• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Тамыз, 2023

Ақынның шәкірттері туралы

795 рет
көрсетілді

Абай шығармашылығы мен ғұмыры жайында жазылған зерттеу еңбектердің саны жыл өткен сайын артып, жаңа деректердің халыққа жария болып жатқаны белгілі. Әйтсе де, Болат Жүнісбеков құрастырған «Абайдың ақын ұлдары» атты жинақ пен осы автордың зерттеулері мен эсселері топтас­тырылған «Абай сәулесі» атты кітаптың орны бөлек.

«Абайдың ақын ұлдары» атты жинақты құрастыруда автор Абайдың ақын ұлдары-шә­кірттерінің шығармашылығын насихаттауды мақсат етеді. Кі­тапта ақынның ұлдары – Ақыл­бай, Мағауия, Тұрағұл мен не­мересі Әубәкір Ақыл­бай­ұлы­­ның еңбектері, өмірі мен шығар­машылығына қатысты зерт­теу мақалалар, эсселер топ­тас­тырылған. Жинақ бес бө­лім­нен тұрады, алғашқы төрт бөлімі Абайдың ақын ұрпағына ар­налған болса, «Кітап ішіндегі кітап» бөліміне Тұрағұл Абай­ұлы­ның таңдамалы аудармалары еніпті. Аталған еңбек – жоғары және орта оқу орындарының ұстаздары мен студенттеріне тап­­тырмайтын оқу құралы. Әде­­биетсүйер қауымның да кө­ңі­лінен шығады деген ойдамыз. Кітап құндылығы неде десеңіз, Абайдың ақын ұрпақтарының еңбектерімен бір жинақ арқылы танысуға болады. Иә, күні бүгінге дейін де ақын шәкірттері туралы жеке-жеке жарық көрген еңбектер баршылық. Дегенмен, оның барлығы оқырман қолына түсе бермейді. Абайдың ақын ұлдарының архивтер мен ғылыми институттарда, музей қорлары мен кітапханаларда жатқан ең­бектері қайта басылып, бір кітапқа топтастырылуы, әрине, оқырман үшін жақсы жаңалық.

Кітаптың алғашқы бөлімінде Ақылбай шығармашылығына қатысты зерттеу мақалалармен қатар, ақынның өміріне, балалық шағына қатысты оқырманға қызықты оқиғалар берілген. Тоқ­тархан Шәріпжанұлының «Ақыл­байдың шапшаңдығы» атты шағын материалын оқи отыра, Ділдәнің өз балаларын ақындық өнерге тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлгенін түсінеміз. М.Әуезовтің «Ақыл­бай шығармалары туралы», абай­танушы Қайым Мұ­хамед­ханұлының «Ақылбай Абайұлы Құнанбаев», Қажым Жұмалиевтің «Ақылбай Абай­ұлы», Мұхтар Мағауиннің «Жоғалған поэма тарихынан» сынды көлемді зерттеу ма­қа­лаларымен қатар, Ақыл­байдың өз өлеңдері мен поэмалары да жи­наққа енген.

Екінші бөлім Ақыл­байдың ұлы Әубәкір ақын­ның шығар­машы­лығына арналған. Әу­бәкір Ақылбайұлын Қайым Мұха­мед­ханұлының «Әубәкір ақын» атты мақаласынан танып-білуге болады. Аталған мақала бөлімнің өн бойын ашып тұрғанымен, ақын туралы тереңірек зерттеуді қажет ететіндей. Әубәкір – Абайдың қасында он екі жыл жүріп, көп тағылым-тәрбие ал­ған баласының бірі. Ақыл­бай, Мағауия, Тұрағұл, Кә­кітай, Көк­бай сынды көзі ашық, кө­кірегі ояу, көрген-білгені мол жандардың жанында жүріп, тәлім алған Әу­бәкірдің де өнер-білімнен кенде емесі анық. Әубәкірдің Абайдың өзге баласынан бөлек қыры – суырыпсалмалығында еді. Әзіл, қалжың, оспақ-әжуаға толы жыр жолдарын сол арада өз жаны­нан ауызша да, жазбаша да шы­ғара қояды. Өлеңдері ауызша таралғандықтан ба, кей өлеңдері толық сақталмаған көрінеді. Бұл мәселеге кітап құрастырушысы да түсініктеме бере кетіпті. Атап айтқанда, кітаптағы әр өлеңге қатысты түсініктеме-анық­тама­лар оқырманның түсініп-түй­сінуіне өте ыңғайлы.

Қайым Мұхамедханұлының «Әу­бәкір ақын» атты мақала­сында қозғалған мына бір ойды оқыр­манға айту­ды жөн көріп отырмыз. Әубә­кір­дің әйелі Кәмәш мынадай есте­лік­тер қалдырған екен. «... Мен келін боп түскеннен кейін әкем (Абайды айтады. – Қ.М.) ша­­қырып алып: Қарғам Кә­мәш, ата-енені сыйлау, үлкенді қадірлеу бетін жауып алып, тізе бүгіп сәлем етіп, жан біткеннен жасқаншақ болудан басталмайды. Алдымен менің өз алдымда бетіңді аш, сәлем етпей-ақ, осы үйдің ішінде өзіңнің оң жақта жүргеніңдей, қаймықпай жүре бер. Мына Еркежан екеумізді ата, ене деп қарама, әке-апа деп қара, менің тілегім осы», деген екен. Әр бөлімдегі материалдарды оқи отыра, ұлы ақынның отбасы тәрбиесіне айрықша кө­ңіл бөлгенін аңғаруға болады. Ұл-қыздың тәлім-тәрбиесіне мән беру, баланың өнер-білімге деген қызығушылығын ояту, ауыл қариясының насихаты, т.б. ұлт­тық педагогикамыздың жар­қын үлгісін дәл осы жинақтан оқып білуге болады.

Кейінгі екі бөлім Мағауия мен Тұрағұл шығармашылығы жайын­да сөз етіледі. Абайдың ақын ұлдары да Еуропа және орыстың классикалық по­эзиясының дәс­түрінен үлгі алған. «Балаң бала бол­сын десең оқыт, мал аяма!» деп Абайдың өзі айтқандай, ақын балаларының білім алуына, оның ішінде орысша оқытуға да көңіл бөледі. Ақынның әр баласы әке-ұстазынан бөлек стиль, бөлек бағыт іздеуге күш салғанын, нә­ти­жесінде, жазба әдебиеттің қалыптасқан өкілі атан­ғанын аңғарамыз. Шын мә­нінде, Абай ауылының ақын шәкірттері хакім мұрасының осы күнге жетуіне, шашау шығармай, ұр­паққа жет­кізуге көп септігін тигізді.

Б.Жүнісбековтің Абай жайын­да әр жылдары жазған зерттеу еңбектері топтастырылған та­ғы бір кітап – «Абай сәулесі». «Абай сәулесі» деген атаудың өзі оқыр­ман жұрттың назарын бірден аудар­тады. Кітапта Абайдың шы­ғармашылығы мен өміріне, оның ұрпақтарына қатысты тың деректер эссе-ма­қала, сұхбат фор­матында ұсынылған. Сондай-ақ Шәкәрім ақын мен Мұхтар Әуезовтің шығар­машылығы туралы зерттеулер де енгізілген. Кітап оқыр­манның қабылдауына жеңіл, бөлімдер мен тақырыпшаларға бөлініп, ықшамдалып берілген. Автор Абай туралы халықтың бүгінге дейінгі көкейде жүрген әртүрлі мәселелерге қатысты нақты тұжырым жасаған. Атап айтқанда, ақынның нақты туған жері мен туған күнінен бас­тап, ұрпағына дейін түгелдей тіз­белеп, расталған ақпарды жи­нақтауға назар аударған. «Ақын мұрасының бас шырақшысы», «Құдайдан қорықпаған қоғам», «Арбамен Америка асқан» деген тақырыптардың өзі оқырманды бірден баурап әкетеді. Атал­ған қос жинақтың да оқырман үшін берері мол. Абай тағылымы мен ақын шәкірттері туралы әлі де ғы­лыми ізденістер жалғаса бер­мек.

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

Абай атындағы ҚазҰПУ студенті