Өткен жылы Халықаралық электр байланысы одағының сарапшылары Қазақстандағы жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділігін зерттеді. Зерттеу жұмысы Connect2Recover жобасы шеңберінде жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Халықаралық электр байланысы одағының деректері бойынша, биыл мобильді байланыс пен мобильді интернет Қазақстан халқының 98%-ына қолжетімді. Бұл ретте тұрғындардың 83%-ы жоғары жылдамдықты 4G интернетін қолданады. Елде мобильді интернетті пайдалану жоғары деңгейде: 100 адамның 94-і тарифтік жоспарға ие.
Speedtest қосымшасында жүргізілетін интернет жылдамдығын өлшеуге негізделген Ookla халықаралық компаниясының зерттеуіне сәйкес, Қазақстан 2022 жылдың төртінші тоқсанында Орталық Азия елдері арасында орташа жүктеу жылдамдығы бойынша көш бастады. Алматы Орталық Азия қалаларының рейтингінде топ жарды: орташа жүктеу жылдамдығы 25,78 Мбит/с, ал жүктеу жылдамдығы 11,06 Мбит/с. Tele2-нің орташа жүктеу жылдамдығы 30,10 Мбит/с құрады. Оның жылдамдығы Beelinе-ға қарағанда 29,27 Мбит/с жоғары болса, Kcell-ден екі есе жоғары (12,39 Мбит/с) болды.
ХЭО-ның «Қазақстан: АКТ деректерінің, цифрлық тұрақтылықтың, реттеу шараларының болуын бағалау» есебінің деректері бойынша, жоғары жылдамдықты тіркелген байланыспен қамту деңгейі ұялы байланыспен салыстырғанда айтарлықтай жоғары емес. Барлық абоненттердің шамамен үштен бірі әлі де 10 Мбит/с дейінгі жылдамдықта интернетке қосылады және 100 үй шаруашылығының тек 14-і ғана жоғары жылдамдықты интернетті пайдаланады.
Қазақстанда халықтың 42%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Аймақ тұрғындарының жалпы санынан тіркелген интернет абоненттерінің пайызын есептеу кезінде аймақтардың географиялық орналасуына байланысты индикатордың мәндері арасында жоғары алшақтық байқалады. 10 өңірдегі (58,8%) индикатордың мәні ел бойынша орташадан жоғары, 7 өңірдікі (41,2%) – аз. Тіркелген желі абоненттерінің көпшілігі Астанада (22,53%) және Алматыда (20,38%), Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында (тиісінше 21,13%, 20,51%) тұрады. Сымды интернетті пайдаланатын адамдардың ең азы Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында (тиісінше 3,26%, 7,86%, 8,54%), сондай-ақ Шымкентте (7,32%) тұрады.
Осылайша, шалғай өңірлерде тұратын Қазақстан халқының үштен біріне тіркелген интернет жылдамдығының жеткіліксіздігіне байланысты қазіргі заманғы цифрлық сервистерді толыққанды пайдалану қолжетімсіз болып отыр. Мысалы, Google мәліметтері бойынша, YouTube үшін 1080p ретінде ұсынылған бейне бит жылдамдығы 8-15 мбит/с, 720р ретінде – 5-9,5 Мбит/с. Бұл бір құрылғыдағы контентті көру үшін ұсынылатын көрсеткіштер. Тиісінше, 3-4 адамнан тұратын орташа қазақстандық отбасына әртүрлі құрылғыларда орташа және жоғары ажыратымдылықтағы бейнені ыңғайлы және параллельді түрде көру үшін үйдегі интернеттің жылдамдығы кемінде 17,5 мбит/с болуы қажет.
Қазақстан халқының үштен бірі үшін жоғары жылдамдықты тіркелген интернет әлі де қолжетімсіз. Оның себептерінің бірі – талшықты-оптикалық инфрақұрылымды дамыту. Есепке сәйкес, пәтерге/ғимаратқа талшықты-оптикалық қосылымды (FTTB) қолданатын тіркелген интернетке абоненттердің жартысы ғана ие (2,620,500-ден 1,295,500).
Сымды интернеттің төмен жылдамдығына байланысты ең көп зардап шегетін нысандар
Қазақстан – әлемдегі барлық мектептерді интернетке қосуға бағытталған ХЭО және ЮНИСЕФ-тің Giga атты бірлескен бастамасының бенефициары. Giga стандарттарына сәйкес, мектептер интернетке кемінде 10 Мбит/с жылдамдықпен қосылуы қажет. Бұл ретте, Giga 300 оқушыдан тұратын орта мектепте интернетті бір уақытта пайдаланатын 20 оқушыға 1 Мбит/с есебіне негізделген 20 Мбит/с нысаналы жылдамдықты ұсынады.
2022 жылдың ақпанында Қазақстан Үкіметінің Giga мамандарына ұсынған деректеріне сәйкес, мектептердің тек 33,9% - ы ғана деректерді жіберудің 10 Мбит/с-тан жоғары нақты жылдамдығына ие болып отыр.
Қазіргі уақытта мектептерді интернетке қосу саласындағы қолданыстағы құжат 2021 – 2025 жылдарға арналған «DigitEL» жобасы саналады, ол мынадай нысаналы көрсеткіштерді белгілейді:
2025 жылға қарай ішкі контент үшін (Қазақстан ішінде) 100 Мбит/с -тан төмен емес және сыртқы контент үшін 8 Мбит/с-тан төмен емес байланыс жылдамдығымен барлық мектептің интернетке қосылуын қамтамасыз ету (базалық индикатор-2021 жылы 80%.);
Интернетке қосылған мектептердің үлесін ішкі контент үшін 100 Мбит/с-тан және сыртқы контент үшін 20 Мбит/с-тан төмен емес байланыс жылдамдығын 2025 жылға қарай (2021 жылғы базалық индикатор) 83% - дан 87% - ға дейін ұлғайту.
Азаматтарды интернетке кемінде 100 Мбит/с деңгейіндегі жоғары жылдамдықты қолжетімділікпен қамтамасыз ету мақсаты қазіргі уақытта әзірленіп жатқан «Қолжетімді интернет» қанатқақты ұлттық жобасында да тіркелген.
Тарифтердің қымбаттауы инфрақұрылым құрылысына инвестиция құю кезінде ғана байланыс сапасын арттыруға көмектеседі
ТМД өңірлері бойынша ең төмен ұялы байланыс пен сымды интернет тарифтерінің бағасы Қазақстанда тіркеліп отыр. Ол жан басына шаққандағы ЖҰӨ-нің 0,9% және 0,8%-ы. ХЭО мобильді нарықта да, тіркелген байланыс нарығында да бәсекелестікті күшейту бойынша мүмкіндіктерді іздеуді ұсынады.
Үкімет инфрақұрылымның сапасын жақсарту және цифрлық қызметтерді ұсыну үшін тарифтерді ұсынылған деңгейге дейін көтеруі мүмкін. Алайда мұндай қымбатшылық халықтың жекелеген топтарына, сондай-ақ әлеуметтік нысандарға, мысалы мектептерге едәуір салмақ салуы мүмкін. Үй шаруашылықтарының интернетке қосылуын қолдау үшін жеңілдігі бар тарифтерді немесе арнайы бағдарламаларды енгізу теріс әсерді барынша азайтуға мүмкіндік берер еді. Оған америкалық Affordable Connectivity Program-ды («Қолжетімді интернет») мысал ретінде келтіруге болады.
ХЭО табысы төмен үй шаруашылықтары үшін стационарлық және мобильді кең жолақты байланыстың арзан қызметтерінің қолжетімділігін, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі нысандары саналатын мектептер, кітапханалар, медициналық мекемелер, полиция және өрт сөндіру бөлімдері, ауылдық жерлердегі мәдениет және демалыс үйлері үшін кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынады.
ХЭО әлеуметтік қолдаудың сәтті мысалы ретінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ), Білім және ғылым министрлігі мен байланыс операторлары арасындағы қазақстандықтардың білім беру ресурстарына шектеусіз қол жеткізуі жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумды атап өтуге болады. Меморандумға қол қою мұғалімдерге, оқушылар мен студенттерге арналған «Білім» арнайы тарифтік жоспарын әзірлеудің бастапқы қадамы болды. Тарифтік жоспар бейнеконференция байланыс жүйелерін қоса алғанда, Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған 380 қазақстандық білім беру ресурстарына шексіз қолжетімділікті қамтиды. Қашықтан білім беруді қолдау үшін операторлар қосымша 1 ГБ трафикті ұсынды. Бұл әлеуметтік қолдаудың тиімді құралдарының бірі.
Жекеменшік-мемлекеттік серіктестік - кең жолақты интернетке қол жетімділікті дамыту құралы
2020 жылдан 2024 жылға дейін мемлекет радиожиілік спектрі үшін жылдық төлемақы мөлшерлемесін 90%-ға төмендету жолымен қалалық және ауылдық елді мекендерде КЖҚ жобаларын операторлардың іске асыруын субсидиялайды. Жобаның шарттары бойынша, оператордың әлеуметтік жобаны іске асыруға жіберген ресурстарының мөлшері алынған жеңілдік сомасынан төмен болмауы тиіс.
Қолдаудың осыған ұқсас түрі Ресейде жүзеге асырылады. Бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің классикалық мысалы емес, дегенмен оның тиімділікті дәлелдеуге мүмкіндігі бар. Алайда статистикаға сәйкес, соңғы жылдары Қазақстанда КЖҚ абоненттері санының күрт өсуі байқалмайды. Бұл тек қызмет көрсетушілерді ғана емес, сонымен қатар халық арасында сұранысты ынталандыру жөніндегі кешенді бағдарламаларды қабылдау қажеттігін байқатуы мүмкін.
Қазақстандағы табысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мысалы ретінде 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде іске асырылған «Ауылдық елді мекендердегі талшықты-оптикалық байланыс желілері» (ТОБЖ) бағдарламасын атап өтуге болады.
Осы жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ консорциумы және «SilkNetCom» ЖШС ЦДИАӨМ-нің серіктестеріне айналды. Олар жалпы күш-жігерімен 500 адамнан тұратын және әрбір елді мекен үшін жалпы өткізу қабілеті 50 Мбит/с болатын 1257 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуға тиіс еді. 2020 жылдың соңына қарай байланыс операторлары 20 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық байланыс желілерін салып, оған 3718 мемлекеттік және бюджеттік ұйымдарды, оның ішінде 1342 мектепті қосты.
Бұл ретте «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде осы қызмет көрсету жөніндегі шартты ұзарту мүмкіндігімен талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуға ғана емес, оларға 14 жыл бойы, яғни 2032 жылға дейін қызмет көрсетуге кепілдік беруге міндеттелді.
Бұл ТОЖБ инфрақұрылымына сүйене отырып, «250+» бастамасын көтерген ұялы байланыс операторлары үшін бастапқы нүктеге айналды. ЦДИАӨМ және МТС, «Кселл» және «Кар-Тел» ұялы байланыс операторлары ауылдық жерлерде ұялы желіні бірлесіп салу туралы Меморандумға қол қойды және 2020 жылдың соңына дейін 250 адам қоныстанған 928 ауылды 3G/4G мобильді кең жолақты байланыспен қамтуға келісті.
Алайда тұрғындар аз қоныстанған елді мекендер әлі де байланыссыз қалып отыр. Қазір Үкіметте оларды төмен орбиталық спутниктер арқылы интернетке қосу мәселесі пысықталып жатыр.
Мобильді және тіркелген интернет жылдамдығына әсер ететін тағы бір фактор – елдегі трафик алмасу пункттерінің саны. Қазақстанда 3 трафик алмасу нүктесі бар, олардың ең үлкені – KazNIX, оған 4 байланыс операторы мен 6 контент-провайдер қосылған. Қазақстанның өз ішіндегі трафиктің үлесі 99%-ды құрайды
Елдегі 10 миллион адамға 1,6 трафик алмасу нүктесі сәйкес келеді, бұл Армения мен Ресейден төмен (оларда тиісінше 3,4 және 2,2) және Беларусь пен Өзбекстаннан жоғары (1,1 және 0,6). Сонымен қатар ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары болып отыр. Мысалы, Нидерландыда халық санына 8 трафик алмасу нүктесі сәйкес келеді. Бір нүктеге үлкен жүктеменің түсетінін ескере келе, соңғы пайдаланушылардың интернет жылдамдығын арттыру үшін қосымша трафик алмасу нүктелерін құруды қарастырған жөн.
Осылайша, 2027 жылға дейін халық пен бизнесті жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікпен (≥ 100Мбит/с) қамтамасыз ету мақсатында талқыланып жатқан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын кең жолақты байланысты дамытудың жаңа жоспары ретінде қарастыруға болады. Үкімет бекіткен бастамалардың әрқайсысы бойынша да нәтижелерге қолжеткізу маңызды болып қала бермек.
ХЭО-ның «Қазақстан: АКТ деректерінің, цифрлық тұрақтылықтың, реттеу шараларының болуын бағалау» есебін ХЭО-ның Евгений Соловьев, Ирина Дивакова және Ляла Кенжина сынды сарапшылары ХЭО-ның Connect2Recover жаһандық бастамасы аясында дайындады. Бастама елдерге ақпараттандырылған шешім қабылдау үшін қолда бар деректердің жеткілікті екенін талдауға көмектесуге, цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын бағалау және кең жолақты байланысты дамытудың ұлттық стратегиясын әзірлеуге немесе жетілдіруге бағытталған. Connect2Recover жобасы 2020 жылы Covid-19 пандемиясы өршіп тұрған кезде пайда болды. Бұл кезде пайдаланушылардың интернет жылдамдығына сұранысы күрт өсіп, желілер ең жоғары жүктемелерді көтере алмаған еді.
Есеп 2022 жылы 8 ай бойы ұлттық статистика бюросымен, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен, «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК-мен, «Kcell» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, TNS Plus, Astel, Жусан Мобайл, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтаса отырып, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі, Collins Bartholomew (GSMA), Speedtest Global Index Ookla және FitchSolutions ұсынған деректер негізінде әзірленді.