Қазір елімізді су мәселесі қатты алаңдатып отырғаны белгілі. Президент те Жолдауда еліміз үшін судың маңызы мұнай мен газ және металдан кем емес екенін айтты. Осы орайда су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет екендігін атап өтіп, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын және осы министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтінін жеткізді.
Мен мұны дәл уақытында көтеріліп отырған өзекті бастама деп айтар едім. Өйткені биыл жазғы демалысымызда еліміздің бірқатар өңірін, соның ішінде су тапшылығынан зардап шегіп отырған облыстарды араладық. Атап айтқанда, Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы жайылымдарына барып, фермерлермен тікелей кездесіп сөйлестік. Мәселені өз көзімізбен көрдік. Бұл шын мәнінде кезек күттірмес шаруа. Оны дереу шешпесе, ертең қиын болатыны көрініп отыр. Сондықтан Президенттің арнайы министрлік құру, су қорын сақтайтын технологияларды енгізу, су тоғандарын жасау туралы бастамалары құптарлық іс.
Бұл жерде кадр мәселесін де естен шығармаған дұрыс. Су мәселесі – тек экономикалық емес, саяси мәселе. Шүкір, Қазақстанда су мәселесін мемлекеттік деңгейде меңгерген, Орталық Азияның гидрология, ирригация көшбасшыларын жетік білетін мемлекеттік тұлғалар бар. Олар зейнет жасына шықса да, тәжірибесімен саланы тығырықтан шығара алады.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан кейін ол жерде жұмыс істейтін адамдар лауазымдық міндеттерімен қатар сөзі өтімді және беделді болуы керек. Біз су мәселесінде көршілерге белгілі бір деңгейде тәуелді елміз. Сондықтан жаңа мемлекеттік органның басшылары өз ішіміздегі ресурстарды тиімді пайдаланумен қатар, көрші мемлекеттермен де оңтайлы диалог құрып, дипломатиялық жолдармен шиеленісті жағдайларға жол бермеуге тиіс. Бізде ондай қабілетті азаматтар бар. Бұл үлкен жұмыс және оның нәтижесі ауыл шаруашылығын дамыту үшін маңызы зор.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты