Байқап отырсақ, ұлттық бейнелеу өнерінің небір майталмандары отбасы, әулет, тек тақырыбында тамаша туындылар қалдырған. Мәселен, Әбілхан Қастеевтің «Ана», Қанапия Телжановтың «Жамал», Салихитдин Айтбаевтың «Бақыт», Гүлфайрус Исмаилованың «Отбасымен автопортрет», Жұмақын Қайрамбаевтың «Әке портреті» сынды туындылары – қайталанбас ен байлық.
Бүгінде осы қылқалам шеберлерінің жолын жалғастырған шәкірттері де аз емес. Отбасы күні қарсаңында Алматыда өнерде аға буынның ізін басқан суретші Оралбек Қабөкенің «Shezhire» атты көрмесі ашылды.
Мұндай көрмелерді ұйымдастыруға «Аrt of Her» мен «Almaty Gallery» медиа-порталы мұрындық болып жүр. Ал «Shezhire» сурет көрмесін – әрбіріміздің түп-тамырымыз, ата-бабалардың жүріп өткен жолын бейнелейтін тарихи жад десек те болғандай.
Тарихпен табиғи байланыстағы көрмеге ұлттық бейнелеу өнерінің классикалық кескіндеме мектебінің дәстүрін жалғастырып жүрген суретшінің 50-ге жуық туындысы қойылған. Олардың біразы – бұған дейін Қазақстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Әбу-Даби (БАӘ), Сеул (Оңтүстік Корея), Болгария, Мәскеу (Ресей) сынды халықаралық және республикалық көрмелерге қатысқан туындылар.
«Art of Her» – жай ғана медиа емес, отандық суретшілерді біріктіріп, қолдайтын, дамытуға көмектесетін алаң. Біз былтырдан бері «Almaty Gallery-мен» бірлесіп, Қазақстанда Отбасы күніне орай жас суретшілердің көрмесін ұйымдастырып келеміз. Оралбек Қабөке еңбектерінен қанық түстерді, сұлбалардың айқындығын, кескіндердің, композициялық құрылымның нақтылығы мен қарапайымдылығын көруге болады», дейді осы медиа-порталдың бас редакторы Рус Бикетов.
Расында, суретші ұмытылып бара жатқан отбасы құндылықтарын жаңғыртушы ретінде көрінеді. Оның жеке көрмесіндегі адамдар бейнесі мұңға, қалың ойға, жан қиналысына түскендей. Неге?
«Кейіпкерлерімнің жүзі неге осындай көңіл күйде? Жұмыстарыма менің жеке өмірім мен отбасылық жағдайым да әсер ететін болуы керек. Дәл қазір мен бұл туралы тіс жарғым келмейді...», дейді суретші.
АЛМАТЫ