Композитор Мэлс Өзбековтің әндерін әуенінен жазбай танисың. Стиль дегеніміз де сол шығар. Жамбылдық композитор Дүйсенәлі Бықыбаев «Мэлс ағаның әндері қай кезде де адам жанының емшісі сияқты көрінеді. Мэлстің стилін кез келген музыкант бірден біледі», дейді. Расында, оның әндерін тыңдағанда өн бойыңды бір алау шарпып өткендей болады.
Мэлстің қай әні болсын «құлақтан кіріп бойды алатыны» даусыз. Композитордың әйгілі «Келші, айым», «Келші Құланға» әндерін білмейтін адам кемде-кем. Оның «Тобылғы сай» да талай жүректің төрінен орын алғанына ешкімнің күмәні жоқ. Туған жерге арналған туындының мәтінінен сағыныштың сазы есіп тұрады. Бұл шығарманы Жанар Айжановадан бастап, талай әнші нәшіне келтіре шырқағаны белгілі.
Шыны керек, Мэлстің «Тобылғы сайын» орындаған әншіні саусақпен санап шығу әсте қиын сияқты. Эстрадалық бағытта да, дәстүрлі әншілердің орындауында да талай рет естідік. Әннің құдіреті шығар, қай бағытта шырқалса да, өн бойыңда бір діріл пайда болғандай күй кешесің.
«Манаурап тау үстінен көрінсе ай,
Бір сезім тербетеді көңілді жай.
Ән кернеп,
жас жанымды мазалайды,
Тартады мені өзіне Тобылғы сай.
А-ай, жұлдызымсың нұрын шашқан,
Әнімсің айналайын Тобылғы сай»,
деп басталатын әннің табиғатынан қазақтың сартап даласы мен жусанды қырына, тобылғы өскен жазығына деген сағыныш лебі самал боп есіп тұрады.
Жамбылдық ақын Төлеу Үшқоңыровтың сөзіне жазылған Мэлстің ғажап әні талай жыл бойы «халық әніне» телініп келді. Тіпті белгілі әнші Жанар Айжанованың өзі уақытында аталған шығарманы халық әні деп хабарлап жібергені мәлім. Композитор дер кезінде туындысын қорғамағанда әнінен айырылып қалар ма еді, кім білсін?
«Аталған әнді маған 1987 жылы жаркенттік ақын, композитор, әнші Жандарбек Бегімбетов берді. Ол маған шығарманы халық әні ретінде ұсынған. Халық әні деп қабылдаған соң, солай орындап жүрдім. 1989 жылы Алматыдағы концерттің біріне ат басын бұрған Мэлс Өзбеков аға мені арнайы іздеп келіп, мәселенің мәнісін түсіндірді.
Ол кісі: «Ел арасында кең тараған «Тобылғы сай» менің әнім еді. Сөзін Төлеу Үшқоңыров деген ақын жазған болатын», деп туындының авторы өзі екенін жеткізді. Аяулы ағаны бұрыннан білетінмін. Алайда «Тобылғы сайдың» авторы деп ойламаппын», дейді әнші.
Әнді тыңдап отырған уақытта Қаратаудың шатқалындағы «Тобылғы сай» бірден ойға оралады. Бір сөзбен айтқанда, «Тобылғы сай» Төлеу Үшқоңыровқа да, Мэлс Өзбековке де бөтен жер емес. Композитордың туған ауылы Көкдөнен жақта да «Тобылғы сай» деген жер бар.
Ғажап әннің мәтіні мен әуені сол «Тобылғы сайдың» бүкіл пейзажын көз алдыңа елестете береді. Шығарманың ырғағынан қасиетті жердің баяу самалын да, дүлей желін де, сұлулығын да сезінесің. Бұл бәлкім тарихи жердің екі авторға да ортақ болуының арқасында үйлесім тапқанымен байланысты шығар, кім білсін?
«Сылдырап тау астынан ағады өзен,
Кеудемді кернеп менің барады өлең.
Ең алғаш бақыт таптым бір өзіңнен,
Құлағым сен дегенде қағады елең.
Сайыңнан жұпар гүлін тергем
талай,
Айғанмен қол ұстасып алтын арай,
Өзіңмен махаббатым
шоқ боп жанған,
Айналдым, қуанышым –
Тобылғы сай»,
деп келетін шығармадан «Тобылғы сайдың» бүкіл табиғатын сезіне түсесің. Ғажап мекеннің кереметі көз алдыңа келеді.
Тамаша әннің мәтініне мұқият зер салған адам Төлеу Үшқоңыровтың бұл өлеңді жары Айғанайымға арнағанын бірден аңғарады. «Сайыңнан жұпар гүлін тергем талай, Айғанмен қол ұстасып алтын арай, Өзіңмен махаббатым шоқ боп жанған, Айналдым, қуанышым – Тобылғы сай» деген тармақтар ақын жүрегінің дүрсілін сездіріп тұрғандай.
«Тобылғы сай» – Мэлстің шоқтығы биік әндерінің бірі. Шығарманың иірімдерінен туған жерге деген сағыныштың үнін айқын сезінесің. Адам бойындағы сағыныш атаулының барлық өлшемін жанды баурап алатын ноталар айқындап та тұр. Әйткенмен, композитор соңғы шумақтағы ғашықтық сыры ақтарылатын тұста әннің иірімін жұмсартып, шығарманың болмысын лирикалық атмосфераға қарай тарта жөнеледі.
Қалай десек те, Мэлстің әндері сыршылдығымен адам жанын баурай түседі. Әсіресе «Тобылғы сай» әнінің табиғаты адам жанына жылу сыйлайды, кісі бойындағы сезім пернесін дөп басқан композитор әдемі иірімдерімен өз әлеміне жетелей түседі.
Расында да, бұл әнді қазақтың маңдайалды әншілерінің біразы орындады. Олардың қатарында ерекше даусымен дараланған Наркенже Серікбаеваның орындау шеберлігі бөлек, даусында өн-бойыңды шымырлатып жіберетін бір құдіреттің бары анық...
Өкініштісі, Мэлстің «Тобылғы сайы» әлеуметтік желілерде әлі күнге дейін «халық әні» аталып жүр. Мәселен, youtube-тегі «Dombyra» арнасы салған, Наркенже Серікбаева шырқаған видеода да уақытында кеткен қате сол күйінде қалған. Осындай олқылық дер кезінде түзетілсе дейсің.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы