Талдықорғандағы орталық көшелерде заңсыз саудамен айналысушылар азаяр емес. Бүгінде қала басшысы Ернат Бәзіл сол жабайы сауда жасайтындармен алысып жүр. Жолды бөгеп, кептеліс жасаған ағайынның айтар уәжі – бала-шағаның қамы. Ал әкімдік заңға сүйеніп, шаһардың сәнін бұзуға болмайтынын ескертеді. Тіпті сатушыларға жаңадан жұмыс орнын тауып беруге пейілді.
Талдықорғанның Арбаты маңайына үймелеген саудагерден аяқ алып жүргісіз. Құзырлы органдар қуғанымен қайта жиналады. Бұлар басқа сауда нүктелерінің қызметіне кедергі келтіріп қана қоймай, жол бөгеп, кептеліс туғызып жатыр. Ретсіз орналасқан жабайы базарларды ретке келтіру үшін әкімдік тарапынан арнайы ұсыныс немесе арнайы жоба болғаны жөн. Себебі тұрғындар «еріккеннен шықпаймыз, күнкөрістің қамы» деп отыр.
«Менің саудамен айналысқаныма 2-3 жыл болды. Алтын Орда базарынан жеміс-жидек сатып алып, осында әкеліп саудалаймын. Мен тұрған орын Қарағаш сауда орталығына тиесілі. Оларға азын-аулақ ақша төлеймін. Жабайы сауда дегенге келмес, егер тәртіп сақшылары тиіссе, орталық басшысының рұқсаты барын айтамын. Баға бәріне ортақ, кейбір мерзімі өтіп бара жатқан жемістерді сәл арзандатып сатамыз», дейді Ләйлә Әлиқызы.
Жақында осы мәселеге қатысты қалалық депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері бірлесіп, қала басшысы Ернат Бәзілдің ұсынысын ортаға салған. Орта және шағын кәсіп көздерін қалай дамытамыз деген сауал аясында өзара әңгіме өрбіткен еді. Жабайы саудаға жол бермеу үшін қандай амал қарастырарын шешкен-ді.
Әрине, заңсыз сауда қылмыспен пара-пар. Көше базарында тазалық сақталмайтыны тағы бар. Оған саудагер жауапкершілік ала ма, алмай ма, ол өз алдына бөгенайы бөлек әңгіме. Сақтау мерзімі өтіп кеткен көкөністерден балалардың іші уланып жатыр, оны да ойлаған жөн.
«Сауда мәселесі бізді бұрыннан толғандырып жүр. Жаңадан жаңалық ашып, біреуді кінәлағымыз келіп отырған жоқ. Әйтсе де, түйткіл бұлай жалғаса берсе, өзіміз жапа шегеміз. Сондықтан қайткенде де бір шешімін тауып, жабайы сауданың алдын алуға міндеттіміз. Әрине, оны ақылдасып, бұл қадамға барған азаматтармен жеке тілдесіп, жоспарлы әрі тұжырымдамалық шешім қабылдап, істі шешу шарт. Қаламыздың ең бір көрікті әрі халық серуендейтін орны – арбат. Оның өзге қалалардағыдай таза әрі тұрғындарға жайлы болғаны жөн. Сол себепті бірлесе атсалысайық», дейді қала әкімі Е.Бәзіл.
Оның айтуынша, жаңа құрылған Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласына тың жобалар қажет. Өңірдің өркендеуі қаланың әлеуметтік деңгейінен-ақ көрініп тұрады.
Мәселен, орталық базардың маңындағы көшелердің іргесі – толған жабайы сауданың ошағы. Гауһар ана көшесі мен ақын Сара көшесінің қиылысы, Қабанбай батыр мен Шевченко көшелерінде де әртүрлі тауар сатып тұрғандарды жолықтырасыз. Көлік жолын бөгеген саудагерлер, нағыз кептелістің қызған жерінде орналасқан. Жүргізушілер көлігін қояр орын таппай дал болады. Шатыр астында болмаса, сауда нысандарының алдында көлеңкелеп орналасқан сатушылар жабайы сауда көрігін қыздырып тұр. Мұның шешімі оңай болмасы анық. Себебі бұған дейін бірде-бір әкімнің жағдайды реттеуге шамасы жетпеді. Неге десеңіз, сауда орталықтарының төбесінен қарайтын «крышасы» мықты.
«Арбатты жағалағандардың дені – зейнеткерлер. Үйде қалған ескі заттарын ұсынады. Кітап, түрлі ойыншық, құрылыс заттары, салаттар мен тоқыма киімдер сатып отырады. Оларға құзырлы органдар келіп тиіскенімен, басқа не істейді? Нәпақа табу керек. Негізі әкімшілік арнайы орын белгілеп, жабайы сауда жасаушыларды бір орынға жинаса болады. Сонда орталық көшелерде кептеліс болмайтын еді. Шешімі көп қой, тек олармен ортақ тілге келу қажет», дейді қоғам белсендісі Әнуар Айтманов.
Тұрғындардың айтуынша, жабайы сауданың да тиімділігі бар. Ол бағаның тұрақты болуына жәрдемдеседі. Үлкен сауда дүкендерінде азық-түлік нарықтағы бағадан жоғары. Себебі олар орын үшін ақы төлейді. Сондықтан көбірек үстеме ақы қосады. Мысалға, Көкбазар, Алматы, Астана секілді сауда орталықтарында орын құны 100 мың теңгеден асады. Міне, соған орай сатушылар тауардың жалпы құнын қымбатырақ қояды. Ал бұл тұрғындар үшін тиімсіз. Сол себепті олар жайма базарлардан немесе бұрыш-бұрышта отырған саудагерлерден амалсыздан алады.
«Әрине, Көкбазардың ішінде бір келі алма 700 теңге болса, сыртында – 600 теңге. Жүз теңге болса да ақша, сондықтан даладан аламыз. Жуып, әбден тазалап жейміз. Олардың сапасында түк өзгешелік жоқ, бәрі бір жерден әкеледі ғой. Антисанитария сақталмаған дегеннің өзінде қабығын аршып береміз балаларымызға. Мен бұдан қорқыныш көріп тұрғаным жоқ», дейді қала тұрғыны Әсел Алданова.
Ал кейбір тұрғындар жабайы саудаға қарсы. Сондықтан «Magnum», «Smаll» секілді заманауи дүкендерден сауда жасайды. Ондағы заттар әбден тексеруден өтетінін алға тартып отыр.
«Бұрын көшеден ала беретін едім, баламның іші өтіп, ауруханаға түскеннен кейін жоламаймын. Арнайы тексерістен өткен тауарларды алған жөн, әрі пайдалы, әрі қорықпайсың. Сыртында жарамдылық мерзімі де жазылып тұрады. Осыны ойлаған абзал», дейді қала тұрғыны Айнұр Әлімова.
Қазір жаңадан тағайындалған қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы тұрғындардың денсаулығы үшін жабайы сауданы заман талабына сай ретке келтіруге тырысып-ақ жүр. Дегенмен бұрыннан келе жатқан сауданың бұл түрін ауыздықтау оңайға соқпайды. Сондықтан бұл күрделі мәселені қала жұртшылығы өкілдері бірлесіп шешуі қажет. Себебі «адамы қандай – қаласы сондай» деген түсінік бар.
Жетісу облысы