Бұл актерді кезінде Әзірбайжан Мәмбетов маңдайынан сипап, Нұрмұхан Жантөрин жақын тартқан. Әнуар Молдабеков арқасынан қағып, ағалық қамқорлығын аямаған. Ал Ебіней Бөкетов, Жайық Бектұров сынды тұлғалардан алған тәлімі өз алдына бір үлкен мектеп. Жастайынан жақсылардың шарапатын көрген әртістің сахнада көптің бірі болуы мүмкін де емес еді. Ұлылар салған ұлағатты жолдың қасиетін ерте түсінген өнер иесі 90 жылдық тарихы бар «Арқаның ақ сарайы» атанған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында 55 жыл табан аудармай еңбек етіп, бүгінде өнердің тұғырлы тұлғасына айналды. Қарағандының маңдайға басқан қара шаңырағы – Сәкен театрының ардагер әртісі, театр тарланы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, саналы ғұмырын сахнаға арнаған саңлақ актер Кеңес Жұмабековтің театр туралы толғанар толғамдары да өнеріндей өнегелі, тағдырындай тағылымды.
– Әңгімеміздің әлқиссасын тағдыр дейтін тылсымнан бастайықшы. Алыстағы Ақжайықта туған Кеңестің келешегі Арқа төріндегі Қарағандымен қалай тоғысты?
– Тағдыр деген сөзді жақсы қозғадың, қызым. Жалпы, мен өз тағдырыма риза адаммын. Осы үшін де Аллаға мың да бір шүкір деймін. Иә, туып-өскен жерім – Жайық өңірі. Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Майшұңқыр ауылында кіндігім кесілген. Ақжайықтың жағасында қайғысыз-қамсыз, бақытты балалық шағымыз өтті. Біздің ауыл қазақтың шұрайлы өңірлерінің бірі еді. Көктем мезгілінде арнасы екі шақырымға дейін жайылып, жаз ортасы ауғанша құрғамайтын. Сол өзеннің жағасында емін-еркін асыр салып, күнұзын балық аулайтынбыз. Балықтың молдығы сондай, 4-5 килолық сазандарды балық деп місе тұтпай, ең кемі 15 килолық балық аулағанша тыным таппаушы едік. Сол өзеннің жағасында су кешіп жүріп түрлі ойларға беріліп, қиянға қалықтаған қиялдарымызға қанат байлайтынбыз. Ақжайықтың арнасы бізді армандауға үйретті. Сол арман алысқа жетелеп, оқу бітірген соң Алматының төрінен бір-ақ шықтық. Сол күннен бастап ару қала мен үшін аяулы мекенге айналды. Өйткені бұл қалада мен Әзірбайжан Мәмбетов, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков сынды ұстаздарымның тәлімін көру бақытына ие болдым. Жасыратыны жоқ, оқу бітірген соң Оралыма оралам ғой деп ойлағанмын. Кейін Алматыға ғашық болып, сонда қалуға бел байладым. Бірақ менің дегенім емес, тағдырдың бұйрығы болып һәм ұстаздарымның кеңесімен Қарағандыға бағыт бұрдым. Сондағы Нұрмұхан ағамның айтқан ақылы әлі күнге дейін жадымда сайрап тұр: «Алматыда қалсаң, көптің бірі боласың. Атырауға барсаң, ондағы актерлер тұрмақ, театрдың өзі әлі таныла қойған жоқ. Көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі ретінде ғана ауыл-ауылды аралап жүресің. Қазақстанда қалыптасқан облыстық театр Қарағандыда ғана бар. Соған баруың керек. Әрі қарай көрерміз. Әнуар ағаң сол театрдан келді. Аманжол Сәлімбаев деген ағаң режиссер. Соған тапсырамын. Үйіне жатқызады. Қамқор болады. Қарағандыны қолай көрмесең, Семейдің театрына бар. Осы екеуінде ғана әзірше шығармашылық тұрғыдан шыңдалу мүмкіндігі бар», деген еді жарықтық. Содан міне, дәм тартып таңдауым Қарағандыға түсті. Содан бері 55 жыл өтіпті, Қарағанды туған қалама айналды.
– Алматы театр студиясын бітіріп келген жас актерді Қарағанды қалай қабылдады? Жатырқаған жоқ па?
– Қарағанды емес, керісінше өзім жатсындым бұл өлкені. Қабағы түксиген, сұп-сұр қала ә дегеннен баурап әкете қоймады. Оқтын-оқтын Оралымды ойлай бердім. Бірақ Нұрмұхан ағам айтпақшы, елге қайтқаныммен ол жақта мені құшақ жая қарсы алатын театр да жоқ еді. Ол кезде Оралда орыс театры ғана бар. Қазақ театрын ашудың ауылы әлі алыста еді. Содан амал жоқ, өнер үшін өзімді осы өлкеге қалайда «байлауға» тырыстым. Бағыма орай, Қарағандының сырты суық болғанымен, іші жылы екен. Рухани ортасы, тұғырлы тұлғалары еш жатырқамай, туған ұлындай бауырына басты. Ұжымым да ұйымшыл болып шықты. Жақып Омаровтай таланты таудай, адамгершілігі мығым режиссерге жолықтым, Жәмила Шашкина, Мұздыбек Әбдікәрімов, марқұм досым Рамазан Баймағанбетов, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаева сынды театр майталмандарымен бірге қызмет ету бақыты бұйырды. Академик Ебіней Бөкетов, жазушы Жайық Бектұров, мәдениет саласының майталманы Рымбала Омарбекова сынды жақсылардың шарапаты шабытыма шабыт үстеді. Ол кісілердің әр қойылым сайын пікірлесіп, менің шығармашылық тұрғыдан өсуіме зор септігін тигізгенін қалай ұмытайын? Тіпті Ебіней Арыстанұлының Қарағанды мемлекеттік университетінің (ҚарМУ) филология факультетіне оқуға түсуіме ықпал еткенін де өмірімдегі үлкен олжам деп білемін. Тағдырыма ризамын деп отырғаным осы, айналайын. Әлі есімде, Ебіней ағамның мына бір қарапайымдылығы ойымнан кетпейді. Бірде сессия уақытында ҚарМУ-дың бас ғимаратына қарай асығып бара жатқанмын. Ректордың көлігі жаныма тоқтай қалды да, артқы есігінен еңсегей бойлы Ебіней аға түсті. «Өнер адамына сәлем берейік деп тоқтап жатырмыз. Ертең сөзге қалып жүрерміз», деп менімен жылы ұшырай амандасты. Неткен қарапайымдылық! Тау тұлға осы бір қарапайымдылығымен менің есімде мәңгілікке қалды. «Ұлылықтың өлшемі – қарапайымдылық екен-ау», деп ойға қалып едім сол кезде. Кейінгілер қайраткердің осы бір қасиетінен үлгі алса, қанеки?
– Жалпы, Қарағанды мен Оралдың арасында тамаша бір тарих һәм тағылымды рухани көпір жатыр десек, қателеспейміз. Оның ең әуелгі дәнекері – Қарағандының аяулы перзенті, қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов болса, айтулы ізгі қадам осыдан 55 жыл бұрынғы сіздің шешіміңізбен қайта жаңғырған сынды... Сол секілді Алаш арысы Сәкен Сейфуллин есімінің де сіздің тағдырыңыздағы орны айрықша екенін байқадық.
– Оның рас, қызым. Қасымның Ақжайықта ізі қалған. Орал халқы Қасымды әлі күнге дейін пір тұтады. Өздеріңіз білетіндей, ақын майданға дейін де, майданнан оралған соң да Оралда біршама жыл тұрақтады ғой. Тіпті Орал педагогикалық институтына құжат тапсырып, оқуға түсуге де ниеттенген. Алайда қазаққа деген шексіз махаббатты мен сол жолдағы батыл шешімдері оның жолын кес-кестеді. Институттың оркестрінде көркемдік жетекші болып жұмыс істеп жүрген кезінде атаулы мерекеге концерт дайындау міндеті жүктеліп, Қасым ақын соның сценарийін жазады. Ол кезде барлық дүние обкомда бекітілетін заман. Ал обкомның үшінші хатшысы орыс ұлтының өкілі екен. Қасым жазған сценарийді өзгертіп, қазақ әндері мен күйлерін қысқартып тастайды. Шенеуніктің «Қазақша бір ән, екі күй орындасаңдар жетеді» деген нұсқауына келіспеген ақын обком бекіткен сценарийден ауытқып, оркестрге қосымша екі күй орындатып жібереді. Осы әрекеті үшін оның Оралдағы жолы кесіліп, ақын кейін Алматыға кетуге мәжбүр болған.
Ал Сәкенге келсек, менің өмірімде Сәкенмен байланысты сәйкестік көп. Жетіжылдық мектепті бітірген соң Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин есімін иеленген қазақ мектеп-пансионатында оқыдым. Бұл мектепті 1923 жылы Сәкен Сейфуллин ашқан екен. Ол кезде Сәкен атамыздың Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып тұрған кезі. Оралға келген бір сапарында қалада қазақ мектебі жоқ екенін біліп, мектеп ашуға шұғыл тапсырма береді. «Қалада қазақтар аз, мектептің қажеттілігі өзекті емес» деген сыңайдағы жергілікті биліктің сылтауына: «Неге қажет емес? Бұл Орал – қазақ елінің ғана емес, тұтас Азияның қақпасы. Сондықтан бұл қалада қазақ балалары оқитын мектеп болуы керек», деп жауап берген екен. Сөйтіп, тікелей өзі бақылауға алып, қаржы бөліп, сол мен оқыған мектепті ашады. Пансионатқа 1964 жылы ақынның 70 жылдығына орай Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді. Сәйкестік деп отырғаным сол, Сәкен мектебін бітірген мен кейін тағдырдың жауымен қияндағы Қарағандыға келіп Сәкен есімін иеленген тетатрда қызмет жолымды бастадым. Елу бес жыл сол театрда табан аудармай еңбек етіп келемін. Өмірімнің еңбір сәулелі сәттері осы қалада, Сәкен атындағы театрда өтті десем, титтей де қателеспеймін. Сондықтан да мен шығармашылық жолымды «Сәкен мектебінен – Сейфуллин театрына дейін» деп айрықша айшықтап айтып отырамын.
– Енді осы Сәкен театрындағы өнермен айшықталған өміріңізге тоқталайықшы... Жарты ғасырдан аса ғұмырыңызды арнаған театрдағы жарқын сәттеріңіз несімен қызық, несімен құнды?
– Алла жазса, күзде 75 дей- тін мерейлі жастың есігін қаққалы отырмын. Соның 55 жылы осы театрда, Сәкен театрының сахнасында өтіпті. Бір адамның ғұмырына пара-пар уақыт. Албырт шақта асқақ арманмен келіп осы бір құтты қара шаңырақтың табалдырығын аттап едім. Бағыма орай жақсы адамдармен жаным жанасты. Қиялымда жүрген көп рөлге сахналық ғұмыр сыйладым. Осының барлығы үшін Жаратқанға мың да бір шүкір деймін. Актерлік мамандық деген шынында да Алланың берген ерекше сыйы ғой, тіпті тамаша қасиеті десем де болады. Кез келген адам ақын, кез келген адам рухани теңізге еркін шомып, актер болып кете алмайды. Талантсызды бәрібір толқын итеріп қайраңға шығарып тастайды. Өнерді мұхит десек, демек сахна тек мықтылардың мекені болғаны. Десе де мен өзімді келе салып мықты болып кеттім деп айта алмаймын. Мені өсірген өнерге деген шексіз құштарлығым ұстаздарымның ақыл-кеңесі, теңдессіз тәлімі деп батыл айта аламын. Талант қашанда тәжірибемен шыңдалады ғой. Мәселен, бірер жыл бұрын ұжымымыздың арнайы шақыруымен Мәскеуден Гүлназ Балпейісова есімді қазақтың талантты қызы келіп М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымын жаңаша формада қойды. Жастармен бірге маған да рөл берді. Қуана қабыл алып, жас демей жанталаса жұмыс істедім. Өйткені өнерде жас, кәрі деген жоқ. Сахна талабы бәріне бірдей. Аталған рөлден ерекше шабыт алдым. Үйренері һәм үйретері болса, қандай режиссермен болсын жұмыс істеу үлкен бақыт. Жалпы, мен жаңалыққа құштар адаммын. Ал енді рөлге келсек, мен рөл таңдайтын актерлердің қатарынан емеспін. «Балуанға оң-солы бірдей» демекші, осы күнге дейін режиссер сеніп тапсырған рөлдің барлығын кемеліне келтіре кейіптеуге барымды салдым. Себебі режиссердің талғамы дөп келіп, сол рөлге сені лайық көріп тұрса, одан бас тарту мүмкін емес. Мейлі ұнамды кейіпкер, мейлі ұнамсыз кейіпкер болсын, ойнауың – шарт. Сенің мақсатың – сол рөлді шынайы сомдау. Сондықтан мен барлық рөлді көп ізденіспен, зор дайындықпен ойнауға тырыстым. Соның нәтижесі болса керек, қай рөлім де сыншылар мен көзіқарақты көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Оның айқын дәлелі – Сәкен Жүнісовтің «Өліара» пьесасындағы Ленин рөлі үшін облыс театрлары арасында Мемлекеттік сыйлықты алған тұңғыш актермін. Жалпы, актер адам қай рөлін де сыйлық, марапат үшін ойнамайды ғой. Бірақ еңбегің еленіп, мамандар тарапынан лайықты бағасын алып жатса, ол да үлкен бір бақыт. Осы тұрғыдан келгенде өзімді өкініші бар актер санамаймын. Сәкен театры маған шығармашылық адамы сезінуге тиіс сәулелі сәттердің барлығын сыйлады. Осы үшін де 90 жылдық тарихы бар тағылымды ордама айтар алғысым мен ризашылығым шексіз.
– Иә, шығармашылық өмірбаяныңызда Ленин рөлінің алар орны айрықша. Айтулы рөлге қандай артықшылығы үшін Мемлекеттік сыйлық берілді деп ойлайсыз?
– Ленин рөліне бекітілген соң белгілі қаламгер Жайық Бектұровпен көп кеңестім. Ол кісі Лениннің барынша қатал бейнесіне жақындай түсуің керек. Оның диктаторлық қырын аша түссең, бүгінгі талап үдесінен де шығасың, ертеңгі тарих алдында да ұялмайсың деген кеңес берді. Мен солай істедім. Бұл шешімімізді автор Сәкен Жүнісов те қолдады. Ал сол «Өліара» қойылымын көргеннен кейін академик Ебіней Бөкетовтің: «Мен Кеңестің Ленинін көріп, Ленин қазақ па деп қалдым. Мен Ленинді ойнағандарды Мәскеудің, Ленинградтың, Харьковтің театрларынан көрдім. Дәл Кеңестің Лениніндей Ленин кездестірмеппін» деген бағасы сіздің сұрағыңызға толық жауап береді ғой деп ойлаймын. Жалпы, актердің сыншысы – көрермен ғой. Көрермен көңілінен шыққан қойылымның ғұмыры да ұзақ болады.
– Сахнада сәтті рөлдер сомдап қана қоймай, театрдың да басшылық қызметін біраз жыл тізгіндедіңіз. Актер адам үшін әкімшілік қызмет қаншалықты ұтымды шешім деп ойлайсыз? Басшылықтағы жылдарыңыз шығармашылық мүмкіндіктеріңізге шектеу болған жоқ па?
– Шектегенде қандай, бірнеше жыл өнерден алыстадық. Шығармашылық адамының өзін тұтастай өнерге арнағанынан асқан бақыт жоқ шығар. Алайда кейде кейбір шешімдер шарасыздықтан қабылданды ғой. Менің де басшылыққа келуім сондай себептерге байланысты. Сәкен театрына екі рет директор болдым. Ұжымды алғашында – 4 жыл, кейін 8 жыл басқардым. Жастайымнан қабылданған театрым ғой, көркеюіне үлес қосқым келді. Екінші үйіме айналып кеткендіктен, өнер ордасының сол кездегі жағдайына жаным ашыды. Осы себептен ғана директорлықтан бас тарта алмаған едім. Бірақ сол шешім кейін өзімнің шығармашылық өсуіме кедергісін тигізе жаздады. Жоғарыда айтқан Ленин рөлінің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан кезінде мен театр директоры лауазымында едім. Сол сәтті оңтайымен пайдаланған күншілдер сол сәтте-ақ Алматыға: «Қызметтік мансабын асыра пайдаланып, директор айтулы сыйлыққа өзін ұсынды. Жекелей актерлерін айтпағанда, тұтас театр ұжымы елеусіз қалды» деген мазмұнда арыз түсіріпті. Белгілі театр сыншысы марқұм Әшірбек Сығаев сол кезде Мәдениет министрінің орынбасары еді. Маған дереу телефон соғып: «Кеңес, шұғыл өтініш жаз да, директорлықты тапсыр. Арыз түсті. Ертең кедергі болады» деді. Осыдан кейін еш ойланбастан директордың кабинетінен шықтым да, сахнама қайта оралдым. Қазір ойлаймын, егер сол креслода өткен он екі жылымды қайтып берсе, мен ғұмыр бойы армандап өткен рөлдерімді сомдап, Сәкен театрының абыройын асырған болар едім деп. Бірақ өткенге өкінбеймін. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демей ме? Құдайға шүкір, қазір де бабымыздамыз. Оңтайымызға келер жақсы рөлдер беріліп жатса, ойнап шығуға қашанда әзірміз.
– Бүгінде Сәкен театрының ақсақалына айналдыңыз. Кейінгі өсіп келе жатқан жас сахнагерлердің аяқалысын қалай бағалайсыз?
– Ұлы Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» деген керемет сөзі бар ғой. Мен қазір театр қабырғасындағы қаулап өсіп келе жатқан жастардың қарқынына қарап қуанамын. Бүгінде Сәкен театрының 80-85 пайызы жастар және жай жастар емес, барлығы шетінен «сен тұр, мен атайын» деген талантты жастар. Көпшілігі Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен елордамыздағы Ұлттық Өнер университетін бітіріп келген түлектер. Қай-қайсысы да үлкен мектептен өткен, тәжірибелі ұстаздардың алдын көрген жас талаптар. Өнерге үлкен дайындықпен келгендері бірден байқалады. Ізденістеріне қарап көз сүйсінеді. Театр үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Әрине, бұл сүйсініс бұған дейін театрымызда талантты жас болмады деген сөз емес. Осы күнге дейін жастар арасында тек Қарағандыда ғана емес, Қазақстан көлемінде қара үзіп жүрген талант Дина Заитованың өзі неге тұрады! Талай фестивальда топ жарып, үздік актриса атанып жүрген Динаның талантына Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген театр сыншыларының өзі тәнті болып, таңдай қағысып кеткен болатын. Сонда кәсіби сарапшылар Динамызды көріп таңғалды. «Мынандай актрисаға бөлек пьеса жазылу керек» деді. Баға ма, баға! Оны және шақырмаған театр жоқ. Ешқайсысына бармады. Сәкен театрында қалды. Мұндай бағадан соң, театр директоры Құрман Қалымов пен көркемдік жетекші, талантты режиссер Айдын Салбан арнайы спектакль қойғысы келді. Әлі ізденіс үстінде. Дина сияқты хас таланттарға әлемдік деңгейдегі «Клеопатра», «Медея» сияқты пьесаларды арнайы қою керек деп есептеймін. Сонда олардың шығармашылық мүмкіндіктері толыққанды ашылмақ. Жалғыз Дина емес, театрымызда одан басқа да таланттар баршылық. Әрқайсысы бір-бір төбе. Сейфуллин атындағы облыстық академиялық Қазақ драма театрының бүгінгі келбеті – осы. Театрдың жартысынан көбі жастар болғандықтан, болашағы зор демесіңе қоймайды. Ал мұнда ертеден келе жатқан аға буын өкілдері, үлкен мектеп барын қозғасақ, тым ұзаққа кетіп қаламыз.
– Сіздің тамаша актер ғана емес, жақсы жазушы екеніңізді де білеміз. Сахнада талай тұлғаны тірілтіп жүрген еңбегіңіз де елеулі...
– Әңгімеміздің басында айтып өткенімдей, актерліктен кейін академик Ебіней Арыстанұлының кеңесімен ҚарМУ-дың филология факультетін тәмамдадым. Бойымдағы жазуға деген құштарлық біраз тұлғалар туралы толғантты. «Замана, неткен тар едің», «Қазыбек би», «Ата парызы», «Көмекей әулие», тағы да басқа пьесаларым сахнаға шығып, көрерменмен қауышып үлгерді. Алда тағы да жазсам деген тақырып көп. Құдай қуат берсе оған өздеріңіз куә бола жатарсыздар. Бастысы, еліміз аман болып, шығармашылық әлеуетіміз шарықтай берсін деген тілек бар бізде.
– Әңгімеңізге рахмет.