Өткен жылдың соңында Ақтөбе облысында басталған «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар қатары күн санап көбейіп келеді. Жылдық пайызы өте төмен мөлшерде несие алып кәсіп бастаушылардың қатарына тауарлы несие алғандар да қосылды. Осылайша, елімізде ең бірінші болып кепілдік мүлкі жоқ, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды тауарлы несиелеу жобасы қолға алынды.
Мұның ерекшелігі сол, осы жобаға бюджет қаржысы жұмсалмайды, кепілге қоятын мүлік қажет етілмейді, пайыздық мөлшерлемесі жоқ. Әрі бұрын банктерден тауарлы несие алған азаматтарға да жобаға қатысуға шектеу жоқ. Былайша айтқанда, ауылдық округте табысты жұмыс істеп жатқан шаруа қожалықтары төрт түлік түрінде ауылдасына мал берсе, өз кезегінде екінші тарап қарызға алған сиыр, қой, түйе, жылқысын бірнеше жылдан соң қайтарып беріп, түліктерін өзі алып қалады. Айта кету керек, осы кезге дейін 1 300 ауыл тұрғынына тауарлы несиелеу жолымен 4 580 бас мал берілді.
«Алайда ауыл тұрғындарының көшуін тоқтату үшін осы алынып жатқан шаралар жеткіліксіз. Жоба басталғанға дейін әрбір елді мекенге скрининг жүргізіліп, алғаш рет 134 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары бекітілді. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары қандай азық-түлік түрлерін қандай көлемде тұтынатыны анықталды. Талдау қорытындысы Ақтөбе облысы халық тұтынатын негізгі 65 азық-түлік түрінің 7 түрімен ғана толық қамтамасыз ететінін, ал 45 түрімен ішінара 1%-дан 69%-ға дейін қамтамасыз ететінін анықтады. Ашығын айтқанда, жыл сайын Ақтөбе облысы сырттан азық-түліктің 58 түрін сатып алуға 150 млрд теңге жұмсап келеді. Егер осы азық-түлік өзімізде өндірілсе, қаржы өңір экономикасында қалар еді. «Ауыл аманаты» жобасы ауылдарды сақтап қалуға, ауыл тұрғындарының қалаға көшуін азайтып, жаңа жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздықты төмендетуге, тұрғындарды жергілікті жерлерде өндірілетін сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге жол ашады», дейді өңір басшысы Ералы Тоғжанов.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Керімбек Ақтөбе облысында басталған қанатқақты жобаның ауыл тұрғындарының табысын молайтып қана қоймай, ішкі көші-қонды реттеуге үлкен көмегі бар дейді.
«Қолда бар ақпараттарға қарағанда, кез келген макроэкономикалық көрсеткіштерге жағымды әсер ететін факторлардың бірі – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы. Ақтөбе облысы осы жағынан басқа өңірлерге қарағанда көш ілгері. Бір ғана мысал, Үкіметтің «Ауыл аманаты» бағдарламасын он ай бұрын бастаған облыс басшылығы ауылды сақтап қалуға нық қадам жасады. Ойланып қараңыз, 2,5%-дық мөлшерлемемен берілетін несиеге тек ауыл тұрғындары қол жеткізе алады. Ол үшін өзіңіз тұратын ауылдағы үй-баспанаңызды кепілдікке қоясыз. Несие 5 жылға беріледі. Қазір «Ауыл аманатына» қатысушылар саны 1 400 адамға жеткен. Әрине, осы жағдай елді мекендердегі тұрғын үй бағасының шарықтауына әсер етеді. Табысты ауылдағы тұрғын үй бағасының өсуі өте заңды. Ауыл тұрмысының жақсаруына адам бойындағы туған жердің болашағына деген оянған сенім тікелей әсер етіп отырғаны анық», дейді Ғ. Керімбек.
Осы жоба басталған бойы қажетті құжаттарын даярлап, несиеге қол жеткізген Әйтеке би ауданы Аралтоғай ауылдық округінің тұрғыны Қыдырбек Ибрашев ерте көктемнен бастап бақша салуға кірісті. Тамыз туа салысымен ол туған топыраққа сіңген еңбегінің алғашқы жемісіне қол жеткізіп отыр. Ол қолына тиген қаржыға Аралтоғай ауылының шетінен жер алып, көкөніс егуді қолға алған болатын.
«Мен 7 гектар жерге картоп, сәбіз, қауын, қарбыз ектім. Ерте көктемнен бастап жаз бойы бала-шағамызбен бақшамызда тынымсыз еңбек етуіміздің арқасында алғашқы өнімге қол жеткіздік. Біз сияқты бала-шағалы адамға жақсы мүмкіндіктер беріп жатқан жергілікті билікке ризашылығымызды білдіреміз. Президентімізге, облыс әкіміне рахмет! Е.Тоғжанов өзі бас болып, ауылға бірнеше рет келіп, кәсібімізді қалай жүргізіп жатқанымызды көрді, ақыл-кеңесін берді, тұқым мен жанар-жағармай жағынан қандай көмек қажет екенін ерінбей сұрады. Уақтылы егіп, мезгілінде суарып, арамшөбін жұлып, күтіп-баптау арқылы өнім бітік шықты. Біз бақшаның өнімін бірден Аралтоғай ауылына, жалпы, Әйтеке би ауданының барлық округіне арзан бағаға өткізіп жатырмыз. Қаладағы мейрамханалар да тапсырыс бере бастады. Арзан несие алып, кәсіп бастағандар саны көбейсе, ауылдан көшіп кетушілер де азаяды. Жұмыс болса, туған жерден қол үзіп не керегі бар?», дейді Қ.Ибрашев.
Алайда ауыл тұрғындарының көшуін тоқтату үшін осы шаралар жеткіліксіз. Сол үшін де өңірімізде ауыл тұрғындарын қолдаудың бірыңғай пакеті енгізілді. Оған елді мекендерге сапалы интернет жүргізу, ауыл және қала мектептерінің арасындағы білім алшақтығын жоюға бағытталған «Білім All», телемедицинаны дамытуға бағытталған «Фельдшер сөмкесі», елді мекендердің инфрақұрылымдық және әлеуметтік дамуына бағытталған «Абаттандырылған ауыл» және «Қауіпсіз ауыл» жобалары бар.
Аймақта экономикалық тұрақты өсімді қамтамасыз ету мен өмір сапасын жақсартуға арналған жұмыстар жалғасып келеді. Өңірде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы және уақтылы орындауға барлық мүмкіндік жеткілікті.
Ақтөбе облысы