлинде жарық көрген кітабында: «...Қобда өзенінен өтіп, орыс жеріне қарай бет алдық. Жолай қа­зақтардың үркін көшіне жолықтым. Маң дала астан-кестен. Маңыраған мал, шулаған адам. Жол бойы көшке ере алмай адасып қалған қозы-лақ, бота-құлын. Бейбақтар көздері жәудіреп далада қалып жатыр... Қасымдағы атқосшы моңғол жігітті осы жерден қайтарып жіберіп, өзім қазақтардың үркін көшіне ілестім. Қазақтардың үш топқа бөлінген үлкен көші бір-бірінен көз жазып қалмай түйелі көштің ырғағымен ілгерілеп барады. Десе де бойларындағы үрей күшті. Оған себеп бұлар атышулы Жаламаның айдауынан бас сауғалап бара жатқандықтан өте сақ. Қазақ әйелдері моңғол әйелдеріне қарағанда керемет пысық. Күйеулері жоқта киіз үйлерін өздері түйеге артып алып, жас балаларын теңге отырғы­зып, ат үстінде алдында бесік тартып барады... Бұлар өздерін «қазақ» деп атайтын қырғыздар. Нақтырақ айтқанда, 1757 жылдары шүршіттер тарапынан Әмірсана, Дабашы бастатқан жоңғарлар жойылған соң, олардан қалған Қобда өлкесіне келіп тұрақтаған жұрт. Енді келіп өзін Әмірсананың ұрпағымын деп жариялаған Жаламаның қуғынына түсіп қиындық көруде. Осылай 1 200 адам орыс жеріне жан сауғалап бара жатыр...» деп жазыпты.