Мемлекет басшысының Жолдауы – қоғамның жаңа құрылымын қалыптастырудың кезекті қадамы. Кейінгі жылдары дәстүрге айналғандай, қоңыр күздің алғашқы күндері жария етілетін Жолдауда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беріліп келеді. Ал оны қамтамасыз ету үшін экономика мен өндірістің негізгі бір саласы саналатын агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде, жан-жақты дамыта беру қажет.
Биылғы Жолдауда да: «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Еліміздің стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу», деп айрықша атап өтілді.
Мемлекет басшысы айтқандай, ол мақсатқа жету үшін алдымен өндірілген өнімдерді өз күшімізбен, жоғары талаптарға сай өңдеуге жедел көшуіміз керек. Біздің ауыл шаруашылығы өнімдері – дәнді, майлы дақылдардың басым бөлігі шикізат күйінде шетелдерге жөнелтілетіні белгілі. Ендігі жерде бұл жеңіл тәжірибені мейлінше қысқарту керек. Өңдеу кәсіпорындары санын барынша көбейтіп, саланың жұмысын дұрыс жолға қоя білсек қана өңделген өнім үлесін арттыру мүмкін болады.
Биылғы жыл ауа райы тұрғысынан оңай болған жоқ. Жауын-шашын мөлшерінің аз болуы, су тапшылығы ауыл шаруашылығы мен агроөндірістің қалыпты дамуына біршама зиян келтірді. Сондықтан Жолдауда ауыл шаруашылығы мен аумақтық даму бағытына барынша басымдық берілгенін біз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қуана қабылдадық.
Аграрлық мәселелер тыңғылықты тапсырмалар тізімін құрайды. Оларға шағын шаруашылықтарды қолдау, жеке шаруашылық иелерінің өзара бірігуі, материалдық-техникалық базаны жаңарту, инновациялық амал-тәсілдерді өндіріске батыл енгізу сынды агроөнеркәсіп кешенін дамытуға негіз болатын, серпін беретін қызметтер кіреді. Сондай-ақ кейінгі кезеңде қауырт қолға алынып жатқан егістікті әртараптандырудың да маңызы ерекше. Қазірде диқандар бұрынғыдай дәстүрлі дақылдарды ғана екпей, дәнді, майлы дақылдардың бірнеше түрін егуді мықтап қолға алуда. Бұл да болса – нарық заңы.
Сайып келгенде, агроөнеркәсіпке қатысты егістікті әртараптандыру, тиімді шағын және орта бизнесті дамыту, өндіріске озық технологияларды енгізу мәселелері Жолдауда ерекше атап өтілген «Ауыл аманаты» бағдарламасының халыққа аса қажеттігін, өміршеңдігін білдіреді. Ауыл тұрғындарын, шаруа баққан елді мемлекет тарапынан қолдау шаралары сан салалы. Сондықтан аталған бағдарламаны орындау, абыроймен атқару – өз қолымызда, біздің міндетіміз.
Едіге ТӨЛЕУХАНҰЛЫ,
шаруа қожалығының
жетекшісі