Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Осы орайда, «KazakhExport» компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс», деп атап көрсетті.
Отандық өнімді өткізу нарықтарының географиясын кеңейту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – ел экономикасының бүгінгі таңдағы басым бағыттарының бірі. Кейінгі жылдары еліміз шекара маңы саудасын дамытуға, сауда кедергілерін жоюға, «Ұлттық экспорттық стратегия» бағдарламасын іске асыру шеңберінде тауарлар мен қызметтерді өткізу еркіндігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөліп келеді. Осы орайда еліміздегі бірден-бір мамандандырылған сақтандыру ұйымы – экспорттық-кредиттік агенттік функцияларын жүзеге асыратын даму институты «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамына артылар жауапкершілік зор. «KazakhExport» ЭСК» АҚ – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың еншілес компаниясы. Компания экспорттық циклдің барлық кезеңдерінде экспортты қолдаудың сақтандыру қаржылық шараларын ұсыну есебінен сыртқы нарықтарда шикізаттық емес сегменттің отандық экспорттаушыларына қолдау көрсету шараларын жүзеге асырады.
«KazakhExport» негізгі қызметі аясында өңдеуші сектордың экспорттаушы кәсіпорындарына және екінші деңгейлі банктерге сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыру қорғанысын ұсынады және экспорттық циклдің барлық кезеңінде қауіпсіздікке кепілдік береді. «KazakhExport»-тың негізгі стратегиялық мақсаты – экономиканың басым секторларында шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер экспортының өсуін қолдау, қазақстандық кәсіпорындарды қаржылық сақтандыру және қаржылық емес қолдау тәжірибесін қалыптастыру, ұлттық экспорттық стратегия міндеттерін ескере отырып, қолдау көрсетілген экспорттық келісімшарттар көлемін ұлғайту және қаржылық қолдау алған экспорттаушылар санын нысаналы мәндерге дейін арттыру», деді компанияның басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин.
Экономиканың түрлі саласында: тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер экспорты, металлургия және басқа да шикізаттық емес салаларда қызмет ететін компания тұтынушыларының экспорттық географиясы да өте кең. Олардың қатарында Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Сингапур, Беларусь, Грузия, Польша, Моңғолия, сынды елдер бар.
Еліміз үшін көршілес, бауырлас Қырғызстан, Өзбекстан экспорттық мүдделілігі жоғары елдер санатында және олар Ресей мен Қытайдан жүк тасымалының көліктік қолжетімділігі, экспорт пен импорт көлемінің өсу болжамы бойынша кем түсіп жатса да, өнім өткізудің болашағы зор нарықтары болып саналады. Қазақстан аталған елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты жоспарлы түрде тереңдетіп, кеңейте отырып, бірінші кезекте ірі инфрақұрылымдық жобаларға, өзара тауар айналымының көлемін ұлғайтуға жол ашатын халықаралық өндірістік кооперацияны дамытуға басымдық береді.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы соны серпінмен сипатталады, дегенмен инвестициялық ынтымақтастық, өзара сауда құрылымын әртараптандыру және оның көлемін арттыру сияқты салаларда оны жандандыру үшін елеулі резервтер де бар. Қырғызстандағы қазақстандық экспорттың негізгі көлемі төрт тауарлық топпен қалыптасқан: азық-түлік (30%), минералдық өнімдер (28%), химия өнеркәсібі өнімдері (13%) және машина жасау өнімдері (12%).
«KazakhExport» компаниясы 2019 жылы желтоқсанда Бішкек қаласында шетелдік өкілдің кеңсесін ашты. Қырғызстанға экспорттайтын отандық кәсіпорындарды сақтандыру қолдауы бұрын да болған. 2017 жылдан бастап «KazakhExport» тарапынан қолдау көрсетілген кәсіпорындар қатарында трансформаторлар, ПВХ терезе профильдері, май өнімдері, дәрі-дәрмектер, кілемдер, кондитерлік өнімдер, макарондар мен ұн, сабын және жуғыш, тазалағыш және жылтыратқыш заттар экспорттайтын өндірушілер бар. Төрт жыл ішінде Қырғызстанға экспортпен қолдау тапқан жобалар бойынша қабылданған «KazakhExport» міндеттемелерінің жалпы көлемі 40 млн долларды құрады.
Өзбекстан да еліміз үшін өңірдегі стратегиялық маңызды сауда серіктесі. «KazakhExport» компаниясының Ташкент қаласындағы шетелдік өкілінің кеңсесі өз жұмысын 2019 жылдың наурыз айында бастады. Содан бері компания Өзбекстанға 80 млн доллар мөлшерінде өнім экспорттаған отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетті. Оның ішінде сақтандыру қолдауының ең айтарлықтай көлемі өткен жылға тиесілі – 64 млн доллар, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен салыстырғанда алты есе көп.
Өндіруші-экспорттаушылар KazakhExport қолдауымен трансформаторларды, кондитерлік өнімдерді, крахмал сірнесін, жылу оқшаулағыш плиталар мен төбе плинтустарын, ірі қара малдың етін, кокс, минералды мақта, арматуралық прокат, цемент, полимерлік және кабель өнімдерін, күнбағыс майын, жартылай сульфидті герметик, полиэтилен құбырлар, жиһаз, ұн және макарон өнімдерін, құбырлар, сүт өнімдерін, автомобильдер, газ және электр қазандықтарын шетелге сатты, логистика және құрылыс қызметтерін жүзеге асырды.
«KazakhExport» отандық машина жасау саласын дамытуды да белсенді қолдап келеді. 2020 жылдың басынан бастап компания Өзбекстанға отандық «СарыарқаАвтоПром» ЖШС автомобиль жасау кәсіпорнының алаңында «Узавтосаноат» АҚ-мен бірлесіп шығарылған 1 064 JAC маркалы автокөлікті жеткізу қызметін 16,5 млн доллар сомасына аккредитивті қаржыландырды. Ресей Федерациясына 3,4 млн доллар сомасына Қазақстан-Өзбекстан өндірісінің Ravon Nexia R3 маркалы 400 автомобилін жеткізу жөніндегі мәміле іске асырылды. Автомобильдер Қостанай автомобиль зауытында құрастырылды.
Мұндай нәтижелер «KazakhExport»-тың аталған елдердің түрлі даму институтымен және қаржы ұйымдарымен тығыз ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Компания импорттаушыларға кредиттік тәуекел бойынша өзінің сақтандыру қорғауын ұсына отырып, отандық тауарларды сатып алу үшін жергілікті банктерді экспорттық сауданы қаржыландыруға тарта алады. Ол үшін «KazakhExport» бірқатар шетелдік банкпен сенімді серіктестік орната білді.
Өткізу нарығының шектеулі болуына байланысты отандық өндірушілер үшін орташа экспорттық мүдделі ел болып саналатын Тәжікстанға да бірқатар өніміміз экспортталып жатыр. Экспорт құрылымында астық, отын, металл өнімдері басым. Өңдеуші сектор негізінен ұн тарту-жарма өнеркәсібінің өнімдерін, майлар мен жануарлардан немесе өсімдіктен алынған майларды, электр машиналары мен жабдықтарды ұсынады. «KazakhExport» компаниясының шетелдік өкілінің кеңсесі Душанбе қаласында да ашылған. Оның мақсаты – бизнесқоғамдастықпен байланыс орнату, кәсіпкерлер мен қаржы құрылымдарын «KazakhExport» құралдары туралы ақпараттандыру, экспорттаушыларға екі елдің тауар айналымын ұлғайту үшін түрлі кедергіні еңсеруге көмектесу. Тәжікстанмен арадағы ең ірі кейстердің бірі «Сомон Эйр» ЖШС авиакомпаниясы үшін «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС-ның Н125 Airbus Helicopters маркалы тікұшағының экспортын қаржыландыруды ұйымдастыру болды. Сондай-ақ «Talco Management limited» ірі тәжікстандық импорттаушы компания үшін химия және құрылыс салаларындағы өнімдерді жеткізу жөніндегі барлық ірі жоба «KazakhExport» сақтандыру өтемімен іске асырылды.
Жалпы алғанда, 2017 жылдан бастап экспорттық келісімшарттар бойынша қабылданған «KazakhExport» сақтандыру міндеттемелерінің көлемі 19,2 млн долларды құрады. Өзіміздің май өнімдері, кондитерлік тағамдар, лак-бояу материалдары, автомобильдер, арматуралық прокат, мұнай коксы, минералды тыңайтқыштар, отқа төзімді өнімдер жеткізілімі сақтандырылды. Компания түрлі мемлекеттік құрылыммен және қаржы институтымен ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
2022 жылғы аудиттелген деректерге сәйкес, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ 2 млрд 272 млн теңге көлемінде таза пайда тапты, бұл 2021 жылғы нәтижеден 13%-ға жоғары. Табыстың өсуі операциялық қызметтің тиімділігін арттыру, сондай-ақ елдің экспортқа бағдарланған кәсіпорындарын қаржылық сақтандыру арқылы шикізаттық емес экспортты дамытуды ынталандыру бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болды. Сөйтіп, компанияның активтері бір жыл ішінде 139,4 млрд теңгеден 149,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде меншікті капиталы 113 млрд теңгені, міндеттемелері 36,8 млрд теңгені құрады.
Өңдеуші сектордың отандық экспорттаушыларға қолдау көрсету көлемі өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға өсті және компания үшін 259,1 млрд теңге (2021 жылы 204,7 млрд теңге) көлемінде рекордтық мәнге жетті. Ұсынылған экспорт алдындағы экспорттық сауда-қаржыландыру көлемі – 20 млрд теңге, бұл жоспарлы мәннен 43%-ға жоғары.
2022 жылы 80 экспорттаушыға, оның ішінде 500-ден астам шетелдік импорттаушымен сауда қатынастарын жолға қойған 21 жаңа экспорттаушыға қолдау көрсетілді. Жалпы, 2016 жылдан бастап 800 млрд теңгеден астам сомаға 200-ден аса экспорттаушыға қолдау көрсетілген екен.
Өткен жылы компания экспорттық кредиттік агенттіктерді, коммерциялық сақтандырушыларды және халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды дамытуды және нығайтуды сәтімен жалғастырды. Атап айтқанда, Өзбекстанның, Тәжікстанның жүйе құраушы қаржы институттарымен аккредитив шеңберінде қаржыландыруды тарта отырып, Қазақстаннан тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің импортына сұранысты ынталандыру туралы, Иранмен кепілдіктер және экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру саласында, Қырғызстанмен қайта сақтандыру шеңберінде келісімдерге қол қойылды.
Әлемдегі ең ірі қайта сақтандыру компанияларының бірі – Swiss Reinsurance Company және Сауд Арабиясының экспорттық-кредиттік агенттігі ICIEC-пен облигациялық қайта сақтандыру шарттары ұзартылды.
«KazakhExport»-тың ICIEC-ке берген тәуекелдерінің көлемі 7,8 млрд теңгені құрайды. ICIEC-пен ынтымақтастықты нығайту бізге қаржылық тұрақтылықты арттыруға және компанияның шетелдегі мүмкіндіктерін кеңейтуге, портфельге жүктемені азайтуға және отандық экспорттаушыларға қолдау көрсету бойынша қамтуды арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қазақстандық экспорттаушылар мен банктерге сақтандыру арқылы қорғаудың жоғары сенімділігін қамтамасыз етеді», деді А. Қалиғазин.
2023 жылы «KazakhExport» өңдеуші сектордың қазақстандық экспорттаушыларын қолдау, заңнамалық жетілдіру жөніндегі салалық шараларды іске асыру және «Kazakhexport»-ты шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай оператор ретінде ұсыну бойынша негізгі қызметтерді жалғастырды.
Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрлігінің алдына ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, нарықты отандық өнімдермен толықтыру үшін жағдай жасау және осы секторды орнықты дамыту жөніндегі жұмыстарды сапалы жеделдету міндетін қойып отыр. Осыған орай «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы Парламент қарауына енгізілді.
«Құжаттың мақсаты – елімізде «KazakhExport» компаниясының базасында толыққанды экспорттық-кредиттік агенттік құру. Қазіргі таңда ЭКА функцияларын іс жүзінде орындай отырып, заңды түрде «KazakhExport» – экспорттық сақтандыру компаниясы Ұлттық банктің сақтандыру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы негізінде әрекет етеді, бұл компанияның қолдау құралдарын сақтандырумен, экспортты қайта сақтандырумен шектейді. Ал аталған өзгеріс отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша экспорттық операциялардан бастап, өткізу нарықтары, елдердің тауарлар мен қызметтерге қажеттіліктері мәселелері бойынша сервистік қолдауға дейінгі функционалдылықты кеңейтуге мүмкіндік береді», деді компанияның ақпарат және коммуникация департаментінің директоры Айгүл Қасенова.
Соның нәтижесінде компания Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы және Ресейдегі көтерме-тарату орталықтарының желісінен тұратын еуразиялық тауар өткізу желісінің негізіне айналуға тиіс. Атап айтқанда, отандық өнімдерді өткізу нарығын кеңейту және ЕАЭО және үшінші елдермен кооперациялық жобаларға қатысу тұрғысынан еліміз сауда-логистикалық әлеуетін нығайту бойынша шаралар қабылдау қажет. Осыған байланысты «KazakhExport» компаниясы сақтандыруды қолдау құралдарын жетілдіру, компанияның шетелдік өкілдері қатысатын елдердегі импорттаушылармен байланысты нығайту, шикізаттық емес экспорт өнімдерін шетелге ілгерілету жөніндегі жұмысты жүйелі жалғастырады.