• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Қыркүйек, 2023

Қазақ қазынасын асырған

548 рет
көрсетілді

Қазақ өнерінің жанашыры, этнограф-зерттеуші, Қазақстанның тұңғыш Халық әртісі Александр Викторович Затаевич 1920 жылдан бастап өзі өмірден өткен 1936 жылға дейін 16 жыл қазақ өнерін үздік­сіз зерттеді. 2000 ән мен 50-ге тарта күйді қағазға түсірді. Нәти­жесінде, «Қазақтың 1000 әні» (1925 жыл) және «Қазақ халқының 500 ән-күйі» (1931 жыл) атты екі іргелі еңбек жазып қалдырды.

Ол заманда қазіргідей жазып ала қоятын диктофон жоқ, айналасын ашаршылық жайлаған, халықтың тұрмысы нашар, ақ пен қызыл тайталасқан қырғын соғыс жүріп жатты... Осындай ауыр жағдайда жүріп-ақ қазақ өнерінің жоқшысы болған Затаевичтің атасына мың рахмет.

Бұл кісінің туған жері – Орел губерниясы. Туған жылы – 1869. Сегіз жасында әкеден айы­­рылған. Орелдегі әскери гим­на­­зияда оқып жүріп, музыкамен айналысқан. Нота жазып үйренген. 1920 жылы Орынборға қызметке келеді. Осында жүріп ұлт қаймақтары: Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, Е.Алдаоңғаров, Ж.Аймауытов, Б.Май­линдермен танысады. Бұлар­дан көптеген ән жазып алады.

Қазақ әнінің әуезділігіне құ­ныққан зерттеуші 1926-1927 жылдары Қазақ Халық ағарту ко­миссариаты арқылы Семей, Қар­қаралы, Орал, Жетісу өңірлерін аралап, ел ішіндегі қазыналарды жиып-тереді. Қолына түскен ән-күй­дің ноталарын жазумен қатар, кей­біреулерін фортепиано сүйемеліне икемдеп, оркестрге түсірді. Орындаушысы өзі болған. Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде алғаш пікір айтқан да осы кісі.

Атақты композитор Рахма­ниновпен таныстығының арқа­сында қазақ әндерінің жинағын Аме­рикаға жіберіп, ондағы жұрт­ты құлағдар еткен. Қазақ өнерін шет жұртқа насихаттаған алғашқы адам да Затаевич.

Бұл кісіге Алаш арыстары да жолығып, ән жаздырған. Расын айтар болсақ, қазақ оқығандарының барлығы өздері білетін әндерді айтып беріп, жаздырған. Мысалы, Міржақып Дулатов 1919 жылдары «Қанат талды» дейтін ән шығарған. Оны жасырып, Сейітжан салдікі деп келдік. Жақаң бұл әнді амалы таусылып, жан-жағына боль­шевиктердің қыспағы түскен кезде шығарған сияқты. 1920 жылдары Қорғалжынға келген сапарында «Қанат талдыны» Қосымжан Бабақовқа үйретеді. Әнді елге таратқан – Қосымжанның ағасы Сейітжан сал. Сондықтан ән осы кісіге телініп келген.

1934 жылы Иса Байзақов жо­ға­ры жақтың тапсырмасымен ән­нің мәтінін өзгерткен.

«Әндердің ұлы атасы

«Қанат талды»,

Арқада аңыратқан

Сейітжан салды...»

деген жолдар қосылған.

Қысқасы, Затаевич Міржа­қып­қа жолығып, «Қанат талды» және «Кер заман» дейтін әндерін жазып алған.

Бұл кісінің ұқыптылығы – ән­дерді жазып алумен қатар, оны кімнен жазып алғанын хаттап-шоттап отырған. Кейбір әндердің шығу тарихына да мән берген. Сонымен қатар термелерді де жазып алған. Мысалы, 1934 жылы Алматыда талантты өнер­паз­дар­дың слеті өтеді. Онда Нартай Беке­жанов терме айтқан. Оны За­таевич тыңдап көріп, қолма-қол қағазға түсірген.

Қазірдің өзінде айтылып жүр­­ген «Сырдың қараторғайы» дейтін ән бар. Бұны Үкілі Ыбы­райдың әні деп жүрміз. Затае­вичте әннің 9 нұсқасы берілген. Осы кісінің арқасында қазақ өнерінің майталмандары: Бір­жан, Мұхит, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Мәди, Май­ра, т.б. аттары алғаш рет бас­па бетін көр­ді. Жоғарыдағы кітап­та­ры­ның соңында қазақтың әнші-күйшілері жайлы құнды пікірлер айтылған.

Сонымен қатар А.Затаевич қа­зақ күйлерін де нотаға түсірген. Атап айтқанда, «Кенесарының көк­балағы», «Қалмақтың қа­ра жорғасы» дейтін күйлер бізге жеткен. Осы екі күйді 1926 жылы Қар­қаралыға барған сапарында ағайынды Түрікбай және Мү­рәсіл Меңаяқов деген азаматтардан жазып алыпты. Сол сияқты Орал өңірін аралаған сапарында Бөкейдің тікелей ұрпағы Науша Бөкей­ханов дейтін күйшіден Құр­манғазының «Адайын» да жазып алған.

Әрине, оның сал-серілер жай­лы айтқан оғаш пікірлері бары рас. Бірақ бұған қатысты Қайыржан Маханов бастаған музы­катанушылар А.Затаевичтің пікірін түзетіп, бұлай деуінің себеп-салдарын айтты. Оның сыртында әндерді нотаға түсіргенде сәл-пәл қателік жібергені жайлы да айтылып жүр.

«Оған түсіністікпен қараған жөн. Өйткені әнді қолма-қол жазып алатын қазіргідей құрал жоқ, оның үстіне қазақтың тілін білмейтін адамға әннің ырғағын қағазға түсіру – қиын. Әнді бір емес, бірнеше рет қайталап айттыру керек. Әнді қайта-қайта айтатындай адамдардың көңіл күйі бола ма, жоқ па... Қайта біз бұл іс­ке сын айтпай, рахмет айтуымыз ке­рек», деуші еді өнертанушы аға­мыз марқұм Қ.Маханов.