Қостанай облысында 454 мектептің 112-сі ғана қазақ тілінде білім береді. Яғни қазақ мектебі орыс мектебінен 4 есе аз. 115 аралас мектеп бар. Мұндағы қазақ сыныптары да өзге тілде білім беретін сыныптардан әлдеқайда аз. Орыс мектептерінің 60 пайызын өзіміздің қаракөз балалар толтырған. Биыл 1 қыркүйекте 10 384 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Осы балдырғандардың 70 пайыздан астамы орыс сыныптарына қабылданған. Қалған 29,1 пайызы ғана қазақ мектебіне барады.
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, төл мектебі тұрғанда өзге білім ошағына баласын сүйреткен ата-ананың басына не күн туды деген ой маза бермей, білім саласының басшыларымен, ата-аналармен, ұстаздармен, сондай-ақ қоғам белсенділерімен әңгімелесіп көрдік. Әуелі бұған дейін Қостанайдағы бірнеше қазақ мектебін басқарған, ұлт мектебінің жағдайын өте жақсы білетін тәжірибелі маман, бүгінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары болып отырған Данагүл Сүйіндіковамен тілдестік.
– Қостанай облысы Ресеймен шектесіп жатыр. Ең ұзын шекараның бірі біздің өңірде. Сондықтан бұл шекараға жақын жатқан Қарабалық, Федоров сияқты аудандарға үлкен әсер етеді. Біз әлі күнге дейін кеңестік кезеңде қалыптасқан саясаттың зардабын шегіп отырмыз. Өйткені өзге тілге бауыр басқан ата-аналар қара басының қамын күйттеп, балаларының болашағына бейжай қарайды, олардың ана тілін үйренуіне аса мән бермейді. Өзім барған жерімде, тіпті ағайын-туыстың ортасында да үнемі «баланы қазақ мектебіне беріңдер» деп айтамын. Бірақ кеше ғана басын изеп, сөзіңді мақұлдап отырған кейбір ағайын жеме-жемге келгенде баласын орыс мектебіне жетектеп бара жатады. Қазақ мектебінің насихаты кем болып жатқан жоқ. Негізгі мәселе ата-аналарға тіреліп тұр. №24 мектепте директор болып жұмыс істеп жүргенде бірінші сыныпқа баласын әкелген орыстілді ата-аналарды кабинетіме жеке шақырып алып: «Сіз жарадыңыз! Енді қорықпаңыз. Орыс мектебіне кез келген уақытта ауысып кете аласыздар. Көмектесеміз, біздің мұғалімдер балаңызды бір жылдың ішінде қазақша сөйлетіп шығарады, оған күмәніңіз болмасын. Ең бастысы, баланың болашағы үшін өте маңызды әрі дұрыс қадам жасадыңыз», деп жылы шыраймен шығарып салатынмын. Тілдік ортасы бөлек ата-ана үшін мұндай әңгіме өте қажет, – дейді Данагүл Сүйіндікова.
Иә, батпандап кірген дерт мысқалдап шығады. Бұл мәселеде өз тілін ұмытып, өзге тілді ерттеп мінген ата-аналармен үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың санасына сәуле түсетіндей саңылау іздеу маңызды. Өңірде былтырдан бері қазақ сыныбын, қазақ мектебін насихаттаушы белсенді топ жұмыс жүргізіп жатыр. Сол топтың ішінде жүрген «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санайдың айтуынша, бұл бағытта көп жұмыс атқарылғанымен, нәтиже мардымсыз.
– «Қазақ тілі» қоғамының «Қазақ мектебі» деген жобасы аясында былтыр аралас мектептерді араладық. Биыл солай жасадық. Мәселен, «Юбилейный» шағын ауданындағы Абай мектебінде былтыр қазақ сыныптарынан орыс сыныптары көп еді. Биыл қазақ сыныптарында ұзартылған топтар ашылып, нәтижесінде, бірінші сыныпқа қабылданған 6 сыныптың үшеуі қазақ тілінде білім алатын болып отыр. «Әуежай» шағын ауданындағы аралас мектепке де барып тұрамын. Ол мектепте де сәл ілгерілеу бар. Дегенмен, көп ата-ананың баласын қазақша оқытуға әлі ниеті жоқ. Мұның ең басты себебі – ата-ана орыстілді, сондықтан балаға үй тапсырмасын түсіндіре алмай қиналамын деп қорқады. Осылайша, өз қара басын ойлап, баланың келешегіне балта шауып отыр. Бұл мәселе жылда айтылады, бірақ күрмеуін тарқату қиын болып тұр, – дейді Заңғар Санай.
Орыстілді ата-ананың баланы қазақ мектебіне беруіне кедергінің бірі – «баланың оқуына көмектесе алмай қаламын» деген қорқыныш. Бұл көп жағдайда қорқыныш емес, енжарлық, немкеттілік болуы мүмкін. Әлбетте, оларды жазғырып, сөгу оңай. Ал жанашырлық танытып, көмектесу – адамгершіліктің, бауырмалдықтың үлкені. Тоқсаныншы жылдары аса қадірлі бір ақсақал «Тың игеру кезінде жайлауымыз жыртылды. Тәубе, аңсаған тәуелсіздігімізді алдық. Енді, міне, өзгенің де, өзіміздің де көкірегімізді жыртып, оянатын кезеңде тұрмыз», деген еді. Дәл осы қалпымызбен отыра берсек, сол оянатын кезеңді өткізіп аламыз ба деген қорқыныш бар.
Баланың қадамын қазақ мектебіне бастырмай отырған екінші кедергі бар. Ата-аналардың біразы «Қазақ мектебінде білім сапасы нашар» деген таптаурын түсініктің шырмауынан шыға алмай қалған. Мысалы, былтыр Қостанайдағы физика-математикалық лицейде екі қазақ сыныбы ашылды. Бірақ мектеп басшылары сол екі сыныпқа оқитын бала таппай, әзер дегенде біреуін ғана толтырды. Жыл бойы жарнама жасап, қақсады. Алайда оған ынта танытқан қазақ аз болды.
– Кейінгі 7-8 жылдың ішінде қазақ мектептері білім сапасы мен оқушылардың үлгерімі жағынан өзгетілді мектептермен теңесті, тіпті кейбір тұстарда басып озды. Қазақ мектептері кейде облыстық деңгейден де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Өйткені қазақ мектептерінде орыс мектептерімен салыстырғанда, бала саны әлдеқайда аз. Сондықтан баланың сапалы білім алуына мүкіндік мол. Мұғалімдердің біліктілігі де ешкімнен кем емес. Қазақ мектептеріндегі кадр мәселесі шешілген. Грант иегерлерінің санына, бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижелері мен олимпиада жеңімпаздарына қарасақ та, қазақ мектептерінің деңгейі жоғары. Сондықтан ұлттық мектептегі білім сапасы төмен дейтін ата-аналар қазіргі жағдайды білмейді. Осыдан отыз жыл бұрынғы ескі түсініктен арыла алмай қалған, – дейді Д.Сүйіндікова.
Оның айтуынша, қазіргі қазақ мектептерінің жағдайы өте жақсы. Күрделі жөндеуден ең алдымен солар өтіп жатыр. Қазақ тілінде білім алатын шәкірттерді көбейту мақсатында қосымша жағдайлар да жасалған. Мысалы, биыл жергілікті әкімдіктер тарапынан ұзартылған топтарға қосымша қаражат бөлінеді. Ол ең алдымен қазақ тілінде білім алатын бастауыш сыныптарға беріледі. Бұл оқушылардың тілдік ортасын қалыптастыруға, сабаққа ыждағатпен қарауына, аптасына бес күн үй тапсырмасын ата-ананың көмегінсіз орындауына, мұғалімнен қосымша кеңес алуға, түсінбегенін сұрап-білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста қазақ сыныптарын көбейтудің арнайы жол картасы жасалған.
Облыстық телеарнаның тілшісі Айдана Папанинаның кішкентайы Айлин алдағы қарашада алтыға толады. Жасы сәл жетпей тұрса да, биыл қазақ мектебіне даярлық сыныбына беріп жатыр.
– Енем де, жолдасым да орысша сөйлейді, мен де орысшаға көштім. Баламның да тілі орысша шықты. Соған қарамастан, тәуекел етіп қазақ сыныбына беріп отырмын. Замандас-құрбыларымның көбі балаларын орыс мектебіне апарды. Өйткені өздері тіл білмейді, сондықтан балаға көмектесе алмаймыз, үлкен қиындыққа тап боламыз деп қорқады. Балам бірінші, екінші сыныпты аяқтағанша көмектесіп жүретін сияқтымын. Өйткені қазір мүлде тіл білмейді. Ұлттық балабақшаға барды, шағын тақпақтар жаттады, қазақ әндерін ұнатады, жады жақсы, сондықтан әрі қарай өзі алып кетеді деп ойлаймын, – дейді Айдана.
Қазақ отбасына келін болып отырған Әнила есімді башқұрт келіншек қазақ тілін Қостанайға келген соң үйреніпті. «Кезінде балаларымды орыс мектебіне бердім. Өйткені ол кезде қазақ тілін білмейтін едім. Екеуі де озат оқыды. Бірақ ұлым мектепті тәмамдайтын жылы «Мені неге қазақ мектебіне бермедіңіз» деп ренжіді. Балам қазір әжептәуір тіл біледі. Жұмысында қазақша сөйлейді. Қазір құрбыларымның көбі балаларын орыс сыныптарына беріп жатыр. Өйткені күнделікті тұрмыста өздері де, балалары да негізінен орыс тілінде сөйлеседі. Қалай десек те, көбі баланы қазақ сыныбына беруге әлі дайын емес. Біріншіден, ата-ананың өзі орыс тілді болғандықтан, оған баласының сол тілде білім алғаны ыңғайлы. Екіншіден, қазақ сыныбына барған балаға репетитор жалдау керек болады, оған ешкім өз қалтасынан басы артық қаржы шығарғысы келмейді. Үшіншіден, көбі балам күні бойы сабақтан босамай, жүйкесіне жүк түседі деп қорқады. Таныстарымның балалары қарапайым заттардың өзі ана тілінде қалай аталатынын білмейді», дейді Әнила.
Мемлекеттік тілді дамыту деген мәселе көптен бері күн тәртібінен түспей келеді. Біздіңше, мемлекеттік тіл дамытуды қажет етпейді. Ол онсыз да дамыған тіл. Оның орнына балабақшалар мен білім мекемелеріне арнап мемлекеттік тілді қолдау бағдарламасын жасау қажет. Ата-ана ұлттық мектепке барған балаға мемлекет тарапынан ерекше қолдау болатынын осы бағдарлама арқылы көріп-білуі керек. Балабақшада тәрбиемен қатар тіл үйрету сабақтары мықтап қолға алынса құба-құп. Қазақ мектептері мен аралас мектептердегі қазақ сыныптарына да ағылшын тілі, физика, математика секілді пәндерге басымдық беретін ерекше бағдарлама қажет-ақ. Сонымен қатар жоғары оқу орнына білім гранттары бөлінгенде ең алдымен қазақша сайрап тұрған баланың бәсі биік тұруы шарт.
Ең бастысы, қазақ мектептері мен сыныптарының беделін арттыру қажет. Кадр мәселесі мен оқыту әдістемесінің де қайта пысықталғаны жөн. Әйтпесе, бүгінде кейбір аралас мектептерді мемлекеттік тілді білмейтін директорлар басқарып отыр. Басшы қай тілде сөйлесе, ұжым да сол ыңғайға жығылатыны ескерілуі қажет. Мысалы, Меңдіқара ауданының Теңіз ауылындағы аралас мектептің директоры мемлекеттік тілден мақұрым. Мұндай білім ошақтарын мемлекеттік тілді білетін директорлар басқарғаны абзал.
Одан кейінгі мәселе, аралас мектептердегі орыс сыныптарын шектеу керек. Мысалы, Қостанайдағы «Юбилейный», «Әуежай» шағын аудандары тұрғындарының 80 пайызы – қазақтар. Бірақ осы екі шағын аудандағы аралас мектептердегі қазақ сыныбынан орыс сыныптары бірнеше есе көп. Сондықтан мектеп басшысы баласын орыс сыныбына әкелген ата-анаға «бізде орын жоқ, қазақ сыныбында орын бар. Ал баланы орыс сыныбына бергілеріңіз келсе, бәленбай мектепте орын бар, соған апарыңыздар» деп, әлгі ата-ананың барып-келуіне қолайсыз, қаланың екінші шетіндегі шалғай мектепті нұсқағаны дұрыс. Нәтижесінде, ата-ана баласын үйінің жанындағы қазақ сыныбына беруге мәжбүр болады. Алайда облыстық білім басқармасының мамандары мұндай амалдың ата-ана таңдауы мен адам құқын шектеуге әкелетінін айтып отыр. Сөйте тұра, Қостанайдың іргесіндегі Дружба ауылында қазақ мектебі болмағандықтан, баласын амалсыз орыс мектебінде оқытып жатқан тұрғындар бар.
Қостанай облысы