Биылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарының барлығын жатақханадағы орынмен қамтамасыз етуді көздейтін «Білім туралы» заңның жаңа редакциясы күшіне енді. Жаңа заңнамаға сәйкес, оқу орындары осы айдан бастап студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті. Соған қарамастан елімізде 23 мыңнан аса студентке жатақханада орын жетіспейді.
– Елімізде жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында студенттерді жатақханамен қамту қарастырылған. Бұған қоса «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрықта басқа қаладан келген білім алушылардың кемінде 70 пайызының тұруы үшін (жатақханалар/хостелдер/қонақүйлер) жағдай жасау көзделген. Еліміздің 104 жоғары оқу орнындағы жатақханалар саны 380 бірлікті құрайды, төсектік орын саны – 106 203 бірлік, оның ішінде 182 объекті бойынша 24 560 төсектік орын жалға алынған. Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында қажеттілік жатақхана мен хостелдерді жалға алу арқылы оң шешімін тауып отыр. Ақмола, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында 695-тен 60 орынға дейін қажеттілік бар, – деді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазір ең үлкен қажеттілік Алматы қаласында тіркелген – 14 мың. Сол секілді Астана қаласында – 5 300 орын, Солтүстік Қазақстан облысында 2 300 орын жетіспейді. Осы үш өңірде жатақханадағы орын тапшылығы өткір тұр.
– Былтырғы жағдаймен салыстырғанда мәселе ақырындап шешімін тауып келеді. Мысалы, өткен жылы республика бойынша жатақхана орындарына қажеттілік 69 мың орын болса, биыл бұл көрсеткіш 23 686 орынды құрап отыр. Бірақ біз орын тапшылығы азайды деп арқаны кеңге салмаймыз. Себебі әр цифрдың артында әрбір студенттің тағдыры тұр. Сондықтан бұл мәселеге бірде-бір университеттің басшылығы бейжай қарай алмайды. Министрлік те өз тарапынан бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатыр. Айталық, бүгінде жатақхана мәселесін шешу үшін еліміздегі 58 жоғары оқу орны 182 объекті немесе 24 560 орындық жатақхана, жекеменшік хостелдермен келісімшартқа отырды. Бұл жерде қойылатын ең басты талап – хостелдерде тек студенттер тұруы керек, сонымен қатар олардың қауіпсіздігі сақталуға тиіс. Ата-ананың көбі хостел деген сөзді естігенде қорқады. Алайда ондағы жасалған жағдай кейбір жатақханадағыдан жақсы. Негізі хостелдерді жекеменшік жатақханалар деп айтуға болады, – деді А.Абылайхан.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-ның Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Айнұр Сағындықова республика бойынша 8 мыңнан аса орындық 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланғанын жеткізді.
– 2023 жылғы жоспар бойынша жоғары оқу орындарының студенттері үшін 8 мыңнан аса орындық 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде 2 600 орындық 6 жатақхана іске қосылды. 6 мыңнан аса орындық қалған 26 жатақхананы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы, жатақханаларға зәрулікті жою мақсатында мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі әзірленді. Осы тетікке сәйкес кез келген жеке кәсіпкер немесе жоғары оқу орны өз қаражаты есебінен жатақхананы пайдалануға енгізе алады. Тек содан кейін әр студентке мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Егер жатақхана жаңа құрылыс жобасымен салынса, онда мемлекеттік тапсырыс бір студентке жылына 195 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 6 жыл бойы төленеді. Бұл – бәріне ортақ талап. Тек Алматы қаласында норматив көбірек. Өйткені бұл – сейсмикалық өңір. Алматы қаласында 6 жыл ішінде 1 студентке құрылыс кезіндегі норматив 230 айлық есептік көрсеткішті құрайды, – дейді А.Сағындықова.
«Қаржы орталығы» өкілінің мәлімдеуінше, қолда бар ғимаратты қайта жабдықтау, қайта жаңғырту арқылы жатақхананы пайдалануға беруге де болады. Реконструкция жолымен мемлекеттік тапсырысқа енгізілсе, онда республика бойынша 1 студентке шаққанда 8 жылға 47 айлық есептік көрсеткішті, Алматы, Астана қалалары үшін 8 жылға 92 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
– Осы тетікке сәйкес, мемлекет тарапынан қойылатын ең басты талап – салынған жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертпеу бойынша 20 жылдық шектеу. Екінші талап – жатақханада тек студенттер, докторанттар мен магистранттардың тұруы. Әр жатақханада бейнебақылау болады, турникет орналастырылады. Яғни әр студенттің қашан кіріп, қашан шыққанын тексеруге болады. Бұл тетік 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2018-2020 жылдар аралығында жоғары оқу орындары студенттері үшін 26 мыңнан астам орынға 99 жатақхана енгізілген. Мұндай орындарды енгізу бойынша көшбасшы өңірлер – Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Абай, Атырау, Жамбыл облыстары, – деді А.Сағындықова.
Министрліктің таратқан ақпаратына сүйенсек, мұқтаж студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Штаб Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 22-үй, 1-корпус мекенжайында орналасқан. Сонымен қатар студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша арнайы ахуалдық орталық бар. Ахуалдық орталықтың байланыс нөмерлері: + 7 700 950 95 28; + 7 700 255 14 43. Бұдан бөлек, студенттер өзінің жатақханаға қатысты әлеуметтік жағдайымен әр өңірдегі жоғары оқу орындарының өкілдерінен құрылған омбудсмендер институтына хабарласа алады.