Қазір ел медицинасы қалт-құлт етіп тұр. Қалталылар шетел асып емделсе, қарапайым жұрт көрші елдерден шипа іздеп жүр. Өңір-өңірде білікті дәрігердің жетіспейтіні – ащы шындық. Мәселен, Жетісуда 365 дәрігердің штаты бос тұр, одан бөлек, 226 орта медицина қызметкері ауадай қажет. Талдықорғанның өзінде 100-ге жуық маманның орны бос тұр.
Жетісу облысы дербес болғалы, дәрігер тапшылығы тіпті қатты байқала бастады. Бүгінде өңір көлемінде 1 696 дәрігер, 6 740 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Дегенмен ауыл-ауылдарда жыл сайын блокты-модульді медпунктер салынғанымен, онда отырғызатын маман тапшы. Ал халық шипа іздеп әлі қала кезумен жүр. Тұрғындардың айтуынша, облыста гостролог, гемотолог, вирусолог, инфексиолог, нейрохирург, эндокринолог, эпелептолог, невролог, гостроэнтеролог секілді мамандар тапшы, тіпті жоқ десек те болады. Сол мамандарға мұқтаж ата-аналар он жылдан бері облыс әкімдігіне, сала басшыларына ұсыныс айтқанымен, мәселе шешілмеген.
Бүгінде аталған мәселені шешу үшін облыс әкімдігі салаға нақты қажет 44 маманға тұрғын үй мен қатар үстемеақы төлеп өңірде ұстап отыр. Әйтсе де, бұл жәрдемнің жеткіліксіз екені даусыз. Қазір өңір басшысы Бейбіт Исабаев осы проблеманың алдын алу шараларын ұйымдастырып жатыр. «Мен басқарма басшылары мен орынбасарларыма тапсырма бердім. Әлеуметтік қолдаудың қосымша шарасы ретінде аса тапшы мамандықтағы дәрігерлерге 5 млн-ға дейін төлем берілу шарасын қарастырып жатырмыз», деді Бейбіт Өксікбайұлы халықпен кездесуде.
2023-2025 жылдары Жетісу облысының денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыру үшін медициналық техниканы сатып алуға 12,1 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Медициналық ұйымдардың жабдықтар мен медициналық техникаға қажетін жабу үшін алдағы 5 жылға жарақтандыру бағдарламасын бекіту жоспарланып жатыр.
Бүгінде дәрігерлерді даярлаудың үздік сапасын қамтамасыз ету мақсатында министрлік «Резиденттер ауылға және моноқалаларға» жобасын іске асырады. Жобаға 377 резидент қатысып, 241 клиникалық тәлімгерді тарта отырып, 156 клиникалық база жұмылдырылмақ. Бағдарлама болашақ дәрігерлердің ауылдық денсаулық сақтау саласындағы жұмысына бағытталған. Жетісу облысына сапарында салаға жауапты министр Ажар Ғиният өңірдегі медицина саласын ілгерлетуге күш салатынын айтқан еді.
«2022 жылы облыстың медициналық ұйымдарына 82 дәрігер келді, оның ішінде 31 маман ауылдық жерлерге тартылды. Оларды бекіту үшін ауылда сараланған еңбекақы төлеу және тұрғын үй беру түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды.100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы, 1 500 айлық есептік көрсеткіште тұрғын үй салуға немесе сатып алуға бюджеттік кредит берілді. Биыл өңірдің қажеттігіне сәйкес 59 түлек алдын ала бөлінді, оның 52-сі клиникалық бейіндегі түлек болды», деді А.Ғиният.
Дәрігерге тапшылықтың алдын алу мақсатында биыл министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысының шеңберінде өңірдің қажеттілігіне сәйкес 64 грант бөлген. Түстеп өтсек, анестезиологтер-реаниматологтер – 6, инфекционистер – 1, терапевтер – 3, педиатрлар – 3, акушер-гинекологтер – 7, травматологтер – 7, отбасылық медицина – 2, хирургтер – 1. Бұған қоса жергілікті бюджет қаражатының есебінен 60 бейінді маманды даярлауға қаражат қарастырылған.
Қазір 4 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл 66 мың ауыл тұрғыны қамтылған, жыл соңына дейін 120 мың тұрғынын қамту жоспарлануда. Сонымен қатар былтыр ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілді. Облыс ауылдарының 7,5 мыңнан аса тұрғыны тексеріліп, 278 адам динамикалық бақылауға алынған. Көпшілігінен жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталған. Негізгі аурулардың диагностикасын жақсарту үшін ауыл тұрғындарына скринингтер санын 11 түрге дейін ұлғайту жоспарланған.
«Мемлекет басшысы тапсырмаларының шеңберінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жобаның шеңберінде 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісінің, оның ішінде Жетісу облысында 59 объектінің, оның ішінде 2023 жылы 25 объектінің, 2024 жылы 34 объектінің құрылысы қамтамасыз етіледі», деді министр.
Жалпы, Жетісуда медицинада донорлық трансплантация, нейроинтервенция, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту маңызды. Бүгінде дәрігерлер облыста да бүйрек, өкпе, бауыр сияқты ағзаларды алмастыруға кезекте тұрған тұрғындардың саны жыл санап көбейіп бара жатқанын айтады. Әрине, бұл жағдай – республика көлемінде де қызып тұрған түйткілдің бірі. Дегенмен трансплантация реципиент, донор арқылы өңірде де науқастардың санын азайтуға болады.
Мәселен, Жетісу облыстық ауруханасының директоры Анарбек Монголхан облыста нейроинтервенция емін дамытып, миына қан құйылған науқасқа уақытында жедел көмек көрсететін күшке ие болсақ дейді. Осындай жаман дертке шалдыққандардың саны өсіп келеді.
«Медицина саласы дамыған мемлекеттермен тәжірибе алмасып, дәрігерлердің білімін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсетіп отыр. Қазір бізге білікті мамандар ауадай қажет. Сондықтан оларға барлық жағдайды жасауымыз қажет. Бұл, ең алдымен, халықтың денсаулығына құйылған инвестиция болмақ әрі аурухана имиджін көтеруде басты рөл атқарады», дейді А.Монголхан.
Оның айтуынша, облыстағы денсаулық саласындағы басты нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Нысанда бірнеше жылдан бері толыққанды жөндеу жұмыстары болмаған. Кеңес өкіметі тұсында салынған ғимараттың тағаны мықты болғандықтан ғана іске жарап тұр. Бір қуаныштысы, бұл жайтпен облыс әкімдігі таныс. Мемлекет һәм жергілікті әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілмек. Ескісін күрделі жөндеуден өткізіп, аурухананың жоғары жағынан жаңа консультативті-диагностикалық ғимарат салу жоспарланған. Бүгінде жаңа ғимараттар салудың жобалық-сметалық құжаты аяқталып қалған.
Бұл тұста тағы бір мәселенің шеті шығады, бұл – жалақыны жыры. Үлкен қаладағы тәжірибесі мол мамандар немесе шетелден үздік бітіріп келген жас дәрігерлер Талдықорғанға келуге құлықсыз. Оның бір себебі – айлықтың аздығы болса, екіншісі – әлеуметтік кедергілер. Осы ретте облыстық емхананың материалдық-техникалық жағдайын заман талабына сай жасау маңызды. Бұл – сырттан медицина қызметкерлерін тартуға жол ашатын тағы бір амал. Бүгінде облыстық денсаулық басқармасы мамандардың білімін жетілдіріп, әл-ауқатын жақсартуға барынша күш салып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, нақты ұсыныстар әлі жасалған жоқ.
– Алдыңғы жылы 700 млн-ға – 4, былтыр 110 млн-ға 5 күрделі медициналық құрылғы алынды. Биыл да бұл игілікті іс жалғасын табады. Біртіндеп заманауи аппараттармен толығып жатырмыз. Жаңа емхана салудың жобалық-сметалық құжатында санитарлық эпидемиялық талаптарға сай дәлізде бірнеше дәретхана болады. Сондай-ақ бір палатада 2-3 адамнан артық жатпайды. Ең бастысы, тікұшақ қонатын арнайы алаң да орналастырылады. Бұл өңірдегі басты нысан болғандықтан, аталған жұмыстардың болуы маңызды, – дейді травматолог-ортопед А.Монголхан.
Облыс орталығында балалар ауруханасы, перинаталды орталық, кардиология орталығы, онкология орталығы, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы орналасқан. Бұның бәрі – облыстық мәртебесі бар мекемелер. Мәселен, санитарлық авиациямен жеткізілген науқастың жағдайы төмен болса, тікұшақпен облыстық ауруханаға әкеліп, реанимацияға кіргізіп, көмек көрсетуге болады. Осылайша, сырқаттың жағдайы қалыпқа келген соң мамандандырылған ауруханаға жеткізуге ешқандай кедергі болмайды. Олай дейтін себебіміз, қалалық әуежайдан аурухана жету ұзақ уақытты алады, оған сырқат шыдамауы мүмкін. «Жедел жәрдем» жеткізем дегенше түрлі жағдай болуы ықтимал, сондықтан бұл істің шешімі тікұшақ қонатын алаңмен сабақтасып жатқандай.
Қазір өңірде бюджеттің көлемі шектеулі. Сондықтан медицина саласы екінші орынға жылжыды. Аграрлы өңір әуелден белгілі, әуелгі күшті ауыл шаруашылығына салатыны анық. Дегенмен халықтың денсаулығы маңызды екенін ұмытпағанымыз жөн. Қала тұрғындары, өңірде білікті мамандардың жоқтың қасы екенін айтады. Олардың көбі денсаулығын қалыпқа келтіру үшін Алматы не Астана секілді алып шаһарларға баруға мәжбүр. Сол себепті осы салада маман тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе деген тілегін білдіреді.
Айта кетейік, Жетісуда 361 денсаулық сақтау мекемесі бар. Онда 10 мыңға тарта медицина мамандары қызмет етеді. Президентт Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Алдағы 2 жылда аталған жоба шеңберінде облыс бюджетінен қаражаты есебінен 17 млрд теңге бөлінбек. Оған 116 медициналық нысан салынады деп жоспарланып отыр. Бұл кезегінде медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға жол ашады.
Жетісу облысы