Өскеменде таң бозынан кітапхана аулаларында хакімнің өлеңіне жазылған әуезді әндер орындалып, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Ал этноауылдағы дәулетті қазақ үйінде негізгі іс-шара өтті.
Айта кетейік, мұндағы дәулетті қазақтың үйі Абайдың Жидебайдағы үйінің көшірмесі. Ішкі бөлмелері, ауласы, ауласында тұрған арбасына дейін дәл жасалған. Маңына барсаңыз, Абай заманының рухына дейін сезіліп тұрады.
Абай күні аясында этноауылда түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Қылқалам шеберлері Абайдың портретін бейнелеп, шығармаларына қарай иллюстрациялар жасады. Бәрінен де ағаш шебері Бақыт Кеңшілікұлы жасаған Абайдың домбырасына көпшілік қызыға қарады. Кейбіреу шертіп көріп, қалай жасалғанын сұрасты. Шебердің айтуынша, Абайдың домбырасы шағын болғандықтан, әншілер тарапынан сұраныс көбейе бастаған екен.
«Қолыңызға ұстап тұрған Абайдың домбырасы жеті түрлі ағаштан жасалған. Кейінгі жылдары әншілер алып жүруге ыңғайлы деп, жиі тапсырыс беретін болды. Алайда күйден гөрі әнге жақсы», дейді қолөнер шебері Бақыт Кеңшілікұлы.
Ән демекші, салтанатты іс-шараның сәні әнмен кірді. Шығыстың сал серісі Дархан Садырбаев Абайдың «Бойы бұлғаң», «Сегізаяқ» әндерін орындап, көрермен қошеметіне ие болды. Сонымен қатар Абай өлеңдерінен үзінділер оқылды, қарасөздерін еске түсірдік. Жүргізушілер жиналған көрермендерге Абайдың өмір жолы, шығармашылығы туралы сұрақтар қойып, жауап берген тапқырларға кәдесыйлар үлестірді.
Әлбетте, Абай күні облыс орталығында ғана емес, Шығыс Қазақстанның барлық ауданында өз деңгейінде аталып өтті.
ӨСКЕМЕН