Ресми мәліметтерге қарағанда, қазіргі кезде елімізде екі қолына бір күрек таппай, жұмыссыз жүрген 80 мыңдай жас бар. Ал 194 мыңнан астам отандасымыз, яғни халқымыздың 1 пайызына жуығы, негізінен жастар шетелге барып еңбек етіп жүр. Бұл «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген ежелгі нақылдың ескіріп, бүгінгі заман шындығына сай келмей қалғандығын аңғартқандай.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылғы қазан айында өткен төртінші отырысында шет мемлекеттерге жұмыс іздеп барған қазақстандықтар туралы айта келіп: «Мұның пайдалы қырлары да бар. Мысалы, бұл – біліктілікті арттыруға, жаңа іске машықтануға, өз кәсібін бастау үшін қажетті қор жинауға, жер көріп, ел тануға жақсы мүмкіндік. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының, соның ішінде шетелдерде жұмыс істеп жүрген адамдардың әлеуетін пайдалануға бар күшін салады», деген еді. Мемлекет басшысы осы мәселеге Ұлттық құрылтайдың биылғы маусым айында Түркістанда өткен екінші отырысында тағы да назар аударып, өзінің ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүргенін көлденең тартты.
«Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз», деді Мемлекет басшысы. Осылайша, Президент «жауырды жаба тоқымай», гастарбайтерлік сияқты ел өміріндегі елеулі құбылысқа ден қойып, өз пайымы мен ұйғарымын ортаға салды.
Шынтуайтында, қазақстандықтардың гастарбейтерлігінің өзіндік ерекшелігі бар. Себебі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалдама көрсеткеніндей, қазіргі кезде елімізде 134 мың жұмыс орны бос тұрғанымен, 80 мыңға жуық азаматтың жұмыс таппай жүргені қайран қалдырарлықтай жағдай емес пе? Оның үстіне, жұмыс қолы жетіспейтін сауда, өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, білім беру, ауыл, орман және балық шаруашылықтары сияқты салалардағы бос жұмыс орындарының 50 пайызына жуығына арнаулы кәсіптік-техникалық біліммен, 25 пайыздан астамына кәсіби білімсіз-ақ орналасуға болады екен. Осы ойсыраған олқылық орнын біздің елге Орталық Азия мемлекеттерінен жыл сайын ағылып келіп жатқан заңды және заңсыз еңбек мигранттары толтырып жүр.
Пайымдап қарасақ, елімізге шеттен ағылып келетін гастарбайтерлер – өз елінде жеткілікті күнкөріс көзін таба алмай қиналған адамдар. Ал біздің елдегі жұмыссыздардың көбі – жалақысы төмен жұмыстарды істегісі келмей, ақшаны «күреп» табуды көксейтін кісілер десек, қателеспеспіз.
Гастарбайтерлердің көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес арнайы рұқсат алмай-ақ көршілес Ресей Федерациясының табысы мол кәсіпорындарында, соның ішінде мұнай-газ саласында еңбек етіп жүр. Олардың саны өткен жылы 34 мыңнан асқан. Ұлттық Банктің мәліметіне сүйенсек, былтыр солтүстіктегі көрші елден Қазақстанға рекордтық көлемде – жалпы сомасы 360 млрд теңгені құрайтын ақша аударымдары жөнелтілген. Сондай-ақ жалақысы жоғары жұмыс іздеген отандастарымыз шалғайдағы Оңтүстік Кореяға заңсыз еңбек мигранттары ретінде жиі барып жүр. Осы елден өткен жылы Қазақстанға жалпы сомасы 39,8 млрд теңге ақша аударымдары келіп түскені – соның айғағы.
Елімізден Оңтүстік Кореяға сапарлатқан заңсыз еңбек мигранттарының көші 2014 жылы басталған. Себебі, сол жылы екі ел үкіметтері арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы келісім жасалған. Соған сәйкес қазақстандықтар Таңғы шық еліне туристік, жеке, іскерлік, мәдени және медициналық мақсаттармен визасыз барып, онда 30 күнге дейін бола алады. Бірақ көптеген отандасымыз мұны заңсыз жұмысқа орналасу мақсатында пайдаланып жүр. Олар Корея Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткен кезде келу мақсатын турист, жарысқа қатысуға келген спортшы, ата-анасын емдетуге әкелген адам ретінде көрсетіп, қулық жасайды екен. Ал өтіріктері әшкереленіп қалған жүздеген отандасымыз Инчхон халықаралық әуежайынан кері аттандырылған. Бұл – қарапайым адамның қалтасын қағатын қыруар шығын. Өйткені Астана мен Алматы қалаларынан Сеулге ұшып барып-қайту үшін ғана жан басына 1 мың АҚШ долларындай қаражат қажет. Оңтүстік Кореяға барып, қомақты жалақы тапқысы келетін отандық гастарбайтерлердің заң бұзуының себебі – жұмысқа орналасуға қажет еңбек визасын ала алмайтындығында. Мұндай виза ұлты корей Қазақстан азаматтарына ғана беріледі.
Осы орайда бір айта кетерлігі, ТМД елдерінің ішінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанның ұлты корей емес азаматтары да уақытша еңбек визасын алу арқылы бүгінде Таңғы шық елінде заңды түрде жұмыс істеп жүр. Өйткені бұл елдер Корея Республикасымен екіжақты келісімге қол қойған. Ал біздің елдің Үкіметі осындай келісім жасасу мүмкіндігін бір кезде уыстан шығарып алған. Нақты айтсақ, 2005 жылы корей тарапы шетелдіктерді еңбекке тартудың жаңа бағдарламасы – «Еңбек етуге рұқсат жүйесі» бойынша Қазақстан азаматтарын жұмысқа шақыру жөнінде ұсыныс білдірген. Бұл ретте корей тарапы қойған басты талап – Корея Республикасымен еңбек көші-қоны туралы екіжақты келісім орнатуға мүдделі елдер үкіметтерінің жанында еңбек мигранттарын шетелге жұмысқа жіберумен айналысатын арнайы ведомство болуы қажеттігі еді. Осы талапты сол кездегі Қазақстан Үкіметі орындамаған. Бірақ 2014 жылдан кейін Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барған қазақстандық заңсыз еңбек мигранттарының саны көбеюіне байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі корей тарапына «Еңбек етуге рұқсат жүйесі» бойынша екі жақты келісім жасасу жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс енгізген. Оған Корея Республикасының Үкіметі қарсылық білдірмегенімен, бұрын қойған талабын қайтадан алға тартып, Қазақстан Үкіметінің шетелдерге еңбек мигранттарын жіберумен айналысатын арнайы мемлекеттік мекемені құруын күтіп отырған көрінеді.
Оңтүстік Корея Үкіметі кейінгі кезде заңсыз еңбек мигранттарының санын азайту мақсатында елге визасыз келу тәртібіне өзгеріс енгізіп, баруға ғана емес, қайтуға да қажет авиабилеттерді және сақтандыру құжатын өткізу талабын қойып отыр. Нәтижесінде, Қазақстаннан келетін заңсыз еңбек мигранттарының саны 12 мыңнан 7-8 мыңға дейін азайған. Есесіне Ұлыбританияға ат басын бұрған қазақстандық гастарбайтерлер саны көбейген.
«Ұлыбритания қазір біздің жастарға азғантай уақытта мол табыс тауып, өздерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, WPR деректері бойынша 2019 жылы қазақстандық гастарбайтерлер елімізге жіберген қаржы сол жылғы ішкі жалпы өнімнің 0,3 пайызын құраған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 0,6 пайызға немесе 676,8 миллиард теңгеге жеткен. Олигархтар отыз жыл бойы капиталды сыртқа шығарып, еліміздің экономикасын тұралатса, гастарбайтерлер, керісінше, Қазақстанға валюта әкеліп жатыр. Бұл өз кезегінде теңгенің тұрақтануына септігін тигізеді», деп жазды қаржы сарапшысы Айбар Олжаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Үкімет те гастарбайтерлердің елге тигізетін пайдасын түсініп, олардың құқықтарын қорғауға мүдделілік танытып отыр. «Біз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылдадық. Азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу мәселесі пысықталып жатыр», деді Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкіметтің биылғы 8 тамызда болған отырысында.
Сонымен, алдағы уақытта қазақстандық гастарбайтерлер қай қиырда жүрсе де, туған елінің қолдауы мен қамқорлығын сезініп, қанаттанып, түптің түбінде бәрі де Әділетті Қазақстан орнату жолына түскен Отанына перзенттік сағынышпен оралады деп үміттенеміз.