• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Басылым 24 Тамыз, 2023

Өнегелі бес жинақ

316 рет
көрсетілді

Бабаларымыз қаймағын бұзбай бүгінге жеткізген дәстүрлі дін мен салтымыз – ел діңгегі. Иман таразысы түзу, діліне берік халықтың өресі жоғары, рухы биік. Ислам діні даламызға өркен жайған тұста-ақ ұлт диірменінен өтіп, Ясауи, Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш, Сәдуақас Ғылмани сынды бірегей тұлғаларымыз арқылы елдік руха­ниятпен біте қайнасты.

Қазіргі таңда ислам ғылымы әр бағытта зерттеліп, оған білікті ғалымда­ры­мыздан бастап елшіл азаматтарға дейін үлес қосып келеді. Солардың бірі – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Нарбай Тағайұлы. Жақында ғалымның «Исламдағы рухани жаңғыру», «Тақуалыққа бастар жол», «Құрандағы қиямет пен қиялдағы қиямет», «Біз тақуалық мектебіндеміз, бірақ жақсы оқушы емеспіз», «Өмір өнегесі немесе сіз іздеген кітап» сынды бес кітаптан тұратын жинағы көзіқарақты оқырманға жол тартты. Автор кітапта ислам дінін ел әдебиеті мұралары мен ұлттық таным арқылы түсіндіріп, мағынасын ашуға ұмтылады. Ұлтымыздың рухани саулығы үшін діни білім нәрі бағалы құндылық екенін баян етеді.

– Менің мақсатым – жалғанда жаңы­лыс баспай, туралықпен жасағысы келе­тіндерге кеңес беріп, демеу. Біз­дікі аят-хадисті құрметтегендердің, ұлт­­тық салт-дәстүрді сыйлағандардың өнеге­лі өмірін насихаттау, пенделердің өмір­­дегі кемшіліктерінен пікір түю. Адам­дарға қайыр жасау – елге қайыр жасау. Бұл ұлтымыздың кемін толтыру, азын кө­бейту, күшін арттыру, жаманын жақ­сарту. Бізге ең қажеті – тілдегі емес, жү­­рек­­те­гі шынайы имандылық, – дейді автор.

Хамса-жинақтағы дін мен ұлттық ем-дом, дін мен бейнелеу өнері, сон­дай-ақ атадан балаға жеткен мақал-мәтелде­ріміздің имандылық негіз­дері байыпты түсіндіріледі. Байырғы Бұқара аймағын жайлаған қазақтардың этнографиясы мен таным-түсінігінен мағлұмат беретін едәуір тарихи-тұрмыстық материалдар да көрініс тапқан.