• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қылмыс 04 Қыркүйек, 2023

Интернеттегі алаяқтықтан қалай сақтанамыз?

277 рет
көрсетілді

Электрондық коммерция дамыған сайын интер­неттегі алаяқтық қарқын алып қана тұрған жоқ, үйінде отырған адамды үптеп кетудің сан түрі пайда бо­лып жатыр. Бұрын «сау­да сақал сипа­ған­ша» еді, қазір сату да, са­тып алу да интернеттегі байланыс­та бол­­ғанша ғана. Біз бұ­ған дейін де ақпараттық тех­но­логиялардың арқа­сын­да айшылық алыс жер­де тұрған тауарды үйіңіз­ден шықпай-ақ сатып алуға бо­латыны, бірақ көр­мей сатып алғанның жақ­сы жақтарымен қоса жа­ғымсыз жақтары да бар екендігі туралы мә­селе көтергенбіз. Маркет­плейс­тер жасанды, сапасыз зат­­­­­т­арды қалай өткізіп жібере­тіндігі ту­ралы сөз қалғанда таяқ­тың бір ұшы интернет алаяқтыққа барып тиген еді.

Осынау жағдай көкейкесті сипат алып тұрғандықтан, Ал­маты қаласы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкіл­дері өткізген баспасөз мәсли­хатында көтерілген жайт­тар­ды баяндай кетсек. Өйт­кені Орталық Азия және Моң­ғолиядағы «Касперский зерт­ханасы» да онлайн алаяқтардан қалай сақтану керектігі туралы хабарламалар, мәліметтер та­ратуға мәжбүр екендігін біле­міз.

Ал жоғарыдағы біз ата­ған департамент өкілдері кибер қылмыс­керлердің құрбаны болған тұр­ғындардың шағымдары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтады. Жыл ба­сынан бері департаментке азаматтардан 3 500-ден ас­там өтініш келіп түссе, кәсіп­керлерге қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, сәй­кесінше 120 әкімшілік хат­тама жасалған, сондай-ақ тұ­тынушыларға 90 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.

«Бүгінгі таңда тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау ме­кемелеріне түсетін шағым­дар көп. Көбінесе тұтыну­шы­лардың құқықтары элек­трондық сауда саласында бұ­зылады. Арсыз кәсіпкерлер тарапынан да алаяқтық фактілері бар. Сонымен қатар азамат­тар «Тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау туралы» заңның нормаларымен жеткілікті түрде таныс емес, бұл олардың кәсіпкерлер тарапынан заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына әкеледі», Сауда және тұтынушылардың құқық­тарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимұрзаев.

Дегенмен азаматтар­ды қор­ғау мақ­сатында Сауда жә­не интеграция ми­нистр­лігі мен Аумақтық сауда жә­­не тұ­тынушылардың құ­қық­­тарын қорғау департа­мент­тері тұрақты түрде кон­суль­тативтік-ағарту жұ­мыс­тарын жүргізетін көріне­ді. Оған қоса Алматы қала­сы­ның департаменті қоғам­д­ық бірлестіктердің қатысуы­мен ашық есік күндерін, өз құқықтары мен заңды мүд­делерін қорғау мәселелерінде тұтынушының құқықтық сауатын арттыру үшін азаматтарды қабылдауды тұрақты негізде өткізеді.

«Кәсіпкерлер үшін элек­трон­д­ық сауданың әлеуеті зор, өйткені біз қар­қынды дамып келе жатқан технологиялар заманында өмір сүріп отырғандықтан, қолма-қол ақшасыз есеп айырысатын тұтынушылар саны күн сайын артып келеді. Мұның артықшылықтары да бар, яғни шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа инновациялық жобаларды ашу, сондай-ақ бұрыннан бар компанияларды жаңғырту, көлеңкелі ақша айналымын қысқарту, халық пен кәсіпкерліктің құқық пен цифрлық сауаттылығын жақсарту десек болады», деді Н.Бимұрзаев.

Дегенмен тұтынушылар арсыз кәсіп­керлерге де тап болып жатады. Пошта арқылы тұтынушы тапсырыс берген өнім мүлдем келмейді, немесе сапасы жарнамада, интернет сайтта көрсетілген өнімге сәйкес келмейді.

«Интернет саудадағы алаяқ­тықтың ең көп таралған түрі – сайттар мен әлеу­меттік желілердегі жарнамалар. Әсіресе автокөлік аксессуарларын, смартфондар мен басқа да керек-жарақты, киім-кешек, аяқ киім, тапсырыспен жиһаз сатып алушылар интернет алаяқтарға жиі кездеседі. Сонымен қатар әлеуметтік желі мен интернет-дүкен болсын, алаяқтарға тап болу мүмкіндігі бірдей», дейді департамент өкілдері.

«Алаяқтар өз құрбандарын қалай арбайды? Бірінші кезекте – негізсіз арзан баға. Тауарларға тапсырыс беру кезін­де көбінесе жедел төлем терминалы арқылы белгілі бір виртуалды әмиянға ақша салып алдын ала төлем жасау сұралады. Әрі қарай әл­гі «дүкеннің» бірнеше күн қатарынан сылтаулары пайда болып, бірақ тауарды жедел жеткізуге уәде беруден танбайды, содан кейін із-түз­сіз жоғалады немесе түк­ке тұрғысыз сапасыз тауар жібереді. Алдын ала ақшасы төленген та­уарды сатып алатын кезде қаперде ұстауға тиісті жайт – сенімді интернет-дүкендер сізден бірден виртуалды әмиянға немесе ұялы телефон шотына ақша аударуды сұрамайды. Алдымен интернеттен дүкен туралы ақпаратты іздеңіз, оның нарықта қанша уақыт болғанын тексеріңіз. Егер сіз ірі дүкендер желісі немесе өзіңіз білетін компания сайты арқылы тапсырыс бермек болсаңыз, браузердің мекенжай жолағында ресурс­тың мекенжайын дұрыс жаз­ғаныңызға көз жеткізіңіз», деп кеңес берді Н.Бимұрзаев.

Сондай-ақ тауар сатып ал­мас бұрын дүкен әкім­ші­лігінен заңды тұлға тура­лы мәлеметтер сұратып, алын­ған ақпаратты салық орган­дарының жалпыға қол­же­тімді дерекқорлары мен заң­ды тұлғалардың тізімін пайдаланып тексеру қажет.

«Оған қоса онлайн сауда жасамас бұрын басқа клиенттердің пікірлерін қарап шығыңыз. Дегенмен кейде кибер қылмыскерлер қосымша есептік жазбаларды қолдана отырып, өздері туралы оң жазбалар қалдыра алатындығын ұмытпаған жөн. Іздеу формасына сату­шының телефон нөмірін немесе желілік бүркеншік атын енгізу арқылы бұл дерек­тердің қолма-қол ақшаны ұрлау және сатып алушыларды алдау мақса­тында пайдаланылғанын анықтауға да болады», дейді спикер.

«Арзанның жілігі татымас» деген де бар, сондықтан әрдайым тауардың құнына назар аудару керек. Егер баға нарықтық бағадан әлдеқайда арзан болса, онда бұл да күдік тудыруға тиіс.

Осы арада заңның 24-бабына сәйкес сатушының са­лық заңнамасында көзделген тәртіппен бақылау-касса ма­­ши­­наларының болуы, сон­дай-ақ бақылау-касса маши­наларының орналас­қан же­рінде қазақ және орыс тілде­рінде ақпарат орналас­тыру­ға міндетті. Фискалдық чек ұсы­ныл­маған жағдайда тұтынушы мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге құқылы. Мә­селен, тұтынушы тауарды өз еркімен таңдап, сатып алатындықтан, сатушы ту­ралы мәліметтер мен байла­ныс де­ректерін анықтау жауап­кершілігі тұтынушының өзіне жүктелетінін де айта кеткен жөн. Тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті орган электрондық саудадағы арсыздарды іздес­ті­румен айналыспайды. Алаяқтық пен тұтынушыларды алдау фактілері бойынша интернет алаяқтарды іздестіру іс-шараларын ішкі істер органдары жүргізеді.

Осы мәселеге қатысты жур­­налистік сауалымызға орай Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы «Кас­­перский зертханасының» бас­­қарушы директоры Вал­ерий Зубанов былай деп жауап берді. «Интернет саудада онлайн алаяқтықтың қан­дай түрлері жиі кездеседі? Мәселен, ритейлерлер бірнеше факторға байланыс­ты қара­жатын жоғалтып отыр. Welcome-бонустар арқылы жаңа клиенттерді тарту кезде маркетингтік бюджеттерді тиім­сіз пайдаланады. Мұндай ұсыныстарды көбіне берілген артықшылықтарды пайдаланып, тауарларды кейіннен қайта сату мақсатында алаяқ­тар пайдаланып кетеді. Клиенттердің есептік жазбаларын бұзу компанияларды жанама қаржылық зиян шектіріп қана қоймай, абырой-беделіне де әсер етеді.

Автоматтандырылған бот-ша­буыл­дары өзектілігін жо­ғалт­пайды. Олар пай­да­ла­ну­шылардың құпия сөздерін таң­­­дау, жарнамалық кодтар­ды іріктеу/таңдау және кардинг (ұрланған несие картала­рының деректерін пайдалану) үшін де қолданылады. Сондай-ақ мұндай шабуылдар бәсе­келестер тауарларының белгілі бір санаттарына бағалар пар­сингі (бағдарлама немесе сервис көмегімен веб-сайттардағы ақпараттарды автоматты түрде жинау мен құрылымдау) үшін жүзеге асырылады.

Адалдық бағдарламалары арқылы алаяқтық жасау қылмыскерлер үшін же­ке кәсіп болып тұр. Көбіне олар желіге шығып кеткен мә­ліметтер базасынан ақ­па­рат­ты қолдана отырып, клиент­тердің есептік жазбасына кі­руге, құпиясөздерді саралау тәсілімен сәйкестендіруге тырысады, қолданушыларға трояндық – стилерлер мен боттардың көмегімен шабуыл­дайды.

Бір жағынан сауда желілері қыз­мет­кер­лерінің өздері де адалдық бағдар­ламаларында кеткен ақауларды теріс пайдаланып, яғни ол ұсыныстарды өз пайдаларына жаратып жіберетіні жиі кездеседі», дейді Валерий Зубанов.

Қорыта келгенде, Алма­ты қаласы Сауда және тұты­нушылардың құқықтарын қор­ғау департаментінің қыз­мет­керлері «жедел желі» ар­қы­лы және азаматтарды жеке қабылдау кезінде тұты­нушыларға сатушыға қатысты әрі қарай әрекет ету, олардың заңды мүдделері мен бұзылған құқықтарын қорғау жолдары туралы төмендегідей кеңес береді.

Мемлекеттік органға өтінішті «e-Otinish» бірыңғай ақпараттық платфор­масы, «Egov.kz» электрондық үкімет порталы арқылы жіберуге болады немесе 8 (727) 392-21-83 жедел желісі бойынша қоңырау шалып, тұтынушылар Алматы қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерге көмек пен кеңес алуға құқылы.

 

АЛМАТЫ