«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Автомобиль жолдары комитетінің қолдауымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылымды дамытуды қолдау туралы тапсырмасы аясында Алматы қаласында жол құрылысы саласында жаңа технологияларды зерделеу, әзірлеу және енгізу мәселелері бойынша журналистерге баспасөз турын ұйымдастырды.
Аталған іс-шара барысында ҚазжолҒЗИ Алматы филиалының ғимаратында институттың жас ғалымдарының жаңа технологиялары, оның ішінде осы жылы шілде айында қанатқақты режімде іске қосылған жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын таныстырды. Бұл ретте институт мамандары бұл базаны құру үдерісін аяқтағаны туралы хабарлап, оны қолданысқа енгізуді ұсынды. IТ əзірлеме ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті мақұлдаған. Өз кезегінде Автомобиль жолдары комитеті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Жол активтері сапасының ұлттық орталығына, жобалаушылар қауымдастығына, сондай-ақ мердігер ұйымдарға жəне басқа да мүдделі тұлғаларға www.rcmbase.kz сілтеме бойынша жаңа салалық АЖ-мен танысуды ұсынған екен.
«Бірыңғай база – ҚазжолҒЗИ жеке əзірлемесі. Жұмыс өткен жылдың соңында басталды. Бұл жоба жолдардың сапасын жақсарту міндеттеріне жауап беретін тиімді механизм ретінде ұсынылып отыр. Заманауи цифрлық өнім құрылыс материалдары мен жол құрылысы технологияларын пайдалануды жүйелеуге, жолдарды жобалауды ашық əрі сапалы етуге мүмкіндік берді. Адами фактормен байланысты тəуекелдер барынша азайтылады», дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ жол-құрылыс материалдары жəне жаңа технологиялар департаментінің директоры Əсел Нұғманова.
Оның айтуынша, құрылыс материалдары мен технологиялары олардың қасиеттері мен сипаттамаларын тексерудің көп сатылы үдерісінен кейін ЖҚМ мен ЖТ бірыңғай базасына келіп түседі. Сонымен жаңа технологиялар мен материалдар алдымен зертханалық жағдайда жəне əртүрлі климаттық аймақтарда жол сынақтарының екі жылдық циклінде апробациядан өтеді. Тексеру нəтижелерін жол құрылысы сарапшылары, ғалымдар, жобалаушылар жəне қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіретін жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу жəне игеру жөніндегі техникалық кеңес зерделейді. Мақұлданған жағдайда əр позиция белгілі бір жолдарда қолдануға арналған рейтинг пен ұсыныс алады.
Бүгінгі таңда Техникалық кеңестің төрт отырысы өткізілді. Салалық ұйымдардың алқалы органы 50-ден аса инновацияларды зерттеді, олардың жартысы Қазақстанның нақты өңірлерінде апробацияланған жəне пайдалануға рұқсат етілген мəртебесі бар тізілімге енгізілді.
Сонымен қатар ҚазжолҒЗИ мамандары еліміздегі көпірлер қашан цифрландырылатынын айтып берді. Бүгінгі таңда бағдарламаның прототипі жасалып, жүйені толтыру үрдісі басталып кеткен. Қазіргі кезеңде электрондық базаға Ақмола, Алматы, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан жəне Түркістан облыстарындағы 20 көпірді зерттеудің нəтижелерін енгізу жоспарланып отыр екен.
«Бағдарламаның алгоритмдерін сынау мақсатында жағдайы нашар автомобиль көпірлері таңдалды. Жүйе толығымен дайын болған соң сарапшылар қалған нысандар туралы ақпаратты енгізе бастайды. Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарда жалпы 1,5 мыңға жуық көпір құрылысы бар. Олардың барлығы кейіннен цифрландырылады. Біз аталған жүйені биыл желтоқсанда іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ баспасөз хатшысы Адина Айнева.
Оның айтуынша, жол пайдаланушыларына əрбір құрылыс туралы барлық қажетті дерек, оның ішінде жобалау-техникалық сипаттамалары, техникалық жай күйін бағалау, анықталған деформациялар мен жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы өзекті мəліметтер қолжетімді болады.
Бұл жоба көпір конструкциясы элементтерінің жай-күйі мен егжей-тегжейлі танысу мүмкіндігімен көпірлердің цифрланған сыртқы түрін сипаттайды. Бағдарлама авторлары 3D бейне түсіруді арнайы дрондардың көмегімен жүргізуді жоспарлапты.
Сонымен қатар СУЭМ əр нысан бойынша есептерді автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігіне ие бола отырып, регламенттік немесе күрделі жөндеу мерзімдерінің жақындауы туралы, сондай-ақ осындай жұмыстардың бюджетін жоспарлай алады.