Тәуелсіздік жылдары табылған құнды қазынамыздың бірі – Талды ханзадасы. 2009-2010 жылдары археолог Арман Бейсеновтің жетекшілігімен Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы орталығынан 44 шақырым қашықта орналасқан обаға қазба жұмыстары жүргізілді. Өңірде бір-біріне жалғасып жатқан жеті қорған-оба тізбегі Талды өзені аңғарын көлбей қоныс тепкендіктен ғылыми тілде «Талды қорғандары» деген атауға ие.
Арқа өңіріне тән ежелгі кезең тарихын зерттеуші Игорь Кукушкиннің пікіріне жүгінсек, мұндағы қорғандар тізбегі Алтын Орда заманынан бастап, қола дәуірді қамтитын нысандар көрінеді. Сондықтан да шығар, археологтер Талды – 2 қорымының №2 обасын ж.с.д. VІІ ғасыр үлесіне жатқызса, іргелес тұрған №5 обаға ж.с.д. VІ ғасыр деген анықтама беріпті.
Қорымға қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, 200-ге жуық ірі алтын бұйым, 22 мыңнан астам ұсақ бұйым табылған. Мамандар барлық оба ерте кезде тоналғанын айтады. Десек те, көпшілік назарын аударған дүние – №5 обада жерлеген 30-35 жастағы ер адам мен № 2 обадан табылған 50-55 жастағы әйелдің мүрдесі. Антрополог Айнагүл Исмағұлова бұл адамдарда аздаған моңғолоид қоспасы бар, еуропалық нәсіл екенін айтады.
Экспедиция жетекшісі, археолог Арман Бейсенов «қорымнан табылған сақ жауынгері алтын киіммен жерленгендіктен бұл да кезекті «алтын адам» ретінде танылуы тиіс. Екіншіден, бұл пенде әрі билеуші әрі жауынгер болған сыңайлы» деген жорамал айтады.
Өйткені адамның кеудесі толықтай алтынмен апталған. Сонымен қатар аталған қорған ішінен 130 дана дара алтын бұйым, сонымен қатар алтыннан жасалған көптеген інжу-маржандар мен қабыршақтар, қоладан жасалған 14 жебе, тас моншақтар табылса, алтын бұйымдар арасында мысықтектес жыртқыштың шебер мүсіндері, садақ оқтарын салып, белде тағып жүруге арналған оқшантай қорамсақ, сырғалар, алқалар, т.б. бұйымдар анықталған.
Талды ханзадасының ғылыми жаңғыртпасын жасаған археолог Арман Бейсенов пен реставратор Қырым Алтынбеков, Тасмола мәдениетінің ескерткіштерінен алынған киім элементтерін қолдана отырып, Тыба жерінде ашылған Аржан-2 қорымынан алынған деректерді пайдаланыпты. Нәтижесінде, алтын жапсырмалы қысқа күртеше киген, конус тәрізді аласа бас киімі бар, шалбарлы, мүсіннің тұла бойы аң стилінде жасалған алтын бұйымдармен әшекейленген, жауынгерлік биік мәртебесін әйгілейтін, мойыналқалы, белдігіне қос қанжар асынып, арғымақ жетелеген «Талды ханзадасын» мүсіндеп шығыпты.