Осы күні Абайдың түрлі портретін де, ескерткіштерін де көп көріп жүрміз. Бірақ сол біз көрген Абайдың образы ақынның шын бейнесіне ұқсай ма – білмейміз... Хакімнің туған күні қарсаңында Суретшілер одағының мүшесі Нұрбұлан Өтепбаевпен бейнелеу өнеріндегі Абайдың шынайы болмысы хақында әңгімелескен едік.
– Абайға арнап қанша сурет салдыңыз?
– «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Абайдың екі түпнұсқа фотосуреті сақталған. Бірінші суретте Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай және Абайдың өзі, Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл. Сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген. Фотограф – Н.Г.Кузнецов. Екіншісі – Абайдың отбасымен 1903 жылы түскен суреті. Мұнда Абай өзінің Жидебайдағы үй ішімен түскен қалпында бейнеленген. Бірінші қатарда Пәкизат – бөрік киіп отырған қыз бала мен Әубәкір. Бұл екеуі – Ақылбайдың балалары. Оспан бұл екеуін бауырына салып өсіріп, өз баласы ретінде көрген. Ортада отырған – Абай. Екінші қатарда – Мағауия, Еркежан және Әубәкірдің әйелі Камалия. Алдыңғы қатарда отырған – Тұрағұл. Бұл суреттерді музейге Мұхтар Әуезов тапсырған. Мен сол түпнұсқа фотосуретке қарап, Абайды, балалары – Ақылбай мен Тұрағұлды салдым. Абай музейі қорында «Шәкір Әбенұлы», «Шыңғыстау», «Жазира», «Мұхтар Әуезов», «Ахат Құдайбердиев», «Абай Құнанбаев», «Шәкәрім Құдайбердіұлы», «Кәкітай Ысқақов», «Ақылбай Құнанбаев», «Мағауия Құнанбаев», «Әубәкір Ақылбайұлы», «Көкбай Жанатайұлы», «Әсет Найманбаев», «Әріп Тәңірбергенов», «Бөрілі», «Еңлік-Кебек зираты», басқа да картиналарым тұр.
Абайдың ұлы Ақылбай
– Абай әлеміне қалай келдіңіз?
– Абай маған да, менің отбасыма да бөтен емес. Абай туған топырақта өстік. Әкем тоғыз жасында Абайды көріпті. «Бойшаң, толық, сұрлау, жанары өңменіңнен өтетін өткір көзді адам еді» деп отыратыны есімде. Әкем мен ес білгеннен Абайдың кітаптарын үнемі оқып жүрді. Сырты майланып кеткен көне кітап еді ол. Қазір үйде сақтаулы. Сол кітапты жатса да, тұрса да жанынан тастамайтын. Кезінде Көкбайдың «Сабалақ» дастанын жатқа айтып отырып жаздырды. Әкем 1940 жылы мұражайға Абайдың бәйбішесі Ділдәнің төсегін тапсырған. Қолындағы актісінде бәрі жазылған. Бұл туралы дерек Кеңес энциклопедиясына да енгізілген. Ал шешем тобықты ішіндегі көтібақ Имахан ақсақалдың кенже қарындасы Күнімбала деген кісі. Алаша тоқу, сырмақ, түскиіз басудың асқан шебері еді. Күләзия деген апайымыз, тағы бір апайымыз бар, үшеуі 1945 жылы Абайдың бейнесін кілемге тоқыған екен. Мені қынжылтатыны – Абайдың бейне образын суретшілер қандай ракурста салса да, оның бет әлпеті, шын кескіні айқын болуға тиіс. Қазақстан баспаларында Абайдың фотосуреттері жеткілікті және кең тараған. Бірақ сол фотосуреттер Абайдың бейнесін тұпнұсқадай анық бере алып жүр ме? Себебі әртүрлі баспаларда қайталанып түсіріле береді және компьютерде өңделеді, көптеген суреттері ретушталған, яғни өңделген, кейбірі мүлдем өзгеріске ұшыраған. Осындай суреттерден Абайдың анық кескінін көріп елестету де оңайға соқпайды. Менің ойымша, деректі құжаттарды, не суреттерді өңдеуге мүлдем болмайды. Тарихи құжаттарды сол алғашқы қалпында сақтау келешек ұрпақтың зерттеуіне мол мағлұмат береді. Бірнеше жыл бойы Абайға байланысты картиналарды, фотосуреттерді зерттеп, ақынның кейіп-кескінін анықтап білуді мақсат еттім. Ұлы ақын туып-өскен жерлерді зерттеп бейнеледім. Қасқабұлақ ауылында тұрдым, еңбек еттім. Ауыл ақсақалдарының әңгімелерін тыңдап, мәліметтер жинастырдым. Мені Абайдың реалистік бейнесі, ақынның ұлттық кейпі мен мінезі ойландырды. Абайдың портрет суреттерін бірнеше қайталап бейнеледім. Оның көпшілігі жеке жинақтаушылардың қолында сақтаулы. Жылдар өткен сайын Қазақстан бейнелеу өнерінде жасалған картиналардағы Абай образы, кескіні көрерменге үйреншікті болып кеткені рас. Әрине, адамның кейіп-кескіні күніне өзгеріске ұшырай береді, бірақ сол құбылмалы құбылыстан суретші мін таппайтындай кескін жасап шыққаны абзал. Ол жай ғана ұқсастық емес, жарқын бейне, мінездік кейіп, образдың біртұтастығы…
2019 жылы Абайдың екі баласымен түскен фотосуретін негізге ала отырып, ақынның графикалық портретін бірнеше қайталап бердім. Әрине, Абай образын жасау, оның тұңғиық жанына үңілу өте күрделі болды. Түпнұсқа фотосуретті лупамен қарап отырып, жұмыс істедім. Дегенмен графикалық суретке мұқият қарасаңыз, сіз одан Абайдың кейіп-кескінін, шындықты аңғарасыз. Ол иконографикалық портретті ақынның 175 жылдығына сый ретінде музейге тарту еттім.
– Иә, Абайды әркім әртүрлі салады. Біреу дерекке, біреу Әуезовке, енді біреу өлеңдегі Абайға сүйенеді. Сіздің Абай қандай? Жалпы, бізде ақынның біртұтас образын жасау үшін мәлімет жеткілікті ме?
– Абайдың қазір салынып жатқан суреттері бір-біріне ұқсамайды. Бажайлап қарасаңыз, портреттерінде қателіктер кеткен. Мысалы, ақынның сақалы шашына дейін бар. «Бакенбарды» дейді ғой, соны қырмайды – сақал қойғанда шашқа дейін жібереді. Көп суреттегідей иегінің астында ғана шоқшиып тұрмаған. Мен соны түзетіп салдым. Сосын Абайдың сол көзі сығырайып, қысыңқы келеді. Мұрнының сол жақ тесігі үлкендеу. Осындай детальдарды нақпа-нақ суреттедім. Түпнұсқаны лупамен қарап отырып, өзінің шын бейнесін дәлме-дәл салуға тырыстым. Тұлға бейнесін суреттегенде ойша салу деген дұрыс емес. Мендегі мақсат – келешек ұрпаққа хакімнің шын бет-бейнесін қалдыру болды. Абайдың қайталанбайтын біртұтас образын жасау үшін қазір жеткілікті мәлімет бар. Бірақ әлі де іс жүзінде ғылыми зерттелген еңбектер жоқтың қасы. Абай образын бейнелеу өнерінде теориялық мағынасын түсіндіру де шешілмеген мәселе. 1887 жылы натурадан салған жалғыз түпнұсқа суретті (П.Лобановский салған) және Абайдың фотосуреттерін негізге ала отырып, өнердің барлық жанрында біртұтас көркем образ нұсқасын қалыптастыру да қолға алынбаған. Әрине, еліміздің бейнелеу өнерінде Абай образына қатысты еңбектер жоқ деп айта алмаймыз. Данышпан Абайдың образын жасауға бірқатар әйгілі суретшілер мен мүсіншілер үлес қосқан. Мысалы, Н.Крутильников, Ә.Қастеев, Л.Леонтьева, Н.Нұрмұхамбетов, Е.Сидоркин, Қ.Телжанов, А.Рахманов, И.Исабеков, К.Каметов, А.Ғалымбаева, Р.Есіркеев, Х.Наурызбаев, Д.Элбакизде.
– Абай балаларының да суретін салдыңыз. Әсіресе кімнің образын жасау қиынға соқты?
– Балаларының фотосуреттері болғандықтан аса қиынға соққан жоқ. Тек Әбдірахманды салғанда кішкене қиналдым. Мағауияның фотосуреті де анық емес, сондықтан оның суретін салу ауырлау болды.
– Абайға, оның әулетіне арналған портреттерді шығармашылық орта қалай қабылдады?
– Суретшілер жақсы бағасын берді. Түпнұсқадан алыс кетпегеніме көздері жетті. Енді суретшілерге де осы түпнұсқаға қарап салу қажеттігін айтып жүрмін. Алматыда сувенир шығаратын орталық өкілдері хабарласып, мен салған Абай суреттерін сұрап алды. Жалпы, Абайдың данышпандығы уақыт кеңістігімен сыналған. Ол бірінші болып қазақ даласында Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың, Крыловтың шығармаларын аударды. Мысалы, сол Лермонтовтың көзі тірісінде салынған портреттерінің 15-і осы күнге дейін жеткен. Сол портреттердің жеке біреуінен кемеңгер ақынның сыртқы кескінінен оның көпқырлы ішкі әлемін жеткілікті елестету мүмкін емес. Десек те білікті кәсіби суретшілердің жасаған портреттерінен (Ф.О.Будкин, П.Е.Заболотский, А.И.Клюндер, К.А.Горбунов) Лермонтовтың нақты бейнесін елестетуімізге әбден болады. Гетенің де бейнелеу өнеріндегі портреттері өте көп. Ұлы ақынның бет әлпеті, кескіні осы күнге дейін зерттелуде. Мысалы, зерттеуші эксперт-физиономист Михаэль Хейтль ұзақ уақыт компьютерлік томографияның көмегімен зерттеу жүргізген. Гетенің көзі тірісінде мүсінші Готтлоб Вайсер (1780-1815) алған бет әлпетінің гипс маскасы ақынның дәлме-дәл кескінін бере алады деген шешімге келген. Ал бізде суретшілер Абай образын өздерінің жеке тәжірибесіне сүйеніп немесе болымсыз материалдарды ғана қанағат қылып туындылар жасайды. Сондай кәсіби суретшілердің де шығармашылық картиналары жеткілікті. П.Д.Лобановскийдің натурадан қарындашпен салған жалғыз суреті Семейдің Абай музейі қорында сақтаулы тұр. Ол кезде Абай 42 жаста болған. Шашы өсіңкіреген, қара шашты, жақ сүйектері шығыңқы, сақалы да сондай ұзын емес.
– Суретті салмас бұрын тыңғылықты зерттедім дедіңіз. Абайды кім арқылы жақсы таныдыңыз?
– Ең алдымен, ақынның Алматыдағы ескерткішіне қарадым. Абайға келіңкірегенімен, дәлме-дәл ұқсамайды. Ол биікте тұрған соң бізге ұқсайтындай болып көрінеді. Бірақ, елімізде суретшілер әлі Абайдың нақ образын келтіре алмай жүр. Оның ішінде белгілі суретшілер де бар, мүсіншілер де бар. Кейінгі жылдары Абайдың ескерткіштері тіпті көбейіп кетті ғой. Абайға шын ұқсаған ешқайсысы жоқ. Қазір ескерткіш жасау науқанға айналды. Ескерткіштердің тағдырын тендер шешетін болды. Әсіресе бұл үрдіс мерейтойлар аясында күрт көбейеді. Елімізде Абайдың сәтті шыққан ескерткіштері көп емес. Семейде ашылған Абай мен балаларына арналған ескерткіште суретші көбірек ұқсата білді. Одан бұрынғы Семейде тұрған грузин Элбакизденің жасаған ескерткіші де жақсы. Алматыдағы және Астанадағы Абай да тәуір жасалған. Жалпы, тұлғаларға арналған кез келген өнер туындысы сыннан өту керек. Ұлт зиялыларына арналған картиналар мен ескерткіштерді қадағалап, бағалап, іріктеп отыратын арнайы комиссия жұмыс істеуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет.