Кейінгі жылдары техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын мамандықтардың алуандығына баса көңіл аударылып келеді. Ендігі жерде колледждер өздерінің жұмысын жаңаша бағытта түзуі керек деген міндет қойылып отыр.
Техникалық және кәсіптік білімге қатысты заманауи трендтерді салаға енгізу – колледждер алдындағы маңызды миссия болмақ. Мамандардың пікіріне сүйенсек, өнеркәсіпті дамытудағы жаһандық трендтер қазіргі күні негізгі жеті бағытқа ойысып отыр. Оның алғашқы екеуі – цифрландыру базасындағы технологиялық даму мен экономикалық күш-қуаттың Азия елдеріне қарай ауысуы. Өмірдің түрлі саласын цифрландыру елімізде 3D принтер, бұлтты сервис, Big data, 5G жиілігі, кванттық сервис және тағы басқа жүйелерде көрініс тауып отыр. Ғалымдар 2030 жылға қарай жер бетінде виртуалды фабрикалар көбейіп, жасанды интеллект кез келген өндірісте басты орынға шығатынын болжап отыр. Бұл көштен Қазақстан да қалмауы керек. Оның үстіне кейінгі уақытта дамыған елдер өздерінің үлкен зауыт-фабрикаларын біздің мемлекеттің аумағында тұрғызуға көңіл бөліп отырғаны тағы бар. Оларға жергілікті жерден жаңа технологияның тілін меңгерген жас мамандар қажет болады.
Келесі бағыттар – аймақтардың өзіндік өнеркәсіптік саясатын дамыту, жасыл экономика, өндірістердің тұйық циклдарына мән беру, кооперациялардың және өнеркәсіптік-инновациялық дамудағы мемлекет рөлін күшейту. Осы жеті тренд арқылы болашақта кәсіптік білім берудің қағидаларын жетілдіру шарт.
– Педагог мамандардың басты мақсаты – заманға сай сапалы білім берумен қатар, жұмыс берушілердің талаптарына сай кадр даярлау. Ол үшін оқу үрдісінің мазмұнына өзгертулер енгізіліп, дуалды оқыту бағдарламаларын жетілдіруге басымдық берілген. Яғни студенттер үшін бірінші кезекте тәжірибелік дағдыларды дамытуға жағдай жасау маңызды. Дуалды білім беру бағдарламасы елімізде 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сол кезден бері халықаралық тәжірибе мен озық әдіс-тәсілдерге басымдық беріліп отыр. Бұл тұрғыда әр өңірдің экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескерген жөн. Оқу бағдарламалары да осыған бағытталуға тиіс. Экономиканы цифрландыру, «өмір бойы оқу» қағидаттарын дамыту арқылы жұмысшылардың біліктілігін көтеруге мүмкіндік бар. Жыл сайын еңбек нарығына 400 мыңдай жас маман шығады. Алайда орта білікті мамандарға деген сұраныс жыл сайын өсіп, бүгінде оларға деген қажеттілік 70 пайызға жеткен. Сондықтан «Ұлттық біліктілік жүйесі» аясында кәсіптік біліктілікті арттырудың жаңа стандарттары біртіндеп қалыптасуы керек. Биылғы шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңға қол қойды. Құжат негізінде 632 кәсіптік стандарт әзірленіп, ол 3 520 мамандықты қамтыды. Бұрын біліктілік дағдылары 10 жылға дейін жарамды болса, кейінгі жылдардағы үрдістер небәрі 2-5 жылға дейін ғана жететінін көрсетіп отыр. Осы себептен көптеген мамандық бойынша түлектердің біраз жылдан соң колледждерге айналып соғып, өз дағдыларын әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік алуы заңды деген тұжырымға келдік. Бұған қоса орта біліктілікті қажет ететін мамандық түрлері міндетті және ерікті сертификаттауға жатады, – деді Павлодарда өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының республикалық Тамыз кеңесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.
Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Серік Жартыбаев жақын уақытта еліміз бойынша жаңадан 20 цифрлық колледж құрылатынын жеткізді. Қазіргі күні кейбір орта кәсіптік оқу орындары коммерцияландыру үдерісіне бет бұрған. Мысалы, Көкшетаудағы колледж бір жылда өздері шығарған тауарлар мен қызметтерден 83 млн теңге табыс тапқан. Білім ордасы ендігі жерде шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге айналуды жоспарлап отыр. Мұндай мысалдар еліміздің әр түкпірінде бар. Мемлекеттің өзі де бұған мүдделі. Жыл сайын елімізде 133 мың жас азамат кәсіптік және техникалық тегін біліммен қамтылып, оларға жатақхана мен шәкіртақы ұсынылады. Жалпы, студенттерді жатақханамен қамту мәселесі соңғы уақытта өзекті бола түскен. Алдағы қыркүйек айында еліміздің оқу орындарына студенттерді жатақханамен қамтуды міндеттейтін жаңа заң нормалары күшіне енеді. Бұл бағытта Павлодар облысы жақсы нәтижелерімен көзге түсіп отыр. Өңірдің аумағында колледждердің студенттері үшін жаңадан 4 жатақхана ашылды. Жергілікті оқу орындары студенттердің бизнес идеяларын өміршең етуге де барынша ден қойып, қолдау шараларын үзбей жүргізеді.
Айтып өтейік, бүгінгі таңда еліміздегі 800-ге жуық колледжде дуалды бағыт бойынша 61 мыңнан астам студент оқиды. Оқу орындары 6 мыңнан астам кәсіпорынмен әріптестік орнатып, олардың тапсырысымен маман даярлайды.
Павлодар облысы