Сүйіспеншілік – күллі жаратылыс атаулының себепкері. Соның ішінде сүйіспеншілікке құрылған отбасы бақытты болмақ. Отбасы немесе шаңырақ болашақта жұмақтың көркем сарайларының бірі немесе азабы ауыр тозақтың терең шұңқырларының бірі болуы әбден мүмкін. Отбасын жұмақ сарайына айналдыратын амал – сүйіспеншілік. Ал тозақтың шұңқырына түсіртетін іс – отбасы мүшелері бірін-бірі жеккөрушілік.
Сүйіспеншіліктің отына жылынып өскен ұрпақ өмірде мейірімді, қайырымды, сыпайы, шынайы болады. Сол себепті сүйіспеншілік дегеніміз – тек отбасының ғана емес, әулеттің, тұқым-жұрағаттың мұраты. Ондай әулет мың жыл өтсе де құрымайды, өсіп-өркендейді, тәлімді-тәртіпті бала-шаға өсіреді. Ол балалар мемлекеттің тірегіне айналады.
Сонымен әулетім өссін, тұқымым құрымасын, шаңырағым шірімесін десеңіз, жанұяңызда сүйіспеншілік орнатыңыз. Отбасындағы сүйіспеншілік шартсыз болуы керек. «Осылай істесің сені сүйемін, өйтпесең сүймеймін» деген жерде баянды сүйіспеншілік болмайды. Әйтеуір бір жерден жарылады. Өйткені адамның болмыс-бітімі мен жаратылысында тағдырдың үлесі бар. Ал тағдырдың иесі – Алла. Ақылды адам өз жарының тағдыр болмысын бағалай отырып, кейбір келеңсіз істеріне көне отырып, сабырмен сүйіспеншілік танытуы керек.
Ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншіліктің белгісін, араларында қызғаныш бар ма, жоқ па, содан байқауға болады. Бірақ барлық қызғаныштан сүйіспеншілік іздеуге болмайды. Қызғаныш шектен шықса, жиіркенішке ұласады. Кейде сүйіспеншіліктің өзі қызғанышқа ұласып кететін жағдайлар бар. Ондай жағдай сүйіспеншіліктің отын өшіреді. Сондықтан осындайдан сақ болу керек. Қызғаныштың ең жаманы – сүйген нәрсесін жақсылық жолынан қызғану. Ондай жағдайда сол қызғанған нәрсесі пенденің өз басына пәле болып жабысады. Одан құтыла алмай әлекке түседі.
Сүйіспеншіліктің құны – шынайы ықылас. Ықылассыз жасалған әрбір амал қабыл емес. Пайғамбарымыздан жеткен «Амалдың қабыл болуы ықыласқа байланысты» деген өсиетке ғұламалар бірауыздан «өсиеттердің атасы» деп баға берген. Демек шын ықылас – сүйіспеншіліктің анасы. Ықылас-ынтық болмаса, сүйіспеншілік толық емес. Ол жылт етпе, әңгүдік сүйіспеншілікке ұласады. Жарыңа «сені сүйемін» деп қойып, ықылас-ынта танытпасаңыз, ол адам – сүйіспеншіліктің құнын білмейтін, оны төлеуден бас тартқан адам болғаны.
Құнсыз сүйіспеншілік көлденең табысқа жатады. Егер де сүйіспеншілік көрсоқырлыққа жетелейтін болса, бұл – жай құмарлық. Мұндай жұптардың сүйіспеншілігі бір-бірін танығанға дейін немесе кездескенге дейін ғана жалғасады. Өйткені бұндай сүйіспеншілікте тамыр болмайды.
Қарым-қатынасы отбасылық сүйіспеншілікке құрылмаған жанұя – тек отағасының айғайымен амалсыз өмір сүріп жүреді де, отағасының беделі әлсіреген немесе ол дүниеден өткен жағдайда быт-шыт болып тарап кетеді. Осындай диктаторлық отбасында өскен балалар езіліп-жаншылып қалады. Мүләйім қой аузынан шөп алмайтын болып өседі. Мұса келмей тұрғанда перғауынның қол астындағы Исрайл ұрпақтарының жағдайы осындай еді. Осы бір тұла бойына құлдық үрей сіңген адамдарды Мұса (ғ.с) 40 жыл бойы (кейбір деректерде 60 жыл) қу мекиен далада ертіп жүріп, құлдықтың қара таңбасы сүйегіне сіңген ұрпақ алмасқанша (өліп таусылғанша) тәрбиеледі.
Дінтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы «Кемел адам» атты еңбегінде: «Отбасылық тәрбиенің мәйегі – сүйіспеншілікте. Әсіресе, балалар үшін оның орны зор. Жас бала тек қана сүйіспеншілікпен өсіп, жетіледі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірім мен сүйіспеншіліктен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын мүлтіксіз орындауға тырысады. Бала өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида», депті.
Жалпы алғанда, дінтанушы бауырымыз айтқандай, отбасы мүшелеріне еркіндік сүйіспеншілік арқылы беріледі. Өйткені сүйспеншілік арқылы берілетін бұл нығмет отбасылық бірлік-берекені арттыра түседі. Осылай қоғамда еркін тұлғалар пайда болады. Ерікті тұлғалар ерікті қоғамды түзейді. Қоғамда бір-бірін сүйіп, сүйіспеншілікпен отау құратындар көбейеді. Сөйтіп, елдің, мемлекеттің іргетасы бекиді. Біздің айтып жүрген зайырлы қоғам дегеніміз – осы.