• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Экономика 17 Тамыз, 2023

Экономика қыспағындағы «қара алтын»

280 рет
көрсетілді

ОПЕК+ келісімі шеңберінде еліміз мұнай өндіруді 2024 жылдың соңына дейін тәулігіне 78 мың баррельге өз еркімен төмендетуге міндеттенген еді. Десе де өндірістің қысқаруына электр нысандарындағы апаттар мен кен орындарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары себеп болғаны ақиқат.

Petrocouncil мұнай-газ сала­сын­дағы стратегиялық әріп­тес­тікті дамыту жөнін­дегі кеңестің мә­ліметіне сәйкес бірінші жарты­жыл­дықта мұнай мен конденсат өндіру өткен жылмен салыс­тыр­ған­да 5,7%-ға, 45,5 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте мұнай өндірісі 6,8%-ға артса, конденсат өндірісі керісінше 0,7%-ға азайған. Сондай-ақ бірінші жарты­жыл­дықта табиғи газ өндіру 1,2%-ға, 28,9 млрд текше метрге дейін ұлғайса, та­уар­лық газ шығару 4,7%-ға, 5 млрд текше метрге дейін қыс­қар­­ды. Бұдан елдегі ең ірі тауар­лық газ жеткізуші Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (ҚПО) көрсет­кіш­те­рінің төмендегенін бай­қауға болады. Яғни Орынбор ГӨЗ-де Қарашығанақ газын қай­та өңдеу проблемасы ешқайда кетпеген. ҚПО-ның өндірісті тө­мен­деткенін Батыс Қазақстан об­­лы­сы бойынша алғашқы алты айда теріс динамиканы көрсеткен өнді­ру статистикасы да жанама түр­де растайды. Үш ірі кен орнында үлесі бар «ҚазМұнайГаз» бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өндіріс Теңізде 0,8%-ға, Қашағанда 105,5%-ға өскенін, ал Қарашығанақта керісінше 1,3%-ға төмендегенін хабарлады.

Маңғыстау атом энергетикалық ком­би­натындағы (МАЭК) апат ел бойынша мұнай өндіру деңгейіне елеулі әсер етті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, шілденің басында аймақта электр энергиясының жаппай ажырауына байланысты өндіріс шамамен бестен бірі­не төмендеді. Апаттан кейін Кас­пий құбыр консорциумы Батыс Қазақстандағы үш сорғы стансасын тоқтатты, бірақ Теңізден мұнай айдауды жалғастырды. Бұл ретте агенттік хабарлағандай, Қазақ­стан осы жылы мұнайға болжамды әлемдік сұраныстың тәу­лігіне 1,57 млн баррелін қам­та­масыз етеді деп күтілуде.

Апат салдарынан Қашаған мен Теңіз­ге электр энергиясын беру тоқта­тылды. Бұл кен орындарының операторлары өз газтурбиналық электрстансасына ие, бірақ электр қуатын ортақ желіден алады. Сонымен қатар NCOC «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауытының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. «ҚазМұнайГаз» МАЭК-тегі апатқа бай­ланысты «Өзенмұнайгаз», «Маң­ғыс­тау­мұнайгаз», «Қара­жан­бас­мұ­най» және «Ембі­мұнайгаз» ком­па­ния­ларының кен орындарында мұнай өндіру ішінара не толық тоқтатылғанын, кейінгі 2,5 жылда ҚМГ-ның барлық активтері бо­йынша электр энергиясының ажыратылуына байланысты мұ­най­дың жалпы тапшылығы 279 мың тоннаны құрағанын хабарлады. Тек биыл осындай 153 жағдай тіркеліп, нәтижесінде 75 мың тонна шикізат өндірілмеді.

МАЭК оқиғасы салдарынан Атырау және Маңғыстау облыстарында жұмыс істейтін кәсіпорындардың жұмысы қиын­дады. Осы екі аймақта елдегі бар­лық мұнайдың шамамен 75%-ы өндіріледі. Жұмыстың бір­не­­ше сағатқа тоқтауының өзі жал­пы өндірістің күрт қысқа­руы­на әкелген. Сондай-ақ жыл со­ңына дейін екі ірі кен орны ‒ Теңіз бен Қарашығанақта жөн­деу жұмыстары жүргізілмек. Мұның бәрі еліміздің өн­дірісті қыс­­қарту бойынша өзіне алған міндеттемелерінің орындалуын қам­тиды.

Республикада мұнай өндіру көр­сет­­кіш­терінің өзгеруі әлемдік на­рық­­тағы ұсынысқа бірден әсер етеді. Ха­лықаралық энер­гети­ка­лық агент­тіктің (ХЭА) шіл­де айындағы есебінде Қазақ­станда өн­ді­ріс маусым айын­да тәулігіне 1,6 млн баррель деңгейіне дейін қалыпқа кел­ті­ріл­гені айтылған. Өткен айларда Лондон биржасында Brent фьючерстері орташа есеппен барреліне 75 доллар деңгейінде саудаланды. Дегенмен ХЭА болжамынша, шілдеден бас­тап Сауд Арабиясында мұнай өндіруді тәулігіне 1 млн баррельге қысқарту күшіне енген кезде баға мәжбүрлі түрде көтеріледі. Корольдікте шикі мұнай өндірісі шілде мен тамызда тәулігіне шамамен 9 млн баррельге дейін екі жылдық ең төменгі деңгейге дейін төмендеуі керек.

Жалпы, кейінгі 12 айда мұ­най­ға әлем­дік сұраныс көп­теген дамыған және дамушы елдерде қатаңдатылған ақша-несие саясатының емес, күрделі эконо­ми­калық жағдайдың қысымында қалып отыр. Қытайда сұраныс күрт өседі деген үміт те ақталмады, жыл басындағы секірістен кейін оның экономикасының қалпына келуі баяулады дейді сарапшылар.

Десе де, биылғы сұраныстың жалпы өсімінің 70%-ы Қытайдан келеді. Ал мұнайға әлемдік сұра­ныс 2,2 млн баррельге, тәулі­гіне рекордтық 102,1 млн баррель­ге дейін артады. Әлемдік мұнай өндірісі 1,6 млн баррельге, тәулігіне 101,5 млн баррельге дейін, негізінен ОПЕК+ құрамына кірмейтін елдер есебінен ұлғаяды деп есептейді агенттік. Сонымен қатар биылғы мұнай бағасының бұрынғыға қарағанда төмен болуы экспорттаушы елдер үшін тиімсіз. Сондықтан оны өн­діру мен жеткізудің одан әрі қыс­қа­руын күтуге болады.

Осы жылдың қаңтар-мамы­рында еліміз 17,2 млрд доллардан аса сомаға 28,7 млн тоннадан аса мұнай экспорттады. Көрсеткіш нақты мәнде 5%-ға, құндық мәнде 14%-ға төмендеді. Қазақстан мұ­найының негізгі сатып алушылары ‒ Италия, Нидерланд, Оң­түстік Корея, Қытай және Фран­ция. Кейінгі кездері бірқатар елге жеткізілім айтарлықтай ұлғайған.