• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Тамыз, 2023

Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының кең ауқымы талқыланды

224 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Үрімшіге сапары барысында ШҰАР парткомының хатшысы Ма Синжуймен ынтымақтастықты күшейту және туындайтын кедергілерді еңсеру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құттықтау сөзінің басында Ма Синжуй Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жеткізіп, Шыңжаң губернаторының Астанаға наурыз айындағы сапары кезінде Мемлекет басшысының жоғары деңгейде қабылдағанын тағы да атап өтті.

«Шыңжаң – Қытайдың батыс қақпасы, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асырудағы маңызы ерекше. Қазір ШҰАР аумағында 17 өткізу бекеті бар, оның басым бөлігі – Қазақстанмен ортақ. Өткен жылы ШҰАР тауар айналымының жалпы көлемі 246 млрд юаньды құрап, 57%-ға өсті. Өсу қарқыны бойынша ШҰАР Қытайда бірінші орынды иеленді. Орталық Азия елдерімен жалпы тауар айналымының көлемі – 119 млрд юань, оның ішінде Қазақстанмен сауда-саттық үлесі ең көбі саналады», деді ол.

Ма Синжуй тараптардың өзара байланысын нығайтуға баса назар аударды.

«Барлық өткізу бекеті жұмыстарын қайта жандандырды, сондай-ақ Алматы – Үрімші тұрақты әуе рейсі де жанданды. Жүк тасымалының тиімділігі артып келеді, «Қорғас» өткізу бекеті 24/7 режимінде жұмыс істей бастайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін жасыл дәліз іске қосылды. Жақында алтыншы қытайлық Шыңжаң халықаралық ұлттық би фестивалі өтті, оған Қазақстаннан барған ансамбль қатысты. Өнер көрсету кезінде зал  лық толы болды. Халық биі шеберлігі мен өнері Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың көрінісі. Біз екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына өз үлесімізді қосамыз», деп түйіндеді ол.

Ма Синжуй теміржол және автотасымалдау, жаңа логистикалық орталықтар құру, әуе рейстері санын көбейту, мәдени тәжірибе алмасуларды жолға қою, Қазақстаннан кәсіпкерлерді тарту үшін халықаралық бизнес-орта құру, сондай-ақ Шыңжаңға және Қазақстанға инвестиция салу бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.

«Біз мәдениет және туризм саласында жұмыс істеуге, қазақстандықтарды Шыңжаңда тегін оқытуға квоталар санын көбейтуге мүдделіміз», деді Ма Синжуй.

Өз тарапынан Серік Жұманғарин Ма Синжуйға білдірген жылы лебізі үшін ризашылық білдіріп, Президент пен Үкімет басшысының сәлемін жеткізіп, Шыңжаң Қытаймен тауар айналымындағы 40% үлесі бар №1 серіктес екенін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – логистиканы дамыту. Қазақстан Президенті алдымызға Қазақстанды логистикалық орталыққа айналдыру міндетін қойды. Қазір Үрімші қаласындағы жүктердің консолидаторы болатын өте маңызды жоба – логистикалық терминалды іске асыру жоспарланып отыр. Біз бұл жобаға қатысуға дайынбыз. «Орталық Азия – Қытай» саммиті кезінде Шыңжаңда құрғақ порт салу туралы шешім қабылданды. Ал, онымен бірге, Қазақстанның тек ШҰАР-мен ғана емес, бүкіл Қытаймен логистикасы қалыптасуда. Тек теміржол және автоөткізгіштерді дамытумен ғана ынтымақтастықты шектеудің қажеті жоқтығымен келісемін. Әуе жүк айналымын, жолаушылар айналымын, электрондық коммерцияны дамыту қажет. Жақында біз ірі интернет-сатушылармен кездестік, жақын арада «Қазпошта» АҚ тиісті келісімдер арқылы ниеттерін бекіту үшін олармен келіссөздерді жалғастырады. Білім беру саласында ШҚО университетінің базасында «Лу Бань» шеберханасын ашуға дайындалып жатырмыз (Қытайдың озық технологияларын пайдалана отырып, техникалық мамандарды даярлау жобасы)», деді Серік Жұманғарин.

Шекаралас екі аймақты тығыз байланыстыратын сала – ауыл шаруашылығы.

«Қазір Hualin Group-пен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Олар Қазақстандағы үш өңірге барып, мал шаруашылығы саласына қызығушылық танытты. Бұл өнім Шыңжаңға экспортқа бағытталған. Сондай-ақ біз Абай облысында қой шаруашылығы кластерін дамытуға дайынбыз. Энергетика саласында да көптеген бірлескен жоба бар. Қытайлық компаниялар, әсіресе, шағын өзендерде су электр станцияларын салуға қатысады. Қазақстанда, ШҰАР-дағыдай, ауыл шаруашылығындағы су мәселесі бар. Бұл сала тұщы судың жалпы көлемінің 70%-ын тұтынады. ШҰАР ауыл шаруашылығында суды өте тиімді пайдаланады. Біз сіздерден өз тәжірибиелеріңізбен бөлісулеріңізді сұраймыз және біздің суару, үнемдеу, жұмсау және т.б. жүйелердің жұмысын жолға қоюға көмектесу үшін қытайлық мамандарды қабылдауға дайынбыз», деді вице-премьер.

Ол ынтымақтастықты жандандыру үшін сауда қатынастарына әсер келтіретін кедергілерді жою қажет екенін атап өтті.

«Кедергілердің бірі – Қытайдың Бас кеден басқармасы тарапынан шешім қабылдауды кешіктіру. Біз Қазақстанның ветеринарлық қызметіне аудит жүргізу мен қазақстандық кәсіпорындарды тексеру үшін бірнеше шақырту жібердік. Бірақ әлі жауап жоқ. Жақында Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы Қазақстанның аусылдан таза  оңтүстік-шығыс 5 аймағының мәртебесін вакцинамен растауды ұсынды. Сіздердің көмегіңізбен қазақстандық ет өнімдерін Қытай нарығына шығарамыз деп үміттенеміз. Сондай-ақ ШҚО-да ветеринарлық зертханаларға жабдықтар жеткізуге келісім-шарт жасасуға қатысты БКБ-дан жауап алуды жеделдетуге көмек сұраймыз», деді С. Жұманғарин. 

 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар саудадағы кедергілерді жою бойынша жұмыс істеу үшін бірлескен карта дайындауға шешім қабылдады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық сауданың 40%-ға жуығы ШҰАР-ға тиесілі. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан мен ШҰАР арасындағы тауар айналымы $8,5 млрд-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ($4,5 млрд) 87,3%-ға жоғары. Қазақстаннан ШҰАР-ға экспорт 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында 36,5%-ға өсіп, $6,1 млрд-ты құрады. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында ШҰАР-дан Қазақстанға импорт 2,2 есе өсіп, $6,2 млрд-ты құрады.