Астананың Қоғамдық кеңесі қаланың 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған Бас жоспары жобасын талқылау кезінде халық саны мәселесі көтеріліп, жақсы өмір сүру үшін аймақтардан елордаға көшіп келіп жатқандардың қатары шамадан тыс ұлғайып бара жатқаны сөз болды.
Елорда жұртшылығы тарапынан қалаға көшіп келушілер санын шектеу туралы жиі айтылады. Бас қалаға басқа өңірлерден келушілердің санына шектеу қою бастамасын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қолдап пікір білдірген еді. Оның айтуынша, Астанадағы инфрақұрылым көп адамға лайықталмаған. Мектеп аз. Медицина мекемелері көп кісіні қабылдауға қауқарсыз.
«Елордада мектеп, медицина, жалпы әлеуметтік инфрақұрылым дайын емес. Егер әлеуметтік инфрақұрылым дайын болса, қажетті мүмкіндік болса, адам санын көбейтуге болады. Астана қаласындағы инфрақұрылымды есепке ала отырып, мұны дұрыс шешім деп есептеймін», деді Премьер-министрдің орынбасары.
Т.Дүйсенованың айтуынша, қалаға келетін халықтың санын шектеу тәжірибесі шетелде бұрыннан бар. Алайда бұл пікірге қарсылар аз емес секілді. Әсіресе кейбір қоғам белсенділері мұны адамның конституциялық құқығын бұзу деп есептейді. «Конституциялық құқық бұзу» деген сөз министрдің шымбайына батты ма, пікірін қайта жұмсартқаны байқалады.
Үкімет кулуарында журналистер вице-премьерден «халықтың ашуына тиетін ұсынысты қалай талқылауға шығарып отырсыздар?» деген сұрағына: «Қазір Астанада бір миллионнан аса адам тұрып жатыр. Бұрынғы Ақмола қаласы 300 мың адамға ғана есептелген. Жастар оқуға келіп жатыр. Қалада жұмыс орындары ашылуда. Елорданың бүгінгі инфрақұрылымы халыққа тиісті жағдай жасауға мүмкіндік аз. Егер Астананың көлемі кеңейіп, мүмкіндіктер жасалса, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым салынса, онда шектемеуге болады. Қазір осындай шешім қабылдауға тура келеді», деді Т.Дүйсенова.
Жазда сумен, қыста жылумен қамту бас қаланың тізгінін ұстаған шенділердің бас ауруына айналған тәрізді. Енді қыркүйектен бастап шаһар аумағына кіріп-шығуға рұқсат етілгендердің тізімі жасалады-мыс. Қоғамда осындай әртүрлі пікір қайшыласа бастаған соң, бұл мәселеге қатысты Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек те өз пікірін білдірді.
«Біз – унитарлы мемлекетпіз. Қазақстанның халқы басқа өңірлерден көшіп келсе, онда ешқандай шектеу болмайды. Иә, адам саны өсіп барады. Сол азаматтарды қабылдау үшін Астанада сапалы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дайындау керек. Халық келіп жатыр, мектеп пен әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жылу мен су мәселесі толығымен шешілген жоқ. Сондықтан дайындалуымыз керек», дейді қала басшысы.
Ресми деректерге сүйенсек, бас қалаға өзге өңірлерден жыл сайын тұрғылықты тұруға 60 мың адам қоныс аударады. Ал жоспар бойынша халық саны миллионға 2030 жылға қарай жетеді деген болжамға қазіргі урбанизациялық үдеріс бой бермей кеткенін байқаймыз.
Көктемде бір жиында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы «Астана – резеңке емес, созыла беретін. Сондықтан келушілердің санын шектеу керек», деген ұсыныс айтқан. Қоғам қайраткері мұны қызғаныштан емес, елорданың әлеуетіне деген жанашырлықпен айтқаны белгілі. Бұл пікірге қатысты қоғамда жақтайтындар да, даттайтындар да табылды. Әйткенмен бұл зерттеліп, сарапталып барып шешім шығаратын мәселе екені түсінікті. Мәселен, демограф Аяулым Сағымбаева шешім қабылдар алдында алыс шалғайдағы ауылдарға жақсылап жағдай жасау керек екенін айтады. Мысалы, Қытай елі 1949 жылдан бастап көші-қон саясатына өзгеріс енгізіпті. Яғни қалаға келіп тұру үшін жұмыс орнынан шақырту қағазы болуға тиіс. Маманның айтуынша, елде мұндай тәжірибені бірден енгізу қателік болады.
«Қазақстан үшін халықаралық тәжірибені бірден қолдана салу тиімді емес. Біріншіден, тыйым жай ғана Астанаға, Алматыға не Шымкентке қатысты болмауға тиіс. Бұл өңірлердегі жағдайды жақсарту арқылы қосымша жұмыс жүргізілуі керек. Жай ғана тыйым салып тастайтын болсақ, мигранттар саны көбейеді», дейді демограф.
Қазір Астананың халқын жалғыз Вячеслав су қоймасы есебінен сумен қамтып отыр. Қала билігі қосымша су ресурсын Нұра жерасты құбырын салу арқылы шешпекші. Алайда бұл құрылыстың қашан басталатыны әзірге белгісіз. – Еңбек министрлігінде құрылған арнайы топ миграцияны шектеудің қалай жүзеге асатынын осы қыркүйекте жариялайды. Жауапты ведомство тек сол кезде қалаға кімнің кіріп, кімнің шыға алатынын айтамыз деп отыр.
Өткен аптада бұл мәселеге қатысты Тамара Дүйсенованың басқаруымен тағы да журналистермен кездесу болды. Онда ол жұмыс тобы халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңға түзетулер енгізу бойынша бірқатар ұсыныс әзірлегенін айтты. Бірінші – азаматтардың республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада тұрақты тұру мерзімін қайта қарау. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар жалдаған тұрғынжайлар алу мақсатында оларды есепке қою ұсынылады. Екінші – коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйге, пәтерлерге нормативтерді бекіту ұсынылады. Үшінші – қаланың құрылысын тиімді салу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Бас жоспардың жобалық шешімдерін, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын және құрылыс салу жобасын қоғамдық талқылауды жүргізу қағидаларын әзірлеу мен бекіту жөніндегі құзыретті беру ұсынылады. Бұл қоғамдық талқылаулар өткізу кезінде елді мекеннің архитектурасын қалыптастыруда және қала құрылысын жоспарлауда қала азаматтарының пікірін ашық және жария ескеруге мүмкіндік береді. Төртінші – мигранттарды тіркеудің бірыңғай жүйесін құру мақсатында қолданыстағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау.
Аталған мәселеге қатысты еліміздегі демография саясатын зерттеп жүрген, белгілі саясаттанушы Руслан Ақмағанбетовтің де пікірін білген едік. Оның айтуынша, шектеу бар жерде дамуға тосқауыл болады.
«Алдымен Астанадағы құрылысқа шектеу қойған жөн. Оны Қызылжарға қарай бұру қажет. Ал Астанаға шектеу жасаудың түрлі салдары шығады. Бірінші, бұл халықтың билікке деген сенімсіздігіне әсер етеді. Екінші, Астанаға инвестиция бара қоймайды. Шектеу бар жерде экономикалық өсім бола қоймайды. Үшінші, еңбекке жарамды адамдар арасында шетелге кету көбейеді. Себебі Астана ішкі еңбек миграциясын өзіне қабылдап келді. Олай болмағанда, амал жоқ, шетел асады. Төртінші, «Тәуелсіздікті шетелге еңбек етіп қаңғырып кету үшін алдық па?!» деген мәндегі наразылық туындайды. Бесінші, қалада тіл мәселесі бар. Бұл оған деген наразылықты күшейтеді.
Иә, қала көп адамды көтере алмайды. Оны экономикалық және мәдени орталық ету бекер. Экономикалық орталық болу үшін қаланың ресурсы көп болуға тиіс. Бұл Астанада жоқ. Ал мәдени орталық болу үшін тәжіктің қауындарын алуда аздаған сыпайылық болу керек еді. Бірақ қала әкімшілік басқару тұрғысынан қалғаны жөн. Вашингтон сияқты. Қаладағы құрылысты тоқтатса, экономикалық дағдарысқа алып келеді. Ал жай ғана шектеу қою мәселені шешпейді. Тек кері әсерін береді. Әрине, бұл кезде «сарапшылар» түсіндіріп, оның «пайдасын» айтады. Ескі әдіс өтпейді. Айтпақшы, мұндайдың Ресейде «Мәскеулік тіркеу» дегені бар. Сонымен бірге Солтүстік Кореяда бар. Біреуі де супер авторитарлық режім, ал екіншісі классикалық тоталитарлық режімде өмір сүріп жатқан мемлекет», дейді Р.Ақмағанбетов.
Айтпақшы, Курокава жасаған Бас жоспарға кейінірек өзгерістер енгізілді. Өйткені жапон сәулетшісі елорданы жобалаған кезде тұрғындардың саны тез өсетінін ескермеген сыңайлы. Бұған таңғалудың жөні жоқ. Өйткені кез келген жоба бұрынғы тәжірибелерге сүйеніп жасалады. Ал осыған дейін ешбір елде аз ғана уақыт ішінде әлемге танымал астана салынған емес. Оның үстіне қазақтардың тез өсетінін қайдан білсін?!
Алғашқыда 2030 жылға дейін тұрғыны 1 миллионға жетеді деген шаһар бұл межені 13 жыл бұрын орындап тастапты. Бұл – ел халқының 5 пайызы. Салыстырып көріңіз, 1997 жылы елорда жаңа ауысып келгенде қаланы небәрі 300 мыңға жетер-жетпес адам мекендеген. Өзгертілген Бас жоспарға сәйкес, шаһардың өзін ғана емес, Астана агломерациясын толықтай дамыту көзделген. Осы аумаққа Ақкөл қаласы мен Ақкөл, Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының бірқатар елді мекен кіруге тиіс. Қазір агломерацияның аумағы 2,18 мың шаршы шақырым болып отыр. Халық саны 1,2 миллионнан асты. Астана қаласының 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары бойынша, халық саны жыл сайын орташа есеппен 2,5 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Осыған сәйкес, 2030 жылы елорда тұрғындарының саны 2 миллионға жетпек. Ендеше, Т.Дүйсенова ханым неге ерте байбалам салды деген сауал қызық болып отыр.
Қорыта айтқанда, бұл мәселеге жауаптылар «халық санын шектеу – Астанадағы инфрақұрылымның нашарлығына қатысты бастама» деп сендіргісі келеді. Естеріңізде болса, шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөнінде жиын өткізіп, сол кезде инфрақұрылымды жақсарту, талапқа сай ету қажет екенін тапсырған еді. Сонда шенділер инфрақұрылымды жақсартудың орнына келушілерге кедергі жасап, оңай құтылып кетпек пе?