Биыл Тамыз кеңесі әр өңірде түрлі тақырыпта ұйымдастырылды. Қостанай облысындағы кеңес «Инклюзивті және арнайы білім» бағытында өткізілді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей, білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау.
– Білім беру саласында ғана емес, сонымен бірге денсаулық сақтау шеңберінде де ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету бағытында айтарлықтай тәжірибеміз бар. Мысалы, Рудный қаласында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды қолдау ортылығы жұмыс істейді. Онда бір мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі. Биыл «Қамқорлық» жобасы шеңберінде 125 балаға арналған «Аутизм» орталығын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Қ.Ақсақалов.
Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беру басқармасының басшысы Лаура Ботабаеваның айтуынша, елімізде ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру мәселелері бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Бұл, ең алдымен, нормативтік-құқықтық базадағы өзгерістерді қамтиды. Ең маңыздысы, 2021 жылы еліміздің кейбір заңнамалық актілерінде инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары бекітілді. Қазіргі таңда 24 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау алуға кезекте тұр. Ал мемлекеттік тапсырысты енгізу кезектегі балаларды жаппай түзету көмегімен қамтуға, арнайы мекемелердің тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
– Бүгінде елімізде 188 мыңнан астам 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын үш пайызға ұлғайып отыр. Аталған даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арна- йы психологиялық-педагогикалық қолдау және ерте түзетумен қамту 2023 жылы 73 пайызға жетті. Бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің 40 пайызында, орта білім беру мекемелерінің 80 пайызында және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының 70 пайызында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Бұл көрсеткішті 2027 жылға дейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр, – деді Лаура Ботабаева.
Балалардың ерекше қажеттіліктерін ерте жастан анықтау үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қызметі маңызды. Бүгінде елімізде мұндай 94 орталық жұмыс істейді. Мұның сыртында 2023 жылы – 15, 2024 жылы 14 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығын ашу жоспарланған. Ақмола, Қостанай, Ұлытау облыстары мұндай орталықтармен толық қамтылған.
– Ерекше балаларға ерте қолдау көрсететін психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің санын арттыру мәселесі де біртіндеп шешім тауып келеді. Бүгінде елімізде 210 түзеу кабинеті бар. Сонымен қатар ел көлемінде 13 оңалу орталығы жұмыс істейді. Бүгінде еліміздегі 5 760 мектепте мүмкіндігі шектеулі 50 мыңнан астам балаға инклюзивтік білім беруге жағдай жасалған. Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоры арасында жасалған арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі меморандум аясында республикадағы 31 мектеп-интернат арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген, – деді министрлік өкілі.
Қостанай облысы