• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Тамыз, 2023

Жетісуда суару желілері тозған

142 рет
көрсетілді

Бүгінде Жетісу секілді егін шаруасына бейім өңірлер судан таршылық көріп отыр. Әсіресе, жергілікті шаруалар дабыл қағуда. Мәселен, облыста суару желілері мен гидротехникалық құрылыстардың физикалық тозуына байланысты арналардағы судың жоғалуы артып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін облыста айналымнан шыққан 52,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруге 8 ауданда суару желілері қайта жаңғыртылмақ.

Осы мақсатта аталған өңірлердегі суару желілерін қайта жаңғырту үшін ЖСҚ әзірлеуге жергілікті бюджеттен барлығы 1,7 млрд теңге бөлінген. ҚМЖ құны 62,9 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта Ақсу ауданы мен Талдықорған қаласында 7,8 млрд тең­ге­ге құрылыс-монтаждау жұмысы ж­ү­ру­де, оның ішінде Ақсу ауданында Ис­лам даму банк қаражаты есебінен жасалып жатқан жұмыс 6,3 млрд теңгені құрайды. Ескелді ауданының суару желілерін қайта жаңғырту аяқталды, нысан пайдалануға беруге дайын.

Ал Көксу ауданындағы суару же­­лілерін қайта жаңғырту жобасы Ислам даму банкінің қаражаты есебі­нен жүзе­ге аспақ. Алакөл ауданы­ның суару желілерін қайта жаңғырту үшін 1-2-ші кезеңінің ЖСҚ-на түзету жүруде. 1-ші кезеңнің 90 пайызы аяқта­лып, гидравликалық есептеу бекі­ті­ле­ді. 2-ші ке­зең­нің 50 пайызы бітіп, су шығын­да­ры­ның кестесі жасалып жатыр.

«Су мәселесі қазір өңірдің ең өзекті проблемасына айналып отыр. Қант қызылшасын дамыту үшін судың рөлі жоғары, ал өңірде жылдағыдай емес, өзен-көлдер тартылып барады. Қазір шағын шаруалар шырылдап отыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суға­ру әдісін қолдану үшін үлкен техника керек. Ал оны алуға шаруалардың жағдайы келе бермейді. Оның үстіне тау басында орналасқан шаруалар суды бөгеп отыр. Бұрынғыдай бұлақтың көзін ашып, судың толассыз ағуына сеп болатын адамдар да азайды. Мұның бәрін ескеруміз шарт», дейді «ҚФҚ» Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы Асқар Шәріпов.

Талдықорған қаласындағы су арналары 2020 жылдан бері күрделі жөн­деуден өтіп келеді. Тапсырыс беруші – Жетісу облысының құрылыс басқар­масы, мердігер компания – «Монолит» ЖШС. Құрылыс-монтаждауды 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Бірақ қазір сот үдерісіне байланысты құрылысы тоқтап тұр. Жалпы ұзындығы 113,2 шақырымды құрайтын Талдықорған өндірістік учаскесінің 19 арнасын жөндеу көзделген. Жобаға сәйкес 45 ша­қырым арна темір-бетонды науалардан құралуы қажет. Талдықорған өндірістік учаскесінің ақпаратына сәй­кес, жөндеуге жататын 19 арнаның еш­қайсысы толық аяқталмаған. Барлық жасалған жұмыстың жалпы көлемі 30-35 пайызды ғана құрайды.

Панфилов ауданының суару желі­ле­рін қайта жаңғырту жөніндегі жоба мерзімінің аяқталуына бай­ла­ныс­ты ЖСҚ түзету қажет. Сарқан ауда­нының суару желілерін қайта жаң­­ғырту жобасы бойынша мемле­кет­тік сараптама шық­қан күні – 2020 жылдың 7 ақпаны. Екі жоба бойынша қаржыландыру көзі анықталмаған.

Былтыр Қаратал ауданының суару желілерін қайта жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмысының басталуына республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді, жобаның жалпы құны – 4,7 млрд теңге. Қаратал ауданының суару желілерін қайта жаңғырту – 2 кезең мемлекеттік сараптаманың қоры­тын­дысы 2023 жылдың қараша айында аяқталады.

Өткен жылдан бастап Кербұлақ ауданы Шанханай, Талдыбұлақ ауылдық округтеріндегі тасқын және еріген суларды жинауға арналған тоғандарды қайта жаңғырту бойынша құрылыс-монтаждау жүруде. Құны – 308 млн теңге, қалпына келтіру алаңы 500 гектарды құрайды. Сондай-ақ аймақта жаңа ирригациялық желілер мен 3 жаңа су қоймасын, сорғы стансаларын салу, ұңғымалар орнату есебінен қосымша 32,7 мың гектар жерді айналымға енгізу көзделіп отыр.

Перспективалы жаңа суармалы жер­лердің ауданын іске қосу үшін ау­дан­дар бөлінісінде Ақсу – 10,6 мың гектар, Алакөл – 5,7 мың гектар, Кер­бұлақ – 7 мың гектар, Сарқан 9,3 мың гектар деп анықталды. Бұл үшін облыста қосымша жерүсті су ресурстарын жинақтау мақсатында 3 жаңа су қоймасы салынбақ. Бұлар – көлемі 80 млн текше метр Сарқан ауданындағы Басқан өзеніндегі Покатилов су қой­масы, көлемі 22 млн текше метр Ақсу ауданындағы Бүйен өзенінде Бүйен су қоймасы, көлемі 5 млн текше метр Ескелді ауданында Балықты өзенінде Балықты су қоймасы.

Былтыр Ақсу ауданы Бүйен өзенінде Бүйен су қоймасы құрылысының ТЭН әзірлеуге облыстық бюджеттен 10 млн теңге бөлінген. Келісімшарт 21,048 млн теңгеге жасалған. Мердігер – «Кор­порация Асыл строй» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі. Пока­тилов су қой­масы бойынша жобалау-сметалық құ­жат­таманы инвестор дербес әзірлейді. 2020 жылы облыстық бюд­жеттен 1359,4 млн теңгеге Кер­бұлақ ауданы Еңкөл және Арал-төбе су қоймаларын күрделі жөндеу басталды. Сондай-ақ «Ақтөбе, Түлкілі, Шы­мы­лдық, Қарлығаш, Қызыл­мек­теп, Қоғалы-1, Қоғалы-2, Бастау, Аралтөбе, Онжас, Көктал, Көксай Кер­бұ­лақ ауданының 135 шақырым суару арналарын реконструкциялау» ЖСҚ әзір­ленуде. Жалпы құны – 148,9 млн теңге, биыл 50 млн теңге бөлінген.

2021 жылдан бастап Сарқан ауда­нын­­дағы «Тәуке», «Ащылы өзек» ма­гис­тральді арналары күрделі жөн­деу­ден өтіп жатыр. Нәтижесінде, 1 300 гек­тардан аса суармалы алқап қал­пы­на келтірілмек. Сондай-ақ биыл Ес­келді ауданындағы «Бәйбіше» тарату, Сарқан ауданы Көктерек ауылдық округіндегі «Тлеулі» су жинау, Ескелді ауданындағы «Алмалы» тарату арналарын күрделі жөндеуге ЖСҚ, «Сарқан ауданында магистральді арналары бар Лепсы өзенінде бөгет салу», Көксу ауданының Быжы өзенінде су қоймасы құрылысына ТЭН әзірленіп жатыр.

Биыл облыстық бюджеттен Сарқан ауданының 111 шақырымына 10 магис­тральді арнасына ағымдағы жөндеу жұ­мысын жүргізуге 176 млн теңге, Қаратал ауданының 178,1 шақырым ішкі шаруашылық арналарын механикалық тазалауға 100 млн теңге қаражат қарас­ты­рылған. Су шаруашылығын ретке кел­тіру жұмыстары одан әрі ретімен жал­ғасады.

«Су шаруашылығы объектілерін жөндеуге қаражаттың жетіспеушілігі жобалардың сараптамалық мерзімдері өтіп, құнының қымбаттауына әкелуде. Мәселен, Алакөл және Көксу аудандарына қарасты жобаларға қазіргі уақытта 880 млн теңгеге қайтадан түзетулер енгізілуде. Жалпы, биыл облыста 12 су шаруашылығы объектілерінің жобалық құжат­тамалары әзірленуде, ендігі ке­зек­­те қаражат көзін айқындауымыз қа­жет», дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Қазір өңірде су тапшылығына байланысты түрлі шаралар қолданып жатыр. Дегенмен заманауи техниканы толық пайдаланбай істің өңбесі белгілі. Суды үнемдеуге көшпей, жерден мол өнім күтуге болмайды.

 

Жетісу облысы