• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 15 Тамыз, 2023

«Жұмыс жаннан артық па?». Еңбекқорлықтан пайда да көрген, зиян да шеккен ел

1146 рет
көрсетілді

Әлемдегі ең еңбекқор халық қайсы десе, жапон халқы еске түседі.

«Жапондық еңбекқорлық» құбылысы – елдегі қарқынды және үздіксіз жұмыс істеу мәдениетін сипаттау үшін қолданылатын ұғым. Бұл құбылыс табандылықпен, жұмыс үшін жанқиярлық және қалыпты жұмыс күнінен тыс уақытта да жұмыс істеуге ұмтылумен сипатталады. Әрі ол екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құлдырап тұрған ел экономикасын қалпына келтіру үшін жұмыс істеу қажеттілігі және жапондық корпоративтік басқару стилінің әсерімен байланысты болды.

Жапондық еңбекқорлықтың негізгі белгілері мынадай:

Ұзақ жұмыс уақыты. Жапондық жұмысшылар жұмыс орнында жұмыс уақыты аяқталса да отыра береді. Көптеген жапондық қызметкерлер жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыста қалып, компанияға берілгендіктерін көрсетеді. Мысалы, бес күндік жұмыс ресми бекітілсе де, сенбі күндері жұмысқа шығатын жапондар бар. Шағын демалыстар. Көптеген жапондық жұмысшылардың демалыс күндері өте сирек, бар болса, оны пайдаланбай жұмыс істей беруге тырысады. Жұмыста болу мәдениеті. Жұмысшыларға жұмыс орнында жұмыс істеуден қарағанда, жұмыс орнында көбірек болу маңыздырақ.

Дегенмен, жұмыс беруші үшін ыңғайлы саналатын осындай «еңбекқор» қызметкерлердің көп жағдайда пайдасынан, зияны көбірек болады екен. Мысалы, 1980 жылы «кароси» ұғымы танымал болған, бұл көп жұмыс істеудің салдарынан болатын өлімді білдіреді. Яғни, ел ішінде ақтық демі үзілгенше жұмыс істеу абырой саналған. Бұған жапон қоғамында компанияның игілігі үшін жеке уақытты құрбан ету маңызды болып саналуы себеп болған. Әлбетте, еңбекқорлықтың арқасында болған алғашқы табыстарға қарамастан «жапондық еңбекқорлық» адамдардың денсаулығы мен жеке өміріне кері әсерін тигізуіне байланысты алаңдаушылық туғыза бастады. Шектен тыс жұмыс істеу ұйқының бұзылуына, артынан депрессияға әкеледі.

Мұндай қауіп жастар арасында да тарады. Жастар бәсекесі жоғары ортаға тап болып, қысқа мерзімде жоғары нәтижеге жетуге ұмтылып, жұмыстың әсерінен «моральді тұрғыда жанып кетеді». Алайда, еңбекке деген мұндай көзқарас денсаулыққа ғана емес, әлеуметтік салаға да кері әсер етеді. Жапон жұмысшылары үнемі жұмыс орнында отырып, жеке өмірінде, отбасымен және достарымен қарым-қатынасында қиындықтарға тап болады. Бұл жұмыссыздықтың онсыз да жағымсыз салдарын күшейте отырып, әлеуметтік оқшаулануға және депрессияға әкелуі мүмкін.

Жапондық еңбекқорлық қазіргі ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Жоғары өнімділікке қарамастан, бұл жұмыс күшінің ерте қартаюына, туу көрсеткішінің төмендеуіне әкеп соғып, демографиялық мәселелер туындатып жатыр. «Жапондық еңбекқорлықтың» қарсыластары бұл құбылыс адамның денсаулығы мен жеке бақыты екінші сатыға қойылып, жұмыс пен мансап өмірдің басты мақсатына айналатын теңгерімсіз қоғамды тудырады деп санайды. Соның салдарынан жеке адамдар ғана емес, жалпы қоғамдық сала зардап шегеді.

Бұл мәселені шешу үшін еңбек мәдениеті мен әлеуметтік құрылымдарда реформалар жүргізіліп жатыр. Реформалар икемді жұмыс кестелерін енгізу, жеке уақыт пен демалысты ынталандыру, салауатты өмір салтын және жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігін насихаттау арқылы жүзеге асырылып жатыр. Алайда, қоғамдық пікірдің әсерінен, бәрібір шектен тыс жұмыс істеу мәселесі жапон қоғамы үшін әлі де өзекті.

 

Аружан МӘУЛЕНБАЙ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті