Ай бұрын жазушы Әлібек Асқаров хабарласып, сонау қиырдағы Якутиядан келе жатқан жазушы, баспагерлерге Алтайды аралатып қайтайық деп ұсыныс айтқан. Сахалық ағайындарға сақтардың мекенін неге көрсетпеске деп сапарға дайындалдық.
Сахалар сақтар жерінде
Көп ұзамай жүріс-тұрысымыздың жоспары да қолға тиді. Жолда жүрген журналист болғанымызбен, бұл сапар жауапты еді. Тамылжыған табиғатты қызықтап қайту ғана емес, бауырлас ел арасындағы іскерлік, мәдени қарым-қатынасты нығайтуды да мақсат еттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Якутия республикасының басшысын қабылдап, тарихымыз тамырлас елмен ынтымақтастықты арттыруға ерекше назар аударатынын айтқан.
Сонау мәңгі мұз бен тоң басқан саха жерінен келе жатқан меймандарды Катонқарағайдың кіреберісінде қазақы дәстүрмен, сән-салтанатымызбен құшақ жая қарсы алдық. Якутиялық қонақтармен жазушы Әлібек Асқаров, «Foliant» баспасының директоры Нұрлан Исабеков жақын араласып кеткелі қашан. Бірнеше рет Астанада өткен кітап көрмесінде кездесіп, былтыр Якутияға дейін барып қайтқан. Сол сапардан келе сала Әлібек Асқаровтың «Саха-Якутия. Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат» атты кітабы жарық көрді.
Мәңгі мұздың мекені дейміз ғой, бірақ Саханың сақылдаған сары аязы бізге бәлендей таңсық емес шығар. Шығыстағы Шанағатты ауылының 60 градус суығы Оймяконнің аязымен пара-пар деседі. Алты ай қысымыз және бар. Жазғы ауа температурасы да ұқсас көрінеді. Оны айтамыз, ұқсастығымыз күн райында, бітім-болмысымызда ғана емес, тіліміз бен ділімізден де сәйкестік табылады. Оны таныса келе білдік.
Алыстан ат арытып Алтайға алғаш рет табаны тиген сахалық жазушы Валерий Луковцев пен баспагер Август Егоров еді. Әуелде нулы да, сулы өңірде туған оларға Катонқарағайдың табиғаты бөтен емес шығар деп ойлағанбыз. Қателесіппіз. Өскеменнен шыға сала жайқалған егістік алқаптарының теңіздей толқып жатқанына қарап-ақ таңырқасқан. Ресейдегі ең үлкен аумақты Саха республикасы алып жатқанымен, дәл біздегідей егін егіп, аста-төк астықтың астында қалмайтын көрінеді. Есесіне Якут жері – жақұт тастарының отаны. Алтын-күмістің құндысы да мәңгі тоң басқан жер астынан шығады. Ресейдегі алмаздың 90 пайызы Якутияда өндіріледі. Болаттан соғылған пышақтары да сұранысқа ие.
Біз Берелге, патшалар жазығына жеткенше ымырт үйірілген. Бұл жақтың түні елді мекен маңындағыдай емес, көзге түртсе көргісіз қараңғы. Берел қорық-музейінің ауласындағы шошайған мүсіндердің сұлбасын шола қарап өттік те, негізгі жәдігерлерді ертесі тамашалайтын болып шешкенбіз. Сөйтіп, түн ауғанша якут ағайындармен ақтарыла әңгіме айтыстық. Түбіміз түркілерден тарағандықтан ба, тілімізде ұқсастық ә дегенде байқалған. Сөйлесе берсек, сапар соңына дейін сахаша сайрап кететіндей сезіндік. Олар да қазақша сөйлеуге тырысып бақты. Елімізде өмір бойы тұрып келе жатқан өзге ұлт өкілдері осы ағайындардай қызығушылық танытса ғой, баяғыда-ақ тіл мәселесін ұмытар едік. Бәрінен бұрын бір миллионға жетпейтін халық саны бола тұра өз тілін сақтап келе жатқандарына еріксіз бас шайқайсың. «Біз мұздатқышта сақталғандықтан, тіліміз өзгеріске түспеген», деп әзілдейді өздері. Соңғы санақ бойынша Якутия республикасында 972 мың адам тіркеліпті. Оның өзінде 55,3 пайызы ғана якут ұлты. 32,6 пайызы – орыстар. Одан бөлек, эвенкілер, долғандар, чукчалар, буряттар, татарлар бар. Қазақ жоқ шығар десек, бабаларымыз саха даласына дейін шашырапты ғой. Қай Құдай айдап барғанын кім білсін, әйтеуір тұрақтап қалған қандастардың саны мыңнан асады екен. Дәлірек айтсақ, 2021 жылғы санаққа сүйенсек, 1 121 қазақ Якутияда тұрып жатыр.
Әңгіме тарихи аңызға ойысқан. Негізінен Якутияны зиялы қауым өкілдері «Олонхо елі» деп те атайды. Олонхо дейтіні – ерте кездегі ауыздан-ауызға тараған аңыз-әңгімелер. Өркениет келе қоймаған тұста таңды таңға ұрып, олонхо айтатындар көп болған секілді. Кейбір аңыздары бірнеше күнге созылыпты. Оны айтқыштардың қиялы ұшқыр, тілге шешен еді. Оқиғаның желісі әсерлі болуы үшін әккі олонхошылар кейіпкер образына еніп кетеді екен.
– Ұлан-ғайыр жерімізді Лена өзені жарып ағады. Ертеде Якутия бұдан да үлкен аумақты алып жатқан, – деп ағытыла сөйледі Валерий Луковцев. – 1600 жылдары әр қиырды мекен етіп жатқан саха тайпаларының басын қосқан Тыгын Дархан деген болған. Ол туралы тарихи аңыз да бар. Тыгын Дархан қартайып, әлі кеткенде екі орыс келіп, жұмысқа сұранады екен. Алайда әйелі орыс ұлтының жұмысқа тұруына қарсы болады. «Олардың көздері шүңірейген. Яғни өте сараң, тойынбайтын адамдар. Ал қолдарының түгі қалың, демек олар көп», деп қауіптенеді. Тыгын Дархан әйелінің ол сөзін елемей, әлгі екеуін жұмысқа алады. Олар екі жылдай қызмет қылған соң жоғалып кетеді. Сәл уақыттан кейін бірнешеу болып оралады-дағы, өгіздің терісіндей жер сұрайды. Қартайған Тыгын Дархан, «Жеріміз үлкен, өгіздің терісіндей жерді не қылсын?», деп бере салады. Әйелі оған да қарсы болған. Ал жер сұрағандар өгіз терісін таспалай тіледі де ат шаптырым аумақты қоршап ала қояды. Дәл сол уақытта басқа орыс ұлты сол маңда бөрене дайындаумен айналысқан екен. Түнімен тынымсыз жұмыс істеген олар таң атқанша Лена өзенінің бойынан қамал сала қояды. Қамалды қарулы әскерлер күзетеді. Сол кезден бастап саха жерінде қақтығыстар орын ала бастаған. Орыс ұлты ірі тайпалардың ішінен көтеріліске бас болып шығып жүргендерді қонаққа шақырып, сый-сияпат берген. Көнбегендерін қамаған, қорқытқан. Ал Тыгын Дарханның ұрпағын аяусыз қырған. Сөйтіп, казак отряды жергілікті жұртқа салық сала бастапты. Салық бұлғынның терісі еді. Бағалы теріні Еуропаға тек Ресей жеткізіп отырған, – деп сахалардың тарихынан аз-кем мәлімет берді.
Одан басқа да олонхосын тыңдадық. Ойлап отырсақ, ертегі-дастан, аңыз-әңгімеге біз ғана емес, саха ағайындар да бай екен. Тарихымызда да тағдырлас тұстары бар көрінеді.
Берел қазынасы
Күн шайдай айық. Түн ауғанша әңгіменің көрігін қыздырған Валерий Николаевич таң атар-атпастан жергілікті азаматтардың бірімен тау қойнауында иен қалған Шұбарағаш ауылына дейін барып қайтыпты. Берел қорық-музейінен жеті шақырым жердегі ол ауылға түс қайта Әлібек Асқар ағамызбен мен де шыққан едім. Оған дейін Берелдің баға жетпес қазынасын қызықтап, танымымызды кеңейттік. Мұнда да ала жаздай адам аяғы үзілмейді. Келімді-кетімді турист көп. Музейге дейінгі он шақырымға асфальт түссе, саяхатшылар тіпті ағылатын сияқты. Асфальт демекші, Берелге дейінгі тау бөктеріндегі тақтайдай жолмен жүйткіп келе жатсақ, якутиялық әріптестер саха жерінде мұндай жолдың жоғын айтып қалды. Апайтөс алып аумақты (3 083 523 шаршы шақырым) алып жатқан жердің асты алтын болғанымен, тегіс жол қала іштерінде ғана екен.
Мәңгі тоң басқан саха жері деп жүрміз ғой. Берелдегі мыңдаған жылдан кейін қаз-қалпында табылған 13 жылқының мүрдесі де тоң басқан жерден шықпап па еді? Кейін дәл сол жылқылар аршып алынған №11 қорғанның үстінен музей көтеріп, сәйгүліктердің макетін орналастырған. Аспан асты музейін аралап жүріп, ойыма қайдан келе қалды, якут ағайындарға «Жерлеу рәсімінде тоң басқан жерді қалай қазасыздар?» деппін. Айтқандай, бір метрге жетер-жетпес жерден-ақ тоң қабаты басталады. Мұндайда қамыршылар от жағып, тоң басқан топырақты жібітіп отырады екен. Сол секілді Берел жазығының да тоң басқан қабаты жылқылардың мүрдесін қаз-қалпында сақтап қалса керек. Иә, тоң қабаттан шыққан қаншама жәдігер том-том тарихтың беттерін толықтырды. Әлемге әйгілі болған аң стиліндегі бұйымдардың біразы Берелден табылғанын білеміз. Жалпы, патшалар жазығында 1997 жылдан қазіргі кезге дейін 20-дан аса ескерткіш зерттеліпті. Обалардан шыққан құнды жәдігерлердің бір бөлігі жергілікті музейге қойылса, зерттеуді қажет ететіндері ғалымдарға табысталған.
Шу-шулеп Шұбарағашқа шығып барамыз. Бұланты өзенін кес-кестеп, жеті-сегіз көпірді артқа тастадық-ау деймін. Жолдың екі жағы биік тау, беткейі бытысқан бұта-қараған, егілген қорым тас... Жолын бертін жөндеген бе, бауыры биік көліктер ыңыранса да, ышқынса да шығатын болыпты. Шыққанымен, ауылда екі-ақ түтін қалды-ау деймін. Басқа үйлердің есік-терезелері үңірейіп, бос тұр. Мектебі де мал қораға айналыпты. Үйлерді бұзып әкетісейік десе, Бұлантының көпірлері жүк көлікті көтермейтін көрінеді. Ауылды аралап жүре алған жоқпыз, бергі басынан кері қайттық. Таңертең келіп, мына ауылдың тозған кейпін көрген якут ағайыннан ыңғайсыз болды-ау деймін. Отыз жыл бұрын тәуелсіздігін алып, етек-жеңін жинаған мемлекеттің ауылдары астаң-кестең болып жатқаны қалай деп ойлады ғой шамасы. Шекара шебі бос жатыр деп біз шырылдағанымызбен, Шұбарағашқа қайта көшіп баратын кім бар?
Кешкісін қайта Берелде бас қосқанбыз. Біз таудан түссек, Август Егоров пен Валерий Луковцевтер табиғат жанашыры Ерен Жұмағұловтың жол бастауымен өзен жағалап, қармақ салып келген екен. Дастарқан басында сахалықтар балық аулаған қызықтарын айтып, мәз-мейрам болысты. Ата-тегі аңшы халыққа балық аулау бұйым емес шығар. Аңыз әңгіме ме, сұрамадым, Якутияда бір аңшы ғұмырында жүз аю алуға дейін рұқсат екен. Оны аңшылардың пірі Баянай ата қолдап-қоршап жүреді-мыс. Аңшылардың түрлі хикаясын айта келе алыстан келген меймандар Ұлттық парк құрылғанша бұғы қуып, аю алып жүрген Ерен Жұмағұловқа Баянайдың бейнесімен кәдесый табыстады. Ағайындардың көлдей көңіліне риза болған Ерен Қадошұлы «Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркі құрылған соң қаруымды сүйеп қойғам», дейді. Рас, табиғатты қорғау мақсатында құрылған паркке тұңғыш басшылық етіп, мекемені аяғынан тұрғызған Ерен Жұмағұлов еді. Сол уақыттан бері Катонқарағайда жортқан аң, ұшқан құс анағұрлым көбейген. Орманды отау да күрт тоқтады.
Суы шипа көл жатыр...
Экспедициямыздың ертесінде Алтайдың төріндегі Рахман көліне көтерілгенбіз. Жолай түу биіктен төменде атқақтап ағып жатқан Ақбұлқақ өзенін тамашаладық. Бұл тентек өзен Мұзтаудың етегіндегі мұздықтардан бастау алып, Бұқтырмаға құяды. Көрген-білгенімізді меймандарға әңгімелеп айтып жүрміз. Ортақ тіл орыс тілі болғанымен, ана тілімізде сөйлессек те түсініскендейміз. «Тиін, тиін» дейді ағаш бұтағында көздері жылтырап отырған тиінді көрсетіп. Сөйтсек, саха тілінде де солай айтылады екен. Анау сөз қалай, мынау сөз қалай десіп, ұқсас сөздерді тізімдеп те алдық.
Келесі тоқтап, көліктердің моторын суытқан тұсымыз – арқырап ағып жатқан Арасан сарқырамасы. Сәл аялдап, суретке түстік. Сарқырамаға дейінгі 200-300 метрдей соқпақтың екі жағы толы дәрілік өсімдіктер. «Қызыл кітапқа» енген марал тамырына дейін көзіміз шалды. Көкбояу, қарақат самсап тұр. Балқарағай да биыл мол. Рахманға жеткен соң жол-жөнекей жинап алған баданның кепкен жапырағын бұқтырып, шай етіп іштік. Кәдімгі қара шай. Бірақ емдік қасиетке бай. Жүйелі тұтынса, қан қысымын қалыпқа келтіріп, жүрек бұлшық еттерін нығайтады екен. Мұнда мың да бір ауруға шипа шөптер көп. Дәріхана табан астында.
Көсіліп көл жатыр. Рахман көлі. Жолдың қиындығына қарап тұрған турист жоқ. Іркес-тіркес ағылады. Қос қайық көл бетін сызып өтіп, Рахман сарқырамасына саяхаттаушыларды серуендетіп жүр. Мұнда келушілердің көбі серуен үшін емес, жер астынан қайнап шығып жатқан радон суына түсу үшін келеді. 37 градус ыстық суда 20 минут отырсаңыз, қара моншадан шыққандай борша-борша терлеп, рақаттанып қаласыз. Буын-буынды босатып, тынысты кеңейтеді. Бұл сол сәттегі сезім ғана. Әйтпесе, денсаулыққа пайдасын айтып тауыспаймыз. Анау-мынау дене жарақатынан бастап жүйке жүйесіне дейін емдейтін секілді.
Рахман аңшы туралы аңызды естіген боларсыз. Күндердің күні Әбдірахман аңшы баласын ертіп аңға шығыпты. Тау кезіп келе жатса, алдарынан сыңар мүйіз бұғы шыққан екен. Баласы көздеп тұрып, шүріппені басып қалғанда тұяқтының санына тиеді. Қаны сорғалап қаша жөнелген бұғыны көрген бала есінен танып қалыпты. Әкесі ұлын көтеріп келе жатса, алдынан көл көрінеді. Бағана атқан бұғысы суда тұр дейді. Қаны тоқтап, жарасы жазылыпты-мыс. Оны көрген аңшы суды баласына ішкізіп, есін жиғызады. Кейін сол сумен ауылдастарын да емдеген. Содан бері бұл көл Әбдірахман, кейіннен Рахман қайнары аталған. Ал Қалихан Ысқақтың жазып кеткен деректеріне сүйенсек, түп-төркіні – Тәңірсу.
Якутияда 700 мыңға жуық өзен, 800 мыңнан аса көл болғанымен, жер астынан бұрқ-сарқ етіп, қайнап шығып жатқан табиғаттың тылсымы жоқ секілді. Сол үшін де ғой, Валерий Луковцев пен Август Егоровтың көрікті көлден гөрі радон суына қызығушылықтары ауды.
Алтайдың төрі – Мұзтау
Алтайдың жауһарларын тізіп бер десе, Рахман, Берел, Мұзтауды бірінші айтамыз. Мұзтау – қарт Алтайдың төрі, нағыз жұмақ мекен. Ендеше, ендігі бағыт – Мұзтаудың бөктеріндегі Қаракөл. Дәл сол бір тұстан күн ашық болса, Мұзтау жарқырап көрінер еді. Қаракөл күрежолдан жиырма бес-ақ шақырым болғанымен, тау жолы өндіп бермейді. Жыбырлап жеткенше, екі, екі жарым сағатты алады.
Қаракөл сарқырамасын басып өтіп, иықтан асқанда Мұзтаудың сілемдері көрінді. Ұшар басын бұлт басып тұр. Тоқтай қалып, суретке тарттық. Айтқанымыздай, сурет, видео табиғаттың шынайы сұлулығын көрсете алмайды. Көзбен көріп, таудың рухын сезіну керек. Біз мәңгі қар басқан Мұзтауды етегінен ғана қызықтап жүрміз ғой. Қайбір жылы Әлібек Асқаров ағамыз ұшар басына дейін көтерілген. Осы жерде айбарлы шыңды нұсқап тұрып, қалай шыққаны туралы қысқаша баяндап берді. Әне-міне дегенше, Қаракөлге жеткенбіз. Көлдің ұзындығы – 3 шақырымға жуық, ені – 700 метр. Ең терең жері он метрге дейін жетеді.
Мұзтаудың басынан шөкім бұлт қалмай ыдырап кететін күндер сирек. Етекте күн шайдай ашық тұрғанымен, 4 506 метр биіктіктегі шың басы ақ сәлдеге оранып тұрады. Түн ортасы көл бетіне тұман көтеріліп, арғы беттегі орман мұнартып көрінді. Таңға жуық құстары шуласты. Тұман сейіле бере орман арасынан мүйізі соқадай бұланның бұқасы шығып, көлге бас қойды. Түз тағысы қанша секемшіл болғанымен, қауіптің жоғын сезеді. Ит тұмсығы батпас тайганың ішінде қаншамасы жүр екен?
Ертесінде экспедицияның бір тобы Аршаты орманшылығының жетекшісі Әділжан Қасымхановтың жол нұсқауымен Таутекелдің тұсынан тауға көтеріліп, шың басынан бірнеше тұяқ таутекені суретке тартыпты. Ұлттық парк инспекторлары таутекенің басы жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айтады. Қорықшылардың қорғауындағы аң көбеймесе, кемімейді. Ай мүйізді жануардың жалғыз жауы қар барысы ғана. Оның өзі санаулы.
Алтайды армансыз аралаған ағайындармен алты күн ішінде жақын таныса түстік. Әңгімелерінің әсерлі болғанынан ба, Катонқарағай өңірін емес, бейне бір Якутияны аралап қайтқандай болдым. Оның үстіне сапардан келе сала Әлібек Асқаровтың «Саха-Якутия. Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат» атты кітабын жата-жастана оқып шықтық.
Ендігі арман – Сахаға саяхат...
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы