• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Бизнес 04 Тамыз, 2023

Кәсіпкерлікті қолдау шаралары

215 рет
көрсетілді

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен Ұлытау облысында болды. Ол облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлымен кездесіп, аймақтағы агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлікті қолдауға қатысты бірқатар мәселені талқылады.

Облыс басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында кә­сіп­керлікті дамыту жөнін­де­гі Ұлттық жоба аясында 180-нен аса жобаның қол­дау тап­қа­нын айтып, бұл бағыт­тағы қаржылай қолдау өткен жылмен салыстырғанда 40 па­йызға өскеніне тоқталды. Б.Әбді­ғали­ұлы алдағы уақытта облыс­тағы шаруа қожалықтарын қар­жы­ландыру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесін көтерді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Ұлытау облысы филиалын ашу да күн тәртібінде тұр.

Бұрын моноқала болып есептелетін Жезқазған облыс орталығына айналғандықтан, 2024 жылдан бастап бұл «мәр­т­ебесінен» айырылады. Соған сәйкес моноқалалардағы кәсіп­кер­лерге берілетін салалық шек­теу­лерсіз жеңілдікті несие алу мүмкіндігі тоқтатылады. Бұл қала кәсіпкерлеріне біршама қолайсыздық тудыратыны анық. Сондықтан да облыс басшы­сы Жезқазған кәсіпкерлерін қолдау үшін аумақтық бағдар­лама жасау туралы ұсыныс біл­дірді. Қ.Шарлапаев барлық ұсы­нысқа түсіністік танытып, мүм­кіндігінше мәселелерді оң шешуді қарастыратынын айтты.

Облыс әкімдігіндегі кезде­су­ден соң «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қ.Шарлапаев пен Ұлытау облы­сы­ның әкімі Б.Әбдіғалиұлы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кеңсесін және «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ-ның Ұлытау филиалын ашу салтанаттарына қатысты. Бұл екі ұйымның да аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға қосып отырған үлесі қомақты. Айталық, «Даму» қоры арқылы қазір облыс бойынша биылғы 7 ай мерзімде жалпы несие сомасы 9,7 млрд теңге құрайтын 211 жоба қолдау тапты. Өңір­де­гі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъек­ті­лерінің саны 19 мыңға жуық. Мұндағы бөлшек тауар айна­лы­мының көлемі 45,4 млрд тең­гені құрайды. Ендігі мақсат – кәсіпкерлерге одан әрі қолдау, көмек көрсетуді ұлғайта беру.

«Аграрлық несие кор­по­ра­ция­­сы» АҚ Ұлытау фи­лиа­лының директоры Ілияс Бекмағамбетов несиелендіру 4 бағыт бойынша жүргізілетінін айтады. Оның айтуынша, «Агро­биз­нес» бағыты бойынша облыс­та құны 1,3 млрд теңге құрайтын 43 несие, «Іскер» бағытымен 352 млн теңгелік 73 несие берілген. «Жас­тарға – шағын несие» бағыты 21-35 жас аралығындағы жас кәсіп­кер­лерді қолдауға бағыт­талған. Несие 5 млн тең­геге дейін 2,5 пайыздық мөл­шер­ле­мемен беріледі. Бүгінгі таңда облыстың 26 жас кәсіпкері осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ісін дөңгелете бастады. «Кең дала» бағыты шаруаларды көктемгі-күзгі жиын-терім кезінде қолдау бағытын көздейді.

«Мен Мибұлақ ауылдық округіне қарасты «Көктөбе» шаруа қожалығын басқарамын. Осы қордың көмегімен жеңілдікті несие арқылы асыл тұқымды мал сатып алдық. Қазір шаруамыз жақсы. Сондықтан қордың облыстағы филиалының ашылуы шаруаларды несиелендіру ісінде тың серпін береді деп ойлаймын», дейді бізбен әңгімесінде облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнәз Омарова.

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Ұлытау филиалы 3,2 млрд теңге көлемінде несиелік қаржыландыруды жүзе­ге асыруды жоспарлап отыр. Егер өткен 7 айда облыс бойынша 1,8 млрд теңгеден аса несие қаржыландырылғанын ескерсек, аймақта аталған қордың мүмкіндіктерін пайдалануға деген құштарлықтың зор екенін байқауға болады.

«Қазір мемлекет тарапынан отандық кәсіпкерлерді қолдауға барынша мол мүмкіндік жасал­ған. Біздің кәсіпке ден қойған азамат­тарымыз «Даму», «Аграр­лық несие корпорациясы» және т.б. қорлардың мүмкіндіктерін пай­далануға ұмтылуы қажет, біз халыққа қаржылық көздерді көр­сетіп, түсіндіре білуіміз керек», деген Қ.Шарлапаев ай­мақ­тың дамуындағы шағын және орта бизнестің үлесі өлшеу­сіз екенін айрықша атап көр­сетті. Ол кәсіпкерліктің мемле­кет қолдауы арқылы дамитынына да назар аударды.