Өркениеттің алтын қақпасы ғылымда екенін дамыған мемлекеттер дәлелдеп отыр. Қазақстан да осы көштің белді мүшесі ретінде ғылымның шырағын жағып, ғалымдарға ерекше көңіл бөліп келеді. Мұның бір дәлелі – Президенттің Жолдауда ғалымдарға үлкен жауапкершілік артуы.
Мемлекет басшысы: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет», деді. Ғалымдардың озық технологиялы идеяларын өндіріске енгізуге зор мүмкіндік туып отыр. Жалпы, Жолдаудағы әр бастаманы ғылыммен байланыстырып, тарқатып беруге болады.
Бүгінгі Жолдаудан кейін көптің көкейінде «Кейінгі бір жылда отандық ғылымда қандай өзгеріс болды?» деген сауал тұруы мүмкін. Соның ең бастысы – Мемлекет басшысының Ұлттық ғылым академиясына жаңа мәртебе беруі. Қазір академиямыз «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде сәтімен жұмысты бастап кетті. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп, елімізде жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделі енгізілмек. Ғылымды насихаттауға, ғылыми мамандарды даярлауға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп жатыр.
Академия ғылыми ойдың орталығы ретінде 2022 жылғы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін қорытындылайтын ұлттық баяндаманы әзірлеуге кірісті. Сонымен қатар жақын болашақта елдің қай бағытта дамитынын айқындайтын форсайттық зерттеулер жүргізілді. Осы Жолдауда форсайттық зерттеулердің су қауіпсіздігі бағыты бойынша Мемлекет басшысы: «2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін», дей келе, «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек», деп нақты тапсырма берді. Аталған мәселе бұған дейін ғалымдар тарапынан айтылып, академия «Жасыл технология және су қауіпсіздігі» ғылыми бағытында форсайттық зерттеулерді бастап кеткен-ді. Бұл талдаулар – әр жылы және ортамерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын нақты айқындайтын зерттеу. Сонымен қатар осы бағытта білікті ғалымдар арасынан жұмыс тобы құрылып, өзекті мәселенің шешімі Үкіметке ұсынылды.
Академия 5 бағыт бойынша жасақталған бөлімшелерде отандық белді ғалымдар мен жас ғалымдардың жұмыс топтарын құрды. Онда нормативтік-құқықтық актілерге, заңнамаларға, ғылыми қонкурстарға, отандық ғылымға қандай өзгеріс керек деген сұрақтар талқыға салынып, шешімін табу жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының «Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз», деген сөзі арқылы ғылыми орталықтарға, ғалымдарға, бастамашы топтарға ерекше серпін берді. Бұл мәселе бойынша академия аграрлық ғылым мен өндірісті байланыстыру мақсатында «Егінжай күні» далалық семинар-кеңесін өткізді. Іс-шараға 4 облыстың басшылары қатысып, ғалымдар дайындаған ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын өңірлерге енгізуде шаруа қожалықтарымен 40 келісімшартқа қол қойылды.
Жолдауда қазір дайындалып жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы ғылым мен инновация негізінде экономиканың даму логикасын көрсетуі маңызды екені айтылды. Одан өзге энергетика, газ, су, IT, әскер ғылымы, көлік және логистика бағыттарын да назардан тыс қалдырмады. Мемлекет басшысы цифрландыру және инновацияларды енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін айтып, Қазақстанды IT елге айналдыру керегін және ол стратегиялық міндет екеніне тоқталды. Әрі жасанды интеллектіні дамыту ісін Үкіметке тапсырды. «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет», дегені біраз жайдан хабар беріп тұр. Ғалымдарымыздың осы бағыттағы технологияларын өндіріске енгізуде Ұлттық ғылым академиясы арнайы жұмыс топтарын құрып, жан-жақты қолдау көрсетеді.
Ғылымның даму тұжырымдамасын құру мақсатында салалық академиялардың және ғылыми қауымдастықтардың басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сондай-ақ елдегі айтары бар, жан-жақты білімді жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Алматы, Астана қалаларында басқосулар өткізіліп, ғылымдағы өзекті мәселелер және оны шешу жолдары ұсынылды. Білімді ұрпақтың ойын бір жерге топтастыру арқылы отандық ғылымның ілгерілеуіне серпін беруді көздейміз. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 22 456 ғылыми қызметкер бар екен. Олардың 46 пайызы – 40 жасқа дейінгі жас ғалым. Академия елдегі және шетелде білім алып жатқан таланты жас ғалымдарды ғылыми ортаға тартып, ғылымды дамытудағы 10 басым бағыт бойынша отандық 1000-ға жуық және шетелде (Қытай, Корея, Жапония, Түркия және Еуропа елдерінде) ғылым қуып жүрген 100-ге тарта білікті жас ғалымның жұмыс тобын құрды. Бүгінде осы жұмыс топтарында жас ғалымдарға қатысты мәселелердi шешу, ғылыми әлеуеттi бiрiздендiру бастамалары қолдау тауып отыр.
Ғылымды дамыту арқылы ел экономикасын айтарлықтай ілгерілетуге болады. Қазіргі таңда академия ғалымдар мен бизнес өкілдерін өзара байланыстырып, инновацияларды енгізу және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер ашу мақсатында түрлі іс-шара ұйымдастырып отыр. Академия еліміздің әр өңірінен келіп түскен 200-ден астам ғылыми жобамен танысып, саралап үлгерді. Осы жобалардың 10-нан астамы Алматы қаласының мәселелерін шешуге арналғандықтан, әкімдік назарына ұсынылып, қала әкімінің тарапынан қолдау тапты. Гранттық және мақсатты нысаналы қаржыландырулардың нәтижелері бойынша өңірлер ғылымды алға бастырып келеді. Өндірістік сектордың қажеттілігіне бағытталған коммерцияланатын жаңа жобалардың өсуі мен дамуына барынша қолдау көрсетуіміз керек. Осы мақсатта қазіргі кезде академия делегациясы өңірлерді аралап, ғылыми ұйымдармен, өңірлік басқармалармен кездесіп, негізгі өзекті мәселелерді анықтап, оны шешу жолдарын әзірлеу үстінде.
Академия АҚШ, ҚХР, ГФР, Түркия, Болгария, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы сияқты елдермен жаһандық ғылымды дамытуға бағытталған ынтымақтастық жұмыстарын бастап кетті. Ғылымы дамыған елдермен байланыс әрі қарай жандана бермек. Аз уақыттың ішінде тағы басқа да ауыз толтырып айтатын жұмыстар жетерлік. Ең бастысы, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін сапалы орындап, елдің игілігіне аянбай еңбек ету керек.
Күнсұлу ЗАКАРЬЯ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті