• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Тамыз, 2023

Егіннің жауы – арамшөп

447 рет
көрсетілді

Жерге дән сеуіп, егін өсірген елдің «бас ауруының» бірі – арамшөп. Егіннен бұрын бой көтеріп алатын арамшөптің жаны сірі, тамыры мықты. Оны түп-тамырымен жоймасаң, егініңнің еңсе тіктеп, өнім беруі екіталай. Таяуда «Жаңа дала» халықаралық агрокөрмесінде «Щелково Агрохим-KZ» компаниясының ғылыми қызметкері Жексенби Қайыржановпен кездесіп, көрме туралы және компанияның қызметі жөнінде ой-пікірін білдік.

Аталған компанияның көр­меде құрған палаткасына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов пен Ақмола облы­сының әкімі Ермек Мар­жықпаев және көптеген аудан, ауыл әкімдері мен арнайы мамандар арнайы ат басын бұрып, түрлі зиянкес пен арам шөпке қарсы дәрі-дәрмек жасап күресуші қауымның қызметімен, сөреге қойған өнімдерімен егжей-тегжей танысты. Бұл компанияға егін өсірушілер тарапынан осыншама қызығушылық пен ықыласты, ілтипатты көрген біз жұрт аяғы басылғанда әдейілеп келіп сәлем бердік. «Егіс арасындағы арам шөптер мен егінге зиян келтіретін барлық тіршілік иесінің жан алғыш Әзірейілі біз боламыз», деп әзілдеді ғылыми кеңесші.

«Жаңа дала» көрмесі ауыл шаруашылығының жаңа тынысын ашты. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген бірқатар елдің маман­дары мен ғалымдарын, кәсіп­кер­лері мен түрлі кәсіп­орын­дары­ның жақын­дасуына, қарым-қатынас­ын нығайтуына негіз болды. Жиыр­маға жуық елдің сала маман­дары мен техникалары, жаңа технологиялары осы көрме алаңында сынақтан өтіп, өз мүмкіндігін көрсетіп, жаңа тұтынушысын тауып жатыр. Мұнда тек егіс алқабында жұмыс істейтін техникалар ғана емес, жерден өсіріп-өндірілген өнім­нің бәрін адам алдына ас болып барғанға дейін қолданылатын зауыт-фабрикаларға керек-жарақтың барлығы дерлік бар. Анау аспанда ұшып жүрген дрондар да егістің игілігі үшін көктің жүзін сүзіп жүр», деді Ж.Қайыржанов.

Оның айтуына қарағанда, құрылғанына 14 жыл болған агро­хим компаниясы да осы «Жаңа дала» көрмесі арқылы жыл сайын өні­мін отандық және шетелдік диқан­дарға кеңінен таныстырып, екі та­рапқа да пайда келтіретін ке­лі­сімдерге қол жеткізіп жүр екен.

«Щелково Агрохим-KZ» компаниясы құрылған бірінші күні­нен бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Бір сөзбен айтқанда, ком­па­ния­ның іргетасын қалау­шы­­лардың бірімін. Істі бас директорымыз Татьяна Болговамен бірге бастадық. Компания­­ның құ­рыл­­ғанына келесі жылы 15 жыл болады. Осы уақыт ара­лы­ғын­­да үлкен табысқа жет­тік. Қазақ­стандағы белгілі ком­паниялардың біріне айналып үлгердік. Қазір Қазақстан бойынша саладағы ірі үш компанияның бірі – «Щелково Агрохим-KZ» ЖШС», деді ғалым.

Компанияның орталық офисі Астанада болғанымен, Павло­дар, Петропавл, Қостанай, Көкше­тау, Алматы қалаларында бөлім­шелері бар екен.

«Біз ауыл шаруашылығында егіс арасындағы арамшөптерге қарсы, түрлі ауруға қарсы, басқа да зиянкестерді жоятын дәрі-дәрмек дайындаймыз. Компания негізі Ресей астанасы Мәскеудің жанындағы Щелково деген шағын қаладан бастау алады. Негізгі дәрі-дәрмек пен оған керек шикізатты сол қаладан аламыз. Оған қоса осы Ақмола облысындағы Степногор қаласында өзіміздің «Прогресс-селхоз-хим» деген зауытымыз бар. Шикізатты Ресейден әкелеміз де, аталған кәсіпорында қайта өңдеп, ауыл шаруашылығына керекті дәрі-дәрмектерді жасап шығарамыз», деп сөзін жалғады ғылыми кеңесші.

Қазіргі таңда егістегі арам шөптермен және түрлі ауру-кеселмен күресіп жүрген компания қызметкерлері дрондармен жұмыс істеуді меңгеріп жүр екен.

«Себебі қазіргі жұмыстардың негізгісі дәрі шашатын дрондармен атқарылады. Сол үшін ғалымдарымыз, мамандарымыз оны да меңгеріп жатыр. Ал қазіргі заманауи жас мамандарымыздың көпшілігі магистратураны бітір­ген. Араларында PhD доктор­лығын қорғап алғандары да бар. Осының бәрін ескерсек, біздегі қызметкерлердің жартысына жуы­ғының ғылыми атағы бар десек болады», деп сөзін түйді ғалым.