Теннисші Елена Рыбакина Канаданың Монреаль қаласында өткен жүлде қоры 2 788 468 АҚШ долларын құрайтын WTA 1000 турнирінің финалына шыға алмады.
Бұған дейін америкалық Дженифер Брэйди мен Слоан Стивенс және ресейлік Дарья Касаткинаны қапы қалдырған жерлесіміз жартылай финалда Ресейдің тағы бір өкілі, әлемнің 18-ракеткасы Людмила Самсоновамен шеберлік байқасты. Алғашқы сетте қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата ұтқанда, Еленаның екпініне енді ол шыдай қоймас деп ойладық. Бірақ мұнымыз бекер екен. Келесі екі сет Самсонованың айқын жеңісімен аяқталды – 6:1, 6:2. Арада бірнеше сағат өткеннен соң финалдық сайысты тамашаладық. Шешуші тұста Ресей теннисшісінің қатты шаршағандығы байқалды. Ол америкалық Джессика Пегулаға лайықты қарсылық көрсете алмады. Небәрі 50 минутқа созылған тартыс 6:1, 6:0 есебімен аяқталды.