• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 23 Тамыз, 2023

Инклюзивті білім басымдығы

500 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары ерекше қажеттіліктері бар балаларға көңіл бөлу, олардың өзге балалармен тең құқылы білім алуы заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, қазіргі кезде арнайы мектептердегі оқу үрдісі осы бағытта жұмыс істепкеледі.

Инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының деректері бойынша елімізде 400-ден астам арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Осы орайда ерекше білім бе­руді қажет ететін балалардың арнайы және инклюзивті білім алуын, педагог кадрлармен қамтамасыз ету, білім беру сапасын арттыру бағытындағы іс-шаралар өңірлер бойынша іске асып келеді.

Алматы қалалық білім бас­­қармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның ай­туын­ша, оңтүстік астанада ин­­клюзивті білім беруді жү­­­зеге асыратын мектептер саны жыл сайын артып келе­ді. Қазіргі уақытта қалада 182 мек­тепте ерекше білім беру қа­жеттілігі бар балаларға жағ­дай жасалған. Биылғы оқу жылынан бастап тағы да 16 мек­теп тізімді толықтыра­ды. 2020-2021 оқу жылында ин­­клюзивті білім берумен ­ 3 672 бала қамтылса, 2022-2023 оқу жылында бұл көрсеткіш ­4 632-ні қамтып отыр.

– Қазіргі кезде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау кабинеттері жұмыс істесе, соның 8-і – аудан­­дардың тірек мектебі. Бұл бағытта білім беру үшін мұ­ғалімдерге әдістемелік кө­мек қарастырылған. Соны­мен қатар білім берудегі жа­ңа технологиялардың қа­ла­лық ғылыми-әдістемелік орта­лығының базасында ин­клюзивті ресурстық орталық ашылып, мектептер үшін 600 педагогтің біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Қа­зіргі уақытта мүмкіндігі шек­теулі балалар­ға арнайы пси­хо­логиялық-педагогикалық қол­дау көр­сететін жеке ұйымдар­да мем­лекеттік білім беру тап­сыры­сын орналастыруға кон­курс жарияланды, – деді Л.Жылқыбаева.

Оның айтуынша, жаздың басында Наурызбай ауда­нын­да жобалық қуаты аптасына 5 мың баланы қамтитын инно­вациялық шығармашылық ор­талық ашылған. Биылғы оқу жылы басталғанға дейін осын­дай орталықты Алатау ауданында ашу жоспарланған. Мұндай орталықтардың мүм­кіндігін пайдаланып, қосымша білім саласына ең үздік мамандарды тартып отырып, креативті идеялар алаңына айналдыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар өткен ға­сыр­­дың 30-жылдары Түрк­сіб және Бостандық аудан­да­рында салынған екі оқу­шы­лар үйінің орнына күніне 800 баланы қабылдау мүм­кін­дігі бар заманауи даму және шы­ғармашылық орталықтарын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жоба дайын, ал құрылыс-монтаж жұмыстары келер жылы басталады. 2025 жылға дейін қажеттілік бар аудандарда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қосымша білім беретін тағы да 3 заманауи орта­лық салынбақшы.

 

АЛМАТЫ