Қаражал кентіне 1963 жылы 8 қаңтарда қала мәртебесі берілді. Содан бері 60 жыл өте шығыпты. Айтуға оңай, әрине. Ал осы жылдар арасында аймақтың құлпырған да, құлдыраған да кезеңдері өтті.
Қаражалдың қойнында жасырынған қазына бары ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ белгілі болған. Бірақ бұл өлкенің кешенді түрде игеріле бастауы ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты. 1947 жылы Қарағандыда өткен КСРО және ҚазКСР Ғылым академияларының бірлескен көшпелі мәжілісінде темір, марганецке бай кен орнын игеру туралы нақты сөз болады. Сөйтіп, сол тұста жұмысшылар кентінің алғашқы қазығы қағылады.
Кен игеру тек жер қойнауына қатысты емес. Ең алдымен, темір жолға көп арқа сүйеуге тура келеді. 1955 жылы «Атасу – Қаражал» темір жолы пайдалануға берілгеннен кейін өлкеде өндіріс қарқынды дами бастады. «Батыс Қаражал» карьері іске қосылып, «Атасурудстрой» тресі құрылды. Осындай іргелі істердің арқасында 1956 жылы Қаражалдан алғашқы жоғары сапалы кен тиелген платформалар Ресейдің Урал металлургиялық комбинатына жол тартты.
Өндіріс дамыған жерде әлеуметтік-мәдени өмірдің де көрігі қыза түсетіні айтпаса да түсінікті. 1957-1958 жылдары Қаражалда екі пәтерлі коттедждер, сауда және қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары, балабақшалар, мектептер, емдеу мекемелері пайда болды. 1957 жылы Қаражал жылу-электр орталығы іске қосылды. Тұрғындар жылумен, сумен қамтамасыз етілді. Осының бәрі әрине, халықтың ертеңге деген сенімін нығайтты, құлшыныс, жігерін жани түсті.
1970-жылдардың бас кезінде Жәйрем кен орнын игеруге қатты көңіл бөлінді. Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кенті Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс болып жарияланды. Кеңес одағының түкпір-түкпірінен ағылған жастар өлкенің дамуына зор үлесін қосты.
Өкінішке қарай, одақтың ыдырап, экономикалық байланыстардың үзілуі қаланың дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. Тұрғындар жан-жаққа көше бастады. Құлдырау басталды. Дегенмен, кейінгі жылдары қаланың екінші тынысы ашылғандай. Қазір қала территориясында «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ, «Өркен Атасу» ЖШС-нің «Өркен» өкілдігі, бариттік ауырлатқыш шығаратын «Karazhal Operаting», темір-марганец кенін өндіретін «Indjaz», барит концентратын өндіретін «Mining Technology KZ», тау жыныстары массасын (темір, марганец) өңдейтін «Global Mining Technology» серіктестіктері жұмыс істеп тұр.
Ұлытау облысының құрылуы Қаражалдың дамуына серпін бере бастады. Облыстық маңызы бар «Қаражал – Атасу» тас жолы қалпына келтірілді. Биыл ғана Қаражалда – 19, Жәйрем кентінде 13 көше жолы жаңартылды. Сонымен бірге №3, 7 мектептердің стадиондары жөнделіп, спорт залдары жылу жүйелеріне қосылды. Қалада келесі жылы жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер де біртіндеп жойылып келеді.
Қаражал халқының бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында жаңа спорт нысандарын салу жоспарланып отыр. Өңірде бассейн салу қолға алынса, Жәйрем кентінде бассейні бар денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, «Горняк» стадионын реконструкциялау жөніндегі жоба да іске асырылуда. Қаражал 60 жылдық мерейтойын осындай жетістікпен жоғары деңгейде атап өтті.
Ұлытау облысы,
Қаражал қаласы