Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан Жазғы универсиаданың кезекті күнінде ел қоржынына тағы екі қола медаль түсті.
Бұл жолы у-шу спортының өкілдері жеңіс тұғырынан көрінді. 60 кило салмақта өнер көрсеткен жерлестеріміз – Бексұлтан Қоскенов пен Әйгерім Төреханова жарыстың жартылай финалына дейін жетіп, Универсиаданың қола жүлдегерлері атанды.
Ерлер арасындағы сайыста бақ сынаған Бексұлтан Қоскенов жартылай финалда қытайлық Ма Йигудің осал тұсын таба алмаса, Әйгерім Төреханова түркиялық Берне Туттен жеңіліп қалды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы кезекті қос қола медальден кейін жалпыкомандалық есепте 13 жүлдемен ТОП-20 елдің қатарында келеді. Қытайдағы Жазғы универсиада сайыстары 8 тамызға дейін жалғасады.